Басты бет » Жаңалықтар » Өзекті мәселелер шешімі талқыланды

Өзекті мәселелер шешімі талқыланды

Президент әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес облыста үш деңгейлі — облыс, қала және аудан орталықтарының, сонымен қатар ауылдық округтердің «Өзекті мәселелер картасы» құрылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа картадағы ағымдық жағдай мәселелерінің шешімі туралы есеп таныстырылды.

Құжатта шешуді қажет ететін барлығы 72 өзекті мәселе бар, олардың 43%-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, 22% — автокөлік жолы, 13% білім, 22%-ы мәдениет, спорт, денсаулық сақтау және тұрғын үй құрылысына қатысты.

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева атап өткендей, Карта құзырлы органдарға өңірдің өзекті мәселелерінің ағымдағы жағдайын жедел әрі көрнекі бақылауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде нақты ресурстар мен орындау мерзімін анықтай отыра оларды нақты шешуді қамтамасыз етеді.

Мәселен, қалалар мен аудан орталықтарының картасын толтырудың бас кезінде 14 мәселе болған. Олардың барлығы да бюджет қаражатын бөлуді қажет етті. Бүгінде соның жетеуі оң шешімін тапты. Атап айтқанда, аталмыш жобалар бойынша 2,4 миллиард теңге бюджет қаражаты бөлінді, 2019 жылға өтетін жобаларға 894,3 миллион теңге, 2020 жылғы жобаларға 490,6 миллион теңге қарастырылған.

Баяндаманы тыңдап шыққан облыс әкімі облыстық басқармалар мен аудандық әкімдіктерге Картада көрсетілген мәселелерді шешуде үнемі бірлесіп әрекет етуді тапсырды.

Сондай-ақ, жиын кезінде мемлекеттік органдардың орындаушылық тәртіптері мен облыстық тексеру комиссияның аудиториялық қызметінің негізгі қорытындылары қаралды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*