Басты бет » Басты жаңалықтар » Елбасының Ақтөбеге сапарлары

Елбасының Ақтөбеге сапарлары

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2016-2018 жылдары Ақтөбе облысына үш рет ресми сапармен келді. Елбасының бұл жолғы сапарлары, әлбетте, Ақтөбеде ірі әлеуметтік-мәдени нысандардың ашылуымен де есте қалды. Себебі осы үш жылдың ішінде Ақтөбе облысында әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысы қарқынды жүргізілді. Н.Назарбаев өңірге сапарында осы нысандардың бірқатарының ашылуына қатысқан-ды.     

Президенттің өзі «Ақтөбе — құтты мекен!» деп айдар таққан еліміздің батыс аймағындағы ірі агломерациялық орталықтың дамуына әр сапарында оң бағасын беріп келді. Өткенге көз жүгіртсек…

2016 жыл. Наурыз айы

2016 жылдың наурыз айында Ақтөбеге екі күндік іссапармен келген Мемлекет басшысы облыс орталығындағы бірнеше нысанды аралады. Сондай нысандардың бірі — мемлекеттік бағдарлама аясында іске асырылған «Ақтөбе жылыжай» кешені. Елбасы кешенді аралап көріп, көкөніс өсіру технологиясымен танысты.

Бұл кездесуде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Президентке өңірдегі ауыл шаруашылығы жайы туралы айтқан еді. Азық-түлік қауіпсіздігі, аймақаралық кооперация аясында жүргізілген жұмыстар, яғни импорт тауарларды алмастыру, бағаны ұстап тұру және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, шағын ферма, мал биржасын құру жөніндегі ұшқыр жобалар туралы айтылды.

Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін арттыруда ғылыми тәсілдерді қолданудың маңыздылығына айрықша тоқталып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға, өндіріске жаңа технологиялар енгізуге және озық халықаралық тәжірибелерді игеруге шақырды.

Елбасы Ақтөбеде қолға алынып отырған мал биржасын ашу идеясына оң бағасын беріп, мұндай құрылымды фермерлер өздері ұстағаны жөн деген ойын білдірді. Сонымен қатар ұсақ шаруа қожалықтарын кооперацияға біріктіру қажеттігін айтты.

***

Бұл сапарында Нұрсұлтан Назарбаев облыстағы бірқатар кәсіпкерлермен пікірлесіп, олардың жұмысымен де танысты. Ырғыздық «Наурыз-Сим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ибрагим Сәрсембаев Елбасына ауыл тірілігін, кәсіп жайын айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қарғалы ауданынан келген «Атамекен-нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жанымгүл Төлеуованың отбасылық шаруасы жөнінде де хабардар болды. Алға ауданынан «Парижская коммуна ХХI» ЖШС директоры Гаик Тертерян, Қарғалы ауданындағы «Степное» ЖШС директоры Аманғос Төлеуов және басқалары өнім өндіру, өткізу, өңдеу мәселелеріне қатысты ойларын ортаға салды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина шаруаларға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдауға тоқталды.  Ауылдағылар бизнеспен қалай шұғылданады, мұны ескерген жөн, оларға кеңес беру, үйрету жағы жолға қойылуы тиіс. Алда да жұмыстарыңыз жемісті болсын, барлығыңызға табыс тілеймін, — деді сол кездесуде Президент.

2017 жыл. Қазан айы

2017 жылғы қазан айындағы Ақтөбеге ресми сапарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше зауыт пен кәсіпорындар жұмысымен танысты.

Президент алдымен «Қазхром» ферроқорытпа зауытына барды. Елбасы осыдан төрт жыл бұрын пай­далануға берілген ірі кәсіпорынның қазіргі жай-күйі туралы, зауыттың №4 инновациялық цехы туралы мәліметтерге қанық болғаннан кейін, «Қазхром» трансұлттық компа­ни­я­сының алдағы даму бағыттарына қатысты нақты тапсырмалар берді. «Кәсіпорынның негізгі тұтынушылары мен экспорт көлемін одан әрі көбейту жолдарын қарастыру керек», — деп тапсырды Мемлекет басшысы.

Бұл сапарында Елбасы республиканың индустрияландыру картасындағы ең ірі жобалардың бірі Ақтөбе рельс-арқалық зауытына да барды. Бәсекелестікке қабілетті өнімдер шығаруға мүмкіндік беріп отырған ең соңғы үл­гі­дегі заманауи технологиямен жабдықталған зауытқа Ел­басы оң бағасын берді.

«Қазхром» ферроқорытпа зауыты — Ақтөбе облысындағы ең ірі, негізгі жұмыс беруші кәсіпорын. Ондағы жаңа зауыттың өзінде 700 адам жұмыс жасап жатыр. Ал Ақтөбе рельс-арқалық зауыты —  Қазақстандағы, Орталық Азиядағы жалғыз өндіріс орны. Өте заманауи зауыт, — деді Елбасы.

***

Елбасының өткен жылғы Ақтөбеге сапары «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйінде өткен зиялы қауым өкілдері және кәсіпкерлермен, әдебиет, өнер адамдарымен, қоғамдық ұйым мүшелерімен кездесуімен де есте қалды.

Батыс-2 ауданындағы жаңа ғимараттың құрылысы жеке адамдардың қаржысына жүргізілді. Елбасы Жұбановтардың өмірі мен шығармашылығына арналған музейді аралап, облыс зиялыларымен кездесті.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар Ақтөбе де инновация орталығы болып, өндірістік, қаржылық және адами ресурстарды тартатын факторға айналуға тиіс екендігін ерекше атап өтті.

— Қазақстанда ірі қалалардың болғаны дұрыс. Алматы халқының саны

1 миллион 300 мыңнан асты. Астана тұрғындарының саны да күн сайын артып келеді. Шымкент миллионға, Ақтөбе халқының саны жарты миллионға жетті. Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысының халқы екі есе өсті. Бұрын 240 мың халық болса, қазір 500 мыңға жуықтады. Мен бұл қалада миллион адамның тұрғанын қалаймын. Осы көрсеткішті арттыру мақсатымен мұнда тұтас шағын аудандар мен қажетті инфрақұрылым салынуда. Барлық жағдай жасалып жатыр. Тұрғын үй, жол салынып, газ бен су құбырлары тартылуда. Сол сияқты, бүкіл Қазақстан аумағы жол желісімен қамтылады. Астанадан барлық өңірлерге қарай жол тартылды. Сол жолдардың бойымен қаншама елді мекендер бой тіктеп, инфрақұрылымдар салынды.  Міне, даму дегеніміз — осы. Мұны адами даму деуге де болады, — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой түзеген әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылып жатқанын, жеке инвестициялар тартылғанын, Қазақстанда бизнесті өркендетуге барлық жағдай жасалғанын айтып, тұрғындарға амандық пен бақ-береке тілеп, еліміздің өркендеуі жолында табысқа жетулеріне ниеттестігін білдірді.

2018 жыл. Қазан айы

Елбасы Ақтөбеге биылғы сапары кезінде де бірнеше нысандарға ат басын тіреді.

Баламалы энергетика технологиясымен жабдықталған Қазақстандағы санаулы кешендердің бірі — Энергия тиімділігі орталығының жұмысымен танысты. Күн панельдерімен, газ поршенді станциямен, геотермальді жүйемен, сондай-ақ жел генераторларымен жабдықталған мұндай орталық Астана мен Алматы сияқты еліміздің орталық қалаларында ғана бар.

— Бұл орталық, сөзсіз, халыққа қажет. Қазір әр қазақстандық бұрынғыдай шенеуніктердің есігін қағып, уақытын жоғалтпай, бүкіл шаруасын бір жерден бітіру керек. Сол арқылы кез келген адам ең алдымен уақытын үнемдейді. Әрі осының арқасында біреудің қолын қысып, екіншісіне кәмпит апарып беру сияқты жағдайлар болмайды. Яғни жемқорлық әрекеттердің алдын алады, — деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан соң Президент «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болған ақтөбеліктермен де кездесіп, шаһардың даму барысы, соның ішінде агломерация, «SmartCity Ақтөбе» жүйесі мен қаланың қоғамдық кеңістігін құруға қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Президент енгізілген жаңалықтарға оң баға беріп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде паш етілген «жасыл технологияларды» тәжірибеде қолданудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ Ақтөбе қаласының одан әрі дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

— Бұл ғимарат болашақта салынатын нысандарға үлгі болуы тиіс. Құрылысшыларға да айту керек, қайда мүмкіншілік бар, сол жерлерге жел энергиясын үнемдейтін құрылғыларды қоса салсын. Аз да болса, табиғаттың беріп тұрған мүмкіндігін пайдалану керек. Шетелде бұл көптеп қолданылады, — деп Қазақстан Президенті.

***

Бұл сапарында церебральды сал ауруына, сүйек-бұлшық ет жүйесі және аутизм ауруына шалдыққан балаларды оңалту мақсатында жұмыс істейтін «Аяла» балаларды әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалту орталығына барған Президент ғимарат ішін аралап, дәрігерлермен, емделуші балалармен, олардың ата-аналарымен кездесті.

«Аяла» — биыл өңірде «Бақытты бала» жобасы аясында мүгедек балаларды оңалту үшін жүзеге асырылған ерекше жобалардың бірі. Нұрсұлтан Назарбаевқа «Бақытты бала» облыстық жобасының жүзеге асырылу нәтижелері жөнінде де ақпарат берілді. Аталған жоба аясында ерекше мұқтаж балалар үшін арнайы коррекциялық балабақша, психологиялық және медициналық-педагогикалық кеңес беретін орындар, балаларды сауықтыруға арналған «Күншуақ» лагері, аудандарда психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеттері және Ақтөбе қаласының орта мектептерінде инклюзивті білім беру ісін дамыту жөніндегі ресурсты кабинеттер ашылып, жұмыс істеп жатыр.

***

Ақтөбе облысына іссапарының қорытындысында Президент «Бақытты бала» оқу-сауықтыру орталығына барды. Жыл-он екі ай бойы жұмыс жасайтын дарынды балаларға арналған орталықты аралағаннан кейін Елбасы интеллектуалдық және ғылыми олимпиадалардың жеңімпаздарымен кездесті. Ол жастарға ел ертеңінің жарқын болмағы саналы тәрбие, сапалы білім алған жастарға байланысты екенін айта келе, оларды заман талабына сай білім алуға шақырды.

Одан соң Президент зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлерімен пікірлесті.

Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан, экономикасы мықты өңірлердің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол 20 жылда облыс орталығының тұрғындары 2 есе көбейгенін, қазір Ақтөбе шаһарындағы халық саны жарты миллионнан асқанын айтты.

— Ақтөбе табиғи ресурстары байлығының, өндірісінің арқасында бүгінде Батыс Қазақстанның орталығына айналды. 

Халықтың әл-ауқаты алда да арта түсетін болады. 2019 жылдан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе өседі. Сөйтіп, 40 мың ақтөбеліктің тұрмыс-тірлігіне оң ықпал етеді. Бұл азаматтардың жартысы — бюджет саласының қызметкерлері.  Ірі кәсіпорындардың басшылары осы бастаманы қолдайды деп сенім білдіремін, —  деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесуде облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына оң баға беріп, Ақтөбеде Жолдауларда берген тапсырмалардың тиянақты орындалып жатқанын тілге тиек етті.

— Ақтөбеге жыл сайын келемін, ел-жұртпен жүздесемін. Бұл жолғы іссапарымда да көп игі жұмыстардың атқарылып жатқанына көз жеткіздім. Балалардың 90 пайызы балабақшамен қамтылған, облыс тұрғындарының 88 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Яғни, Ақтөбе облысында үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Сол себепті, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмысына жоғары баға беремін, — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

***

Ресми сапары кезінде Президент журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Өз сөзінде Елбасы Ақтөбе облысында тапсырмаларының жүйелі түрде орындалып жатқанын жеткізіп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмысына жоғары баға берді.

— Іссапар барысында аралап көрген ғимараттардың барлығы да көңілімнен шықты. Өйткені Ақтөбе облысында менің Жолдауда берген тапсырмаларым іс жүзінде орындалып жатыр. Мысалы, «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұл бағдарлама бойынша пәтерлер қазірдің өзінде беріліп, жұрт игілігін көріп жатыр. Білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет секілді әлеуметтік салаларда да құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бәрі тамаша. Газдандыру, жол құрылысы жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Ішкі жолдар әлі де салынатын болады. Халықпен кездестім. Олардың да жүзінде күлкі, көңілдері шат. Облыс экономикасында 5 пайызға өсу бар. Бұл — үлкен жетістік, өте жақсы көрсеткіш.

Ақтөбе облысында көптеген игі жұмыстар атқарылғанына байланысты   облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмысына жоғары баға беремін. Бердібек Машбекұлының жұмысын одан әрі жалғастыра беруіне тілектестігімді білдіремін, —  деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*