Басты бет » Анаға тағзым » Мәртөкте «Анаға тағзым» слеті өтті

Мәртөкте «Анаға тағзым» слеті өтті

Жуырда Мәртөк ауданында «Анаға тағзым» аудандық аналар слеті өтті.

Слетке ардагер ұстаз, ауданда алғаш домбыра сыныбын ашқан Дина Құрманғалиева,

суретші-график Мәрзия Жақсығарина, мыңнан астам сәбидің өмірге келуіне себепші болған акушер-гинеколог Ирина Грищенко, көпбалалы ана Табиға Закенова, т.б. шақырылды. Сондай-ақ ауқымды шараға Қобда, Ойыл аудандарынан әжелер ансамбльдері арнайы делегат ретінде қатысып, слетке өз үлестерін қосты.

Шараны аудан әкімі Жандос Байырханов ашып, жан-жақтан жиналған аналарға ризашылығын білдіріп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Шарада өз өмірін бала тәрбиелеуге арнаған ардагер ұстаз Дина Құрманғалиева, белгілі акушер-гинеколог Ирина Грищенко қоғамдағы, отбасындағы аналардың рөлі, орны туралы айтып, жастарды абыройлы еңбек еткен, көпбалалы аналардан үлгі-өнеге алуға шақырды.

Бұдан кейін аналар слеті қарсаңында аудан көлемінде ұйымдастырылған «Ару ана» аудандық байқауының жеңімпаздары марапатталып, оларға арнайы Алғыс хаттар мен гүл шоқтары табысталды.

Сондай-ақ шарада аудан әкімі форумға арнайы шақырылған қонақтарға ризашылығын білдіріп, арнайы Алғыс хаттар табыс етті.  

Слетте айтыскер ақын Марат Ахметов шараға келген аналарға сүбелі сөздерін ақтарып, жыр арнады.

Аталмыш шара соңы аудандық мәдениет қызметкерлерінің дайындаған концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Алиянұр КЕЛБАТЫРОВА,

Мәртөк ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*