Басты бет » Ауыл » Нұраға ауызсу келді

Нұраға ауызсу келді

ҚР Тұңғыш Президенті күні Ырғыз ауданындағы Нұра, Мамыр, Белшер ауылдарының тұрғындары үшін қуанышты күн болды.

Елбасы қазақстандықтарға арнаған Жолдауында халықтың тұрмысын жақсарту, ауылдағы күрделі мәселелерді шешу жөнінде тапсырма берген болатын. Соның бірі Ырғыз ауданында шешімін тапты. Нұра 1963 жылы кеңшар болып құрылған-ды. Одан бері 55 жыл өтіпті. Осы уақыт ішінде тұрғындар ауызсуға жарымай, талай қиындықты бастап кешірді. Міне, тәуелсіздіктің арқасында ауылдағы бұл мәселе шешілді.  Ауызсудың берілуіне Ырғыз ауданының әкімі Мәди Елеусізов пен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл қатысып, тұрғындарға жылы лебіздерін білдірді.

Нұра ауылдық округіндегі 4 елді мекенде 27 шаруа қожалығы, 16 кәсіпкер, 4 мектеп, 1 отбасылық амбулатория, 3 клуб, 3 фельдшерлік пункт жұмыс жасайды. Тағы бір қуанарлық жайт, алдағы уақытта «Билайн» ұялы байланыс қондырғысы 4 елді мекенді қамтитын болады.

— Халықтың қуанышында шек жоқ, ризашылығымызды айтып жеткізу мүмкін емес. Осы кезеңге дейін жағалай жатқан көлдерден қыста мұзын ойып, су ішкен ағайынға бұл үлкен жаңалық. Күрмеуі қиын мәселе бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып отыр. «Су — тіршілік көзі» деп тегін айтылмаған. Халық денсаулығының мықты болуы ауызсудың сапасына байланысты екені анық. Сондықтан осы бастаманың басы-қасында жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз, — дейді «Айбек» шаруа қожалығының басшысы Ерқосай Балаев.

Ал еңбек ардагері Әбдінәтіп Ұзақов былай дейді:

Бұл күрделі мәселенің шешімін табуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдау көрсеткенін айқын сезінеміз. Екіншіден, жерлесіміз, осы елдің перзенті, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Асылбек Смағұловқа, аудан басшылығына, екі жылдан бері су құбырының құрылысын жүргізіп келген «СтройКомплект-2030» серіктестігіне алғысымызды білдіреміз.

Айта кету керек, биылғы жылы округтегі Дүкен елді мекені маңайынан ауызсу қорын іздеу-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта бұл ауылға да су жүйесі тартылады деген үміт бар. Бүгінгі күні үш елді мекен тұрғындарының үйіне салқын, ыстық су кіргізіліп, кәріз жүйесі мен заман талабына сай қажетті қондырғылар жүргізіліп жатыр.

 Жолаушыбай ТӨЛЕБАЙ,

Нұра ауылдық округінің әкімі.

Ырғыз ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*