Басты бет » Басты жаңалықтар » Әскери қызметшілерге пәтер кілттері табысталды

Әскери қызметшілерге пәтер кілттері табысталды

Ақтөбеліктер Тұңғыш Президент күнін кең көлемде атап өтті. Орталық саябақта мерекелік, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, Арбат саябағының бойына жиналған тұрғындарды қала әкімі Ілияс Испанов мерекемен  құттықтады.

Сондай-ақ бұл күні 12 әскери қызметшіге «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында орналасқан коттедждердің кілттері табысталды. Олардың барлығы — көпбалалы отбасылар.

Қуаныш иелерін Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов құттықтады.

— Бүгінгі қоныстойларыңыз Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекет басшысының қолдауымен әскери қызметшілер тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, басқа да мүмкіндіктер берілуде. Ал сіздер еліміздің тыныштығын, бейбітшілігін күзетуде аянбай еңбек етіп келесіздер. Осы орайда қуаныштарыңызбен құттықтай отырып, әр отбасыға құт-береке, шаттық тілеймін, — деді шаһар басшысы.  

Екі қабатты коттедждер екі отбасыға арналған. Әр төрт бөлмелі үйдің ауданы — 114 шаршы метр. Бір үйдің құны — 13 миллион теңге.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекенованың айтуынша, әскери қызметшілер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспананы сатып алу құқығымен жалға алады. Ай сайынғы төлемақы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінен қарастырылған тұрғын үй төлемдерінің есебінен өтелетін болады.

Әскери салада 17 жыл еңбек еткен бес баланың әкесі Айдар Қарашолақов қуаныштан еріксіз көзіне жас алды.

Мен Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімінде жұмыс істеймін. Бес баламмен ұзақ уақыт бойы қызметтік пәтерде тұрдым. Бүгін ұзақ күткен арманым орындалғанына өте қуаныштамын. Әрине, осындай мүмкіндіктерге жол ашқан Елбасымызға айтар алғысымыз шексіз, — деді ол.

Бүгінгі күні «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 200-ге жуық коттедж тұрғызылған. Алдағы уақытта тағы 56 әскери қызметкерді баспанамен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Сондай-ақ бұл күні «Анаға тағзым» тәрбие беру орталығында тұсаукесер рәсімі өтті. Аналар үйінің директоры Таңсұлу Лақованың айтуынша, әдетте мұндағы сәбилердің тұсауын кесуге әр салада жетістікке жеткен азаматтар шақырылады. Бұл жолы қала әкімі бастаған бір топ мейман 5 бүлдіршіннің тұсауын кесіп, болашағына ақ жол тіледі.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*