Басты бет » Мәдениет » Елбасының сүйікті әуендері

Елбасының сүйікті әуендері

1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күнінде Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Елбасының сүйікті әуендері» атты спектакль-концерт өтті.

Мәдени шара алдымен театрландырылған қойылыммен басталып, онда Нұрсұлтан Назарбаевтың дүниеге келу сәтінен бастап, есейген шағы, алғаш жұмыс кіріскен жылдары сахналанды. Әнмен өрілген спектакльде Мемлекет басшысының зайыбы Сара Алпысқызымен қалай танысып, отау құрғаны да қамтылды. Бүгінгі күнге дейін жүріп өткен жолдары көрсетілген қойылым барысында Елбасының әр жылдары берілген сұхбаттарынан, тарихи оқиғалардан үзінділер және берілді. Спектакль-концертті дайындаған —  режиссер Мейрам Хабибуллин.

— Тұңғыш Президент күнінде жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлап, әдемі концерт ұйымдастыру — басты мақсатымыз. Әрі концертке кіру ақысыз болғанын айта кетейін. Сол арқылы мереке күні көпшілікті шаттыққа бөлегіміз келді.

Елбасының сүйікті әндері аз емес екені белгілі. Осыны ескеріп, біз ең таңдаулы деген туындыларға басымдық бердік. Олардың ішінде Нұрсұлтан Әбішұлының өзі шығарған әндер де бар, — дейді Т.Ахтанов атындағы драма театр  директорының орынбасары Жандос Еспанбетов.

Кеңес Кемалбаев, Нұрсұлтан Айтқалиев, Абзал Құдайберген, Толағай Қарасаев,

Әсет Сисенов, Дәурен Нарман, т.б. артистер атсалысқан спектакль-концертте «Үш қоңыр», «Елім менің», «Сәулем-ай», «Әгугәй» сынды әндер орындалды.

— Осы концерттің өтетіні турасында немерем хабарлады. Жастық шағымыздың куәсі іспеттес әндерді тыңдап, бір марқайып, ерекше әсерге бөлендік. Біз секілді зейнеткерлерге бұл да қуаныш. Мұндай тегін концерттер әр мереке сайын өтіп тұрса, келіп, көріп тұруға әзірміз, — дейді көрермен Мәди Қасым.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*