Басты бет » Басты жаңалықтар » Төмен бағамен сауда жасайтын жаңа дүкен ашылды

Төмен бағамен сауда жасайтын жаңа дүкен ашылды

Президент күні Ақтөбе қаласындағы «Заречный-1» тұрғын үй массивінде жаңа ресейлік төмен бағалар желісі — «Светофор» дүкені салтанатты түрде ашылды.

Жаңа сауда дүкенінің ашылуы Заречный, Жилянка, Кірпішті елді мекендерінің тұрығындары үшін қуанышты жаңалық болды.

Шараның ашылуына қатысқан Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов жаңа дүкенді аралап, тауарлардың бағаларымен танысып шықты.

— Біз жергілікті тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді тауарлармен қамтамасыз етуге тырысамыз. Мұндағы тауарлар халыққа базардан әлдеқайда төмен бағамен сатылатынына уәде беріліп отыр.

Әрине, жаңа сауда нүктелерінің ашылуы, сауда желілерінің кеңеюі — кәсіпорындардың бәсекелестігіне және экономикалық тұрақтылыққа сенімді дәлел. Сауда желілерінің дамуы азық-түлік тауарларына бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету арқылы инфляцияны реттеп, төмен деңгейде ұстауға оң ықпалын тигізеді, — деді қала әкімі.

Бүгінде елімізде «Светофор» сауда маркасымен 20-ға жуық дүкен жұмыс істейді. Олар Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында ашылған.

— «Светофор» дүкені Ақтөбе қаласында осымен екінші рет ашылып отыр. Алғашқысы 11-шағын аудандағы Әз Наурыз көшесінің №1 мекенжайында орналасқан. Бүгінгі тасжолдың бойында ашылған жаңа дүкен Заречный елді мекенінің тұрғындарына өте ыңғайлы, — дейді аталған сауда дүкенінің директоры Гүлсім Акчабаева.

Жаңа дүкенде 800-ден аса азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар ассортименті сатылады.  Дүкеннің жалпы көлемі — 1000 шаршы метр. 20 миллион теңгеден астам инвестиция салынған жаңа нысан 12 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Айта кетейік, сондай-ақ мереке күні Ақтөбедегі Арбат демалыс саябағында «Ваниль» кондитерлік желісінің дүкені ашылды. Бүгінде ұлттық тағамымыз женттің шоколадты түрін тұтынушыларына ұсынып жүрген өнімнің сапасы жоғары бағаланып жүр. Қазір жергілікті нарықтан асып, шетелге жеткізіліп жатыр. Арбаттан ашылған жаңа дүкенде 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

— Президент күні облыс орталығында көптеген кіші және орта бизнес субъектілері ашылуда. Оларға «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп отыр. Оның алған несиесіне субсидия төленіп отыр. Бүгінгі күні «Ваниль» сауда желісінің  тағы екі құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда жаңа өнім түрлері шығарылады. Мұның барлығы өңірдегі бәсекелестіктің дамуына, бағаның тұрақты болуына септігін тигізеді деп есептейміз. Сондықтан осындай кәсіпорындарға барынша қолдау көрсетеміз, — дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*