Басты бет » Ауыл » «Ауыл — ел бесігі»: жаңа ғимараттар — жұртшылық игілігіне

«Ауыл — ел бесігі»: жаңа ғимараттар — жұртшылық игілігіне

ҚР Тұңғыш Президенті күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс бабымен Байғанин ауданында болып, облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдарға барды, олардың дамуымен, жаңа нысандардың құрылысымен және ауыл халқының тұрмысымен танысты, сондай-ақ жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Аудан әкімі Асқар Шериязданов облыс басшысына жергілікті жағдайды, атқарылып жатқан жұмыстарды қысқаша таныстырды.

Бердібек Сапарбаев ертемен Ақтөбеден 370 шақырым жерде орналасқан Жарқамыс ауылына келді. Ауыл биыл орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау жүйесімен қамтылған болатын. Бұл мақсатқа мемлекет 230 миллион теңгеден астам қаражат бөлді. Құрылыс 2017 жылы тамызда басталып, осы жылдың қазан айында аяқталды. Облыс әкімі сорғылау бекетін, ұңғыманы, электрмен жабдықтаудың автономды жүйесін қарап шықты.

Байғанин ауылында 24 елді мекеннің 10-ы орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтылған. Айта кету керек, бес ауылға биыл сумен жабдықтау жүйесі жүргізілді, бұл Миялы, Оймауыт, Кемерши, Ебейті және Жарқамыс ауылдары.

Ауданда сапалы ауызсумен қамтумен қатар, газ желісіне қосу жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр. Биылғы жылы Кемерши, Бұлақтыкөл, Жаңатаң, Жарлы ауылдарында газ жүйелерінің құрылысы басталды.

 

Облыс әкімі осы сапарда жаңадан ашылған «Ботақан» балабақшасына барды. Мектепке дейінгі мекеме мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс жасайды және осы жылдың қыркүйек айында алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдады. Мектепке дейінгі мекеменің барлық стандарттарына сай жабдықталған жаңа кең ғимарат ауылдағы көне шағын орталықты жабуға мүмкіндік берді. Айта кетейік, бүгінде Байғанин ауданы облыстың басқа да аудандары секілді балабақшамен 100% қамтылған.

Облыс әкімі сондай-ақ «Samruk KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Менің елім» бағдарламасы аясында салған балалар ойын алаңын қарап шықты. Мұнда балалар үшін воркаутпен айналысатын, жазда футбол, қыста хоккей ойнайтын алаң бар, балалар алаңы орнатылды. Жоба құны — 58 миллион теңге. «Samruk KazynaTrust» осындай алаңды биыл Қарауылкелді ауылына да салған.

Жарқамыстағы сапар 150 орындық жаңа Мәдениет үйінің салтанатты ашылуына қатысумен аяқталды. Ғимарат аудан бюджетіне тұрғызылған. Жобаны жүзеге асыруға барлығы 86 миллион теңге жұмсалды. Мәдениет үйінде облыс әкімі ауыл тұрғындарымен әңгімелесіп, Тұңғыш Президент мерекесімен құттықтады.

— Сіздер Елбасының ауылдарды дамытуға қаншалықты көңіл бөліп отырғанын білесіздер. Президент жуырдағы Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының басталғанын жариялады.  Соның аясында ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту тапсырмалары берілді. Мемлекет тарапынан бір ғана Жарқамыс ауылын дамытуға биылғы жылы 500 миллион теңге бөлінді. Соның арқасында ауыл сумен қамтылды, газ бен жарық бар. Енді бәрі сіздерге байланысты. Жанұяларыңыз бен туған ауылдарыңыздың игілігі үшін еңбектеніңіздер, балаларыңызды еңбекке, әдептілікке үйретіңіздер. Еңбек пен жоғары интеллектуалды, рухани бай қоғам — болашақ ұрпақтың игілігі мен ел келешегінің кепілі. Бүгін мен сіздерді Тұңғыш Президент күнімен, сонымен қатар Мәдениет үйінің ашылуымен құттықтаймын. Сіздерге мықты денсаулық,  отбастарыңызға береке, елімізде бейбітшілік пен келісім болсын деп тілеймін, — деді Бердібек Сапарбаев.

Бұрынғы Мәдениет үйі 1957 жылы салынған, ал бес жыл бұрын ғимарат апатты жағдайда деп танылды. Соның салдарынан балалардың барлық үйірме сабақтары мектепте өтті. Ауыл тұрғындары былтыр биліктен жаңа Мәдениет үйін сұраған болатын. Жаңа Мәдениет үйінде ендігі бимен, сурет салумен, қолданбалы өнермен және т.б. айналысатын бөлмелер бар. Жүзге жуық бала үйірмеге баратын болады.

Облыс басшысының Байғанин ауданындағы жұмыс сапары Қожасай мұнай-газ кен орнында жалғасты. Мұнда облыс әкімі құны 42 миллиард теңге болатын «Gas Processing Company» ЖШС-ның газ өңдеу кешенін пайдалануға беру үшін дайындық барысын тексерді. Кәсіпорын жыл сайын 350 миллион текше метр ілеспе газ өңдеп, оны құрғақ тауарлы газға, газды күкіртке, пропанбутан қоспасына айналдырады. Құрылыс кезінде 1500 адам жұмыспен қамтылды,  пайдалануға берілген соң 250 адам тұрақты жұмысқа орналасады.

Жанна ДӘУЛЕТҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*