Басты бет » Жаңалықтар » Қайырымдылық қадамдары

Қайырымдылық қадамдары

Слет

Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 5 желтоқсан — Халықаралық еріктілер күні деп белгіленген.  Осыған орай А. Досжанова атындағы конференц-холда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Мен еріктімін!» облыстық волонтерлар слеті өтті.  

Соңғы жылдары облыста еріктілік ісі белсенді түрде дамып келеді. Әсіресе, жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында оқитын жастардан құралған еріктілер ерекше көзге түсіп жүр. Олар түрлі жағдайда мұқтаждыққа душар болған адамдарға көмек қолын созады. Ал бұл шарада облыстағы белсенді еріктілер ұйымы өздері туралы ақпаратпен бөлісті. Оның ішінде  «Ақтөбе қайырымды жандар», «Нұр-Шапағат», «Д.А.Р», «Жүректен жүрекке», «Мейірім» секілді еркітілер тобы бар. Мәселен, Қызыл Ай қоғамының еріктілері келушілерге алғашқы медициналық көмекті қалай көрсету керектігін үйретсе,  медициналық университеттің еріктілері жастарға түрлі жұқпалы аурулардан сақтану, салауатты өмір салтын ұстану бағытында кеңес берді. Облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова жастардың бастамасы құптарлық екенін айтты.

Жастар өз еріктерімен түрлі қайырымдылық істеріне қатысса, мүгедек жандарға, қарттарға көмектессе, қуантарлық жағдай. Мен осы жердегі ерікті жастардың жұмысын көріп, таңғалып отырмын. Олар ешкімнің айтуынсыз түрлі пайдалы іспен айналысып жүр. Қатарларында үлкен кісілер де бар. Ерікті болу үшін, әрине, жас айырмашылығы маңызды емес. Сондықтан, менің ойымша, мемлекеттік органдар тарапынан осы істі кеңейтеуге мүмкіндіктер қарастырылуы керек. Бұл шаруаны жастар ісі жөніндегі басқарманың қолға алып жатқаны қуантады, — деген мәслихат хатшысы жас кезінде «Тимур және оның командасы» атты еріктілер қозғалысының мүшесі болғанын, қайырымдылық істеріне белсене араласқанын айтты.

Облыстық жастар ісі жөніндегі басқарманың басшысы Нұрлан Күнтуов көпшілік еріктілерді азық-түлік таратушы ретінде түсінбеуі керектігін ескертті.

Жастардың барлығы өз еркімен волонтер болып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүр. Облыстағы еріктілер ісі бірнеше бағытқа бөлінген. Олар —қайырымдылық, медициналық, жол ережелерін сақтау және  әлеуметтік оқу бойынша еріктілер тобы. Мәселен, әлеуметтік бағыт бойынша еріктілер ата-анасыз қалған, әлеуметтік жағдайы нашар отбасының балаларына тегін ағылшын тілін үйретеді. Айта берсек, қоғам ісінде еріктілердің көмегі өте көп, — деді Нұрлан Күнтуов.

Қазіргі күні облыста  еріктілерден құралған 22 топ бар. Оның сегізі Ақтөбе қаласында болса, қалғаны аудандарда жұмыс жасайды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*