Басты бет » Басты жаңалықтар » Басты бағдар — экспорттаушыларды қолдау

Басты бағдар — экспорттаушыларды қолдау

Жолдау

«…Үкімет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет. Біздің сауда саясатымызда селқостық болмауға тиіс. Оған біздің тауарларымызды өңірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат дарыту керек…»

Елбасы Жолдауы жолдарынан.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында елімізді одан әрі дамыту жөнінде қазақстандықтардың алдына зор міндет жүктеді. Осы міндеттер мен тапсырмаларды іске асыру арқылы Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің қатарынан лайықты орын алуы тиіс.

Жақында облысымызға ресми сапармен келген Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында аталған министрліктің алдына үлкен үш тапсырма жүктегенін айтқан болатын.  Оның бірі — тұрғын үй мәселесі, келесі —  инфрақұрылым және индустриализация. Министрдің айтуынша, бұл басымдықтар экономиканың өсуін және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Осыдан бір жарым жыл бұрын елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама тұрғын үй салуға арналған. Ондағы негізгі тапсырма — қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Ресми деректерге жүгінсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 11 миллион шаршы метрден асты. Ал биыл Қазақстан бойынша шамамен 12 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл орайда, Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Ақтөбе облысы тұрғын үй құрылысы бойынша көш басындағы бестікте тұр.  Әрине, тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған шаралар көптеген азаматтарға өмір сүру жағдайларын едәуір жақсартуға және ел экономикасын дамытуға серпін беретіні сөзсіз.

Жобаға қолдау көрсетіледі

Елбасы кезекті Жолдауында экспортқа бағдарланған индустрияландыру экономикалық саясаттың басты элементі болуға тиіс екендігін айтты. Жаңа индустрияландыру бағдарламасы өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғаны белгілі. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл орайда өңдеу өнеркәсібінің жалпы өндірісіндегі облыстың үлесі 11,6 пайызды, ал жалпы экспорт көлемі 15 пайызды құрайды.

Негізгі стратегиялық міндеттердің бірі — елдегі шикізатты барынша өңдеу, сондай-ақ жоғары деңгейге көшу. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл талаптарға «Қазхром» алаңындағы №4 цех жобасы толығымен сәйкес келеді. «Бүгінде біз бұл жобаның толық қуатына жетуін күтеміз. Себебі бұл жоба аймақ және ел экономикасына айтарлықтай әсер етеді. Өйткені «Қазхром» компаниясы қара металлургияның 40 пайыздан астам үлесін алады», — деді Ж.Қасымбек.

Қазір облыста экспортқа өнім шығаратын әлеуетті кәсіпорындар бар. Негізінен экспортқа тау-кен және металлургиялық, азық-түлік, жеңіл, химия, құрылыс және машина жасау салаларындағы өнімдер шығарылады. Мәселен, «Қазхром» компаниясы өткен жылы 2 миллиард АҚШ доллары көлемінде өз өнімдерін алыс-жақын шет елдерге экспорттаса, «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС 9 миллион АҚШ доллары көлемінде өз өнімдерін Өзбекстан, Түркіменстан және Әзірбайжан секілді жақын елдерге экспорттаған. Министрдің айтуынша, бұл өнім бұрын Орталық Азияда өндірілмеген. Сол сияқты, «Актюбрентген» кәсіпорны 267 мың АҚШ доллары, «Экотон Батыс» ЖШС Ресейге 163 мың АҚШ доллары көлемінде өз өнімдерін экспорттапты. Сонымен қатар, «Бәйтерек» желісі бойынша облыста 184 миллиард теңгені құрайтын екі экспорттық жобаға қолдау көрсетілген. Оның бірі — «Қазхром» (жалпы сомасы 118 млрд теңге), екіншісі — «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» кәсіпорны (жалпы сомасы 66,8 млрд теңге).

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Ақтөбе Қазақстанның неғұрлым дамыған индустриалық облыстарының бірі саналады. Өнімді экспорттау жағынан Ақтөбе ел аймақтары арасында екінші орында тұр. «Дүние жүзіндегі жағдай өзгереді. Сондықтан, біз экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға  қолдау көрсету тәртібіне көшеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға 500 миллиард теңге бөлінуде. Оның ішінде 100 миллиард теңге «Даму» қоры арқылы шағын және орта бизнесті қолдауға кетеді. Ал қалғаны Қазақстанның даму банкі арқылы жүзеге асырылады», — деген болатын министр.

Жолдарға жөндеу жүргізілді

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл орайда елімізде соңғы үш жылдан бері транзиттік әлеуетті дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту үшін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бүгінде «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы аяқталды. Әрине, аталған транзиттік дәліздің көп бөлігі облыс аумағы арқылы өтеді. Бұл өз кезегінде жол қозғалысы мен транзит жылдамдығын едәуір арттыруға, жол бойындағы сервистік қызметті жақсартуға мүмкіндік берді. Соған қарамастан, бүгінгі күні облыста автомобиль жолдарының жағдайы өзекті мәселе саналады. Көлік жолдары жолаушылар мен жүк тасуда жалғыз байланыс құралы саналатын ауылдар да жоқ емес.

Биыл облыс бойынша жол құрылысы үшін бөлінген жалпы қаржыландыру көлемі — 27,4 миллиард теңге. Оның ішінде жергілікті маңыздағы жолдарды дамыту мақсатында 10,9 миллиард теңге қарастырылған.  Бүгінгі күні бөлінген қаражатқа Қандыағаш — Мақат бағытындағы автожолға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, сол сияқты Ақтөбе — Орск жолындағы «Әлімбет» өткізу бекетін орнату жобасы қолға алынған. Министрдің айтуынша, келер жылы Ақтөбе — Орск автомобиль жолының құрылысын қаржыландыру жоспарланған.

Бұл орайда жергілікті маңыздағы жолдарды қайта қалпына келтіру үшін де облыста ауқымды шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласындағы оңтүстік айналма жол желісімен қатар, Ақтөбе — Орск тасжолының белгілі бір бөлігін қайта жаңғырту, сол сияқты Ақтөбе қаласынан шыға берістегі айналма жолды қайта қалпына келтіру, сонымен қатар, Қарабұтақ-Комсомол-Северное-Үшқатты стансасы, Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Тұзтөбе, Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск бағытындағы жолдарға күрделі жөндеу жүргізілсе, осындай деңгейдегі кейбір жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Су желілері жаңартылып жатыр

Жыл сайын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ауылдарды дамытуға 100 миллиард теңге бөлінеді. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл өз кезегінде елді мекендердің 80 пайызын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге және халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бұл орайда Ақтөбе облысы әкімдігі соңғы жылдарда аймақтық даму және «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында ауылдарда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік деңгейін 28 пайыздан 50,5 пайызға дейін арттырыпты. Биылдың өзінде аймақтағы сумен жабдықтау жүйелерін дамытуға 6 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бұл орайда «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша екі жоба жалпы сомасы 521,8 миллион теңгеге, аймақтық даму бағдарламасы бойынша 25 жоба жалпы сомасы 5,5 млрд.теңгеге қаржыландырылды. Бұл өз кезегінде облыстағы 199 елді мекенді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Яғни, жыл соңына дейін ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған су желісіне қолжетімділігі көрсеткіші 54,4 пайызды құрайды деп күтілуде.

Президент жаңа Жолдауында алдағы жұмыстардың басты бағыттарын белгілеп берді. Бұл солардың бірі ғана. Дегенмен, осындай жұмыстар нәтижелі жүзеге асса, әрбір қазақстандықтың әлеуетінің артуына ықпал етері сөзсіз.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*