Басты бет » Жаңалықтар » Жүк айналымы 6 пайызға артты

Жүк айналымы 6 пайызға артты

Брифинг

Жыл басталғалы теміржолдағы жүк тасымалының қарқыны айтарлықтай. Оның негізгі үлесін, яғни 84 пайызын республика аумағында тасымалданған жүктер құрап отыр.

Осы жылдың 11 айындағы әлеуметтік маңызы бар жүктерді тасымалдау қорытындылары бойынша брифинг өткізген «Қазақстан темір жолы — Жүк тасымалы» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалының директоры Бөріхан Беркімбаевтың айтуынша, бұл — жақсы көрсеткіш.

— Жүк айналымының биылғы кезеңдегі көрсеткішін, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ, 6 пайызға өсімді байқауға болады. Оның негізгі үлесі —

84 пайыздан астамы республикалық қатынас.

Жыл басталғалы қараша айына дейін мемлекеттік кәсіпорынның Ақтөбедегі бөлімшесі арқылы 9,7 миллион тонна құрылыс материалдары тасымалданды. Бұл негізінен 2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының көлік жүйесі инфрақұрылымын дамыту және ықпалдастыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асты, — деді ол.

Сондай-ақ, соңғы 11 айда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін мердігерлердің мекенжайларына жүк тиеу 1,3 миллион тоннадан асқан.

— Аталған уақыт ішінде Ақтөбедегі филиалда 52 шақырымнан астам жолға  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл маршруттық жүру жылдамдығы тәулігіне 1 264 шақырымды құрайтын 1829 контейнерлік пойызды өткізуге мүмкіндік береді.

Жалпы, қызметтің тиімділігі мен табыстылығын арттыру, сондай-ақ тұтынушылық жеңілдіктерді қанағаттандыру үшін болашақта транзиттік контейнерлік маршруттар көлемін ұлғайту жоспарланып отыр, — деп атап өтті Бөріхан Беркімбаев.

Жиында жыл басынан бері 107,7 мың тонна астық жөнелтілгені, оның 69 мың тоннасы экспортталғаны айтылды. Жөнелтілген ұнның салмағы 35 мың тоннадан асады. Ал Ақтөбе филиалының станцияларына 270 мың тоннадан астам көмір түсіріліпті. Оның ішінде өнеркәсіптік мақсатта — 196 мың тонна.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*