Басты бет » Басты жаңалықтар » Елбасының басты жобасы — Астана!

Елбасының басты жобасы — Астана!

Биыл Тәуелсіз Қазақстанның теңдессіз жауһары — Астана қаласы 20 жылдығын атап өткені белгілі. Осынау тарихи оқиғаның қалай бастау алғаны, айтулы шаһардың «туған күніне» дайындық жұмыстары, оның тойлануы, мерейлі датаға орайластырылған төл жобамыз — «Арайлы Ақтөбеден — Айбынды Астанаға!» автоэкспедициясы, елордадағы жерлестерімізбен сұхбат, жалпы ақ тілектер, т.б. мерекелік материалдардың газетімізде жыл бойы жарияланғанынан оқырман қауым хабардар. Жыл басындағы, 4 қаңтар күнгі номердегі «Биыл — Астанаға 20 жыл!» атты алғашқы мақаламыздың өзін ресми сайтымыздан 21 мыңнан астам (!) ғаламтор қолданушысының оқығанын ескерсек, жалпыұлттық мерекеге біздің редакцияның да қосқан үлесі зор деуге болады. Құрамында екі облыстық газет, бірнеше журнал, сайты бар «Ақтөбе Медиа» серіктестігі Елорданың құрдастары арасында «Астана — арман қала»  атты шығармашылық байқауын да өткізді.

Бас қала жөнінде «Астананың бас сәулетшісі» атанған Президенттің өзінен, сондай-ақ, оның алғашқы кірпіші қаланғанынан бастап куә болған билік басындағылардан артық ешкімнің айта алмасы анық. Ендеше, осы лебіздермен естеліктерге кезек берелік…

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:

Астана жаһандық орталыққа айналды

— Бүгінде әр қазақтың жүрек төрінен орын алған Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана деген асыл сөздер бірін-бірі айшықтап, толықтыра түсетін қастерлі де қанаттас ұғымға айналды. Қазақстан баршамыздың қасиетті Отанымыз болса, Тәуелсіздік — бар ғұмырын жойқын соғыстармен өткізген батыр бабаларымыз армандап, біздің буын жүзеге асырған ең асыл құндылығымыз. Еуразия кіндігінде орналасқан Елорданың төңірегі халқымыз үшін ежелден құтты мекен болған.

Астананың салынуымен бірге қазақтың жаңа дәуірі басталды. Елорданың 20 жылдық торқалы тойында осыны тарқата айтудың реті келді деп білемін.

Ең алдымен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолға алынып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылған қазақ мемлекеттілігінің барлық институттары біржола орнықты. Астана қалыптасқан мемлекеттің бүкіл әлем таныған жаңа саяси орталығына айналды.

Екіншіден, терең тамырлы тарихы ежелгі сақ, ғұн, көк түрік, Дешті Қыпшақтан бастау алатын халқымыздың бүгінгідей атағы аспандап, абыройы артқан кезі болған емес. Қазақтың даңқын аспандатқан да, асқақтатқан да — қастерлі Тәуелсіздігіміз бен ару Астанамыз.

Үшіншіден, Астана Қазақстанның геостратегиялық орталығы ретінде саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа моделінің негізін қалады. Астана ашқан мол мүмкіндіктер мен жаңа құндылықтар негізінде ел дамуының жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан — 2050» бірегей стратегиясы жасалды.

Төртіншіден, Астана бейбіт те жасампаз өмірге ұмтылған қазақ ұлтының жаңа кескін-келбетін айқындады. Елорда әлемдік сәулет өнерінде қала мен даланы үйлестіре білген жаңа ландшафты эстетиканы қалыптастырды.

Бесіншіден, Астана күллі әлемге жаңа бейбітшілік пен келісім орталығы ретінде танылды. Біз Ата заңымызда әрбір қазақстандыққа наным, сенім, ар-ұждан бостандығын қамтамасыз етіп, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықты төрге оздырдық. Бес рет қатарынан Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съездерін өткізіп, аяулы астанамызды ізгі жандардың мейірі мен шапағатына  бөледік.

Алтыншыдан, Астана бірлігі жарасқан көпұлтты халқымыздың берекелі байтағына айналды. Біз тағдыр жазуымен көпұлтты мемлекет болдық. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың терезесін тең ұстау үшін рахым мен сабырды серік етіп, барша жұртты бір тудың астына топтастырдық.

Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем жұртшылығына үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Ерке Есілдің жағасында Бейбітшілік пен келісім сарайын салдық.

Жетіншіден, Елорда ежелден көшіп-қонуға бейім халқымыздың жаңа миграциялық үдерістеріне жол ашты. 20 жыл ішінде Астана халқы 4 есеге жуық өсіп, тұрғындары бір миллионнан асқан алып мегаполиске айналды. Елдің іргесі бекемделіп, оңтүстік өңір тұрғындары Арқа төсіне қоныс аудара бастады. Бүкіл ел бас қаланы мақтан тұтып, Елордаға қарап бой түзейді.

Астананың қарыштап дамуы өңірлердің экономикасын өркендетті.

Сегізіншіден, Елордада жаңа өмір салты, жайлы тұрмыстың бірегей стандарты, айрықша астаналық стиль орнықты.

Осы орайда, мен жаңалыққа, ғылым-білімге құштар жас ұрпақтың бойынан ата дәстүрге адалдықтың, бәсекеге қабілеттіліктің жарқын келбетін көремін.

Елордада жаңа қазақ ұлты мен оның элитасы қалыптасты деп нық сеніммен айта аламыз.

Тоғызыншыдан, Елорда әуел бастан экологиялық таза қала болады деп жоспарланды. Астана адамдардың жайлы тұрмысы мен алаңсыз тіршілігі үшін салынды. Менің тапсырмам бойынша сұлу Көкшенің орман-тоғайымен ұштасқан елорданың жасыл белдеуі жасалды.

Қаланың іші әдемі гүлзарлармен көмкеріліп, саялы парктермен ажарлана  түсті.

Жаңадан ашылған ботаникалық бақ жинақталған бай тәжірибені қорытып, Елорданы көркейте түсетініне кәміл сенемін.

Оныншыдан, Астана жаңа идеялар мен инновацияның әлем таныған орталығына айналды.

Дүниежүзінің 100-ге жуық елінен келетін Нобель сыйлығының лауреаттары, түрлі саланың ғалымдары мен сарапшылары жыл сайын Астанада бас қосады. Олар осы заманғы экономикалық трансформациялар мен сын-қатерлер мәселесін талқылап, оны еңсерудің жолдарына қатысты ұсыныстар енгізуде.

Астана бүгінде күллі адамзат дамуына ықпал ететін әрі тарихи шешімдер қабылданатын жаһандық орталыққа айналды. Мұнда Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің, Еуразиялық экономикалық одақтың ауқымды форумдары күллі әлемнің саяси-экономикалық дамуына әсер ететін тарихи құжаттар қабылдады.

Астанада әлемнің 56 елінің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының айтулы саммиті, 57 мұсылман елінің басын біріктіретін Ислам ынтымақтастығы ұйымының сессиясы өткізілді. Егер сәні мен салтанаты келіскен әсем Астанамыз болмаса, осындай күллі әлемді таңғалдырған айтулы форумдарды өткізе алар ма едік?!

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Астана атауы қайдан шықты? Бас қаланың бұлай аталуының сыры туралы Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» кітабында былай дейді:

«Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы менің мақтанышым еді, сондықтан оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім. Онда Ақмоланы қалай атаған, дәл айтқанда, қалай қайта атаған жөн? Ол атау қазақстандықтардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керек.

…Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз — Астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар».

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев:

Жаңа Қазақстанның жарқын символы

— Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет ретінде орнығуы, сынақтардан сүрінбей өтіп, дамудың даңғыл жолына түсуі — бәрі еліміздің бас ордасымен тығыз байланысты.

Ел бола аламыз ба, әлде заманның алапат желіне ұшып жоғаламыз ба деген тағдырлы сәтте халықты биік мақсатқа жұмылдырып, болашаққа бастаған Астана — жаңғырған, жаңа Қазақстанның жарқын символы.

Ол — қастерлі Тәуелсіздігіміздің ұлы тұғыры, Алаш жұртының айбары, Елбасымыздың төл перзенті.

Басында өзге түгілі өзіміз күмәнмен қараған ғасыр жобасы Елбасының саяси көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында табысты жүзеге асып, небәрі 20 жылда Арқа төрінде ғажайып қала бой көтерді.

Халқымыздың мың жылдық талайлы тағдыры мен асқақ армандарынан нәр алып, сайын далада сәмбі талдай бүр жарған бас ордамыз аз уақытта ел тірегі — алып бәйтерекке айналды.

Бүгінде еліміздің саяси, экономикалық қана емес, мәдени, рухани жүрегі атанған Елорда Қазақстанның барлық өңірлерінің басты қозғаушы күші болып, аймақтардың дамуына қуатты серпін беруде.

Ол татулық пен тұрақтылықтың, жасампаздық пен бейбітшіліктің символы ретінде тұтас Еуразияға, одан қалды, жер-жүзіне лайықты үлгі болуда.

Әлемдік деңгейдегі бастамалар мен іс-шаралар Астананы жаһандық оқиғалардың ордасы ретінде паш етті.

Ортақ мақтанышымыз, Отанымыздың жүрегі — Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырып, жайнай берсін!

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев:

Ғажайып құбылыс

— Астана – «Аситанеи Шахане», яғни «патшаның табал­дырығы, таңғажайып бас қала» дегенді білдіреді. Бұл анықтама кезінде Ыстамбұл үшін қолданылған еді. Мемлекеттер мен елдердің қалыптасу тарихында ұлы көшбасшылар қандай рөлге ие болса, басты шешімдер шығарылған шаһарлар да маңызды орын алған. Қазіргі Қазақстанның негізін салған ақсақалымыз — Нұрсұлтан Назарбаев тәуел­сіз елдің символы ретінде Астананы іргетасынан бастап түбегейлі жоспарлап, әрбір ғимараттың құрылысын қалт­қысыз қадағалап, әр кірпі­шін қамқор қолмен қалады. Астана әп-сәтте егемен елдің алтын тәжіне айналып үлгерді.

…Иә, Астана — байырғы бай­тақ даланың басты орталы­ғы. Жаңа қоныстан соны тех­ноло­гия­мен салынған заманауи ғи­­ма­­­рат­тармен қатар, қай­ма­ғы бұзылмаған көне қазақ мәде­ниеті­нің әр алуандығын көруге болады. Астананың айбары — Қазақ­стан­ның және қазақ бауыр­ларымыздың биік мәртебесі, асқақ абыройы.

…Бүгінде Қазақстан — Азия кіндігіндегі төрткүл дүниемен терезесін теңестіріп, шежіре-тарихын түгендеген озық мемлекет, зайырлы республика. Жер бетінде әр саланы ұршықтай иіріп, дамушы елдердің қатарынан қалмай келе жатқан Қазақстан деген ел бар екені сөзсіз. Осы ғажап құбылыстың сәулетшісі, ұлы Көшбасшы — түркі әлемінің Ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаев, ал оның қолтаңбасы — таңғажайып шаһар Астана.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*