Басты бет » Басты жаңалықтар » Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Бейбітшілік қабырғасы» монументі тарих сабақтарынан тәлім алып, еліміздегі ынтымақты бағалауға үндейді

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Бейбітшілік қабырғасы» монументі тарих сабақтарынан тәлім алып, еліміздегі ынтымақты бағалауға үндейді

Ақтөбенің Астана қаласының 20 жылдығына сыйы — «Бейбітшілік қабырғасы» монументі үлкен-кішінің көзайым болып, арнайы барып көретін көрнекті нысанына айналғаны анық. Өйткені Ақтөбе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен тұрғызылған осы монумент туралы жылы лебізін білдіретіндер аз емес. Ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Елбасының өзі де кешенді жоғары бағалап, шаһардың атаулы датасына оның ерекше сый болғанын атап өткен-ді.

Әлқисса…

29 тамыз күні монументтің салтанатты ашылуында Нұрсұлтан Назарбаев енді аталған датаның Қазақстанның жаңа тарихындағы айрықша күн саналатынын атап өтті.

— 1949 жылы дәл осы күні Семей полигонында ядролық қару алғаш рет сыналған болатын. Қырық жыл бойғы 450-ден астам жарылыстың салдарынан миллиондаған адам зардап шекті. Менің Жарлығыммен 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Бүгін, Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні біз Елордамызда жаңа маңызды нысанды — «Бейбітшілік қабырғасы» монументін ашып отырмыз.

Астанада монументтің бой көтеруі тарих сабақтарынан тәлім алып, оны ұмытпауға және еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақты бағалауға үндейді. «Бейбітшілік қабырғасы» — бейбіт өмірдің құндылығын дәріптеуді және өткен тарихымыздың қасіретті кезеңдерін қайталамауды замандастарымыздың есіне салып тұратын нысан.

— Біздің бітімгершілік бастамаларымыз, ең алдымен, болашақ ұрпаққа арналады. Біз барлық тілде ұрпақтарымызға «Бейбітшілікті сақтаңдар!» дейміз. Бұл — жер бетіндегі әрбір адамның бойында болуға тиіс ең басты құндылық, — деген еді Қазақстан Президенті.

Шынында, бас қаладағы Тәуелсіздік алаңының көрнекті тұсына, «Қазақ елі» монументіне жақын жерге орналасқан жобаны жасауда Елбасының «Әлем. ХХI ғасыр» антиядролық манифесінің идеясы басшылыққа алынған. «Бейбітшілік қабырғасының» дәл осы айтулы күні ашылуы сондықтан. Әрі тура 27 жыл бұрын Семей ядролық сынақ алаңы жабылған еді.

Сандарды «сөйлетсек»…

 «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу салтанатына дипломатиялық миссияның жетекшілері, дүниежүзілік 11 ұйымның мүшелері, жалпы саны алыс-жақын 52 елден жиналған өкілдер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, зиялы қауым, сондай-ақ, Ақтөбе облысынан барған делегация қатысты.

Монументті салуға 1,8 миллиард теңге жұмсалды. Бұл — ақтөбелік кәсіпкерлердің қаржысы есебінен жүзеге асқан жоба. 

Ал «АСС» студиясының жетекшісі, сәулетші Юрий Смирнов — «Бейбітшілік қабырғасының» авторы аталған монументтің адамзатқа айтар ойы, тәрбиелік мәні туралы:

— Дүниежүзі елдері арасында жыл сайын 3-4 қақтығыстың болып, соның салдарынан жүздеген, тіпті мыңдаған жазықсыз адамның жапа шегетіні жасырын емес. Сондықтан бүгінгі таңда да бейбітшілік ұғымы аса қастерлі. Мен салған монументтің негізі осында жатыр. Мемориалда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған. Ал зәулім жапырақ тәріздес композиция арқылы сан ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында біріктірген Қазақстанды көрсетуге тырыстық.

Қытайда әлемге әйгілі қорған болса, Берлинде жер-жаһанға белгілі қорған бар. Миллиондаған туристер көбіне-көп сол жерлерге барып, естелік суретке түседі. Енді мұндай сәулетті қабырғаны Қазақстаннан да табуға болады. Монументтің жалпы ұзындығы — 111 метр, ені — 18,4 метр, биіктігі — 17,5 метр. Оны тұрғызуға жалпы аумағы 6 000 текше метр болатын 1200 тонна гранит пайдаланылды, — дейді Юрий Смирнов.

Әңгімелесушіміз өзі басшылық ететін топта Литва, Германия, Ресей мемлекеттерінің сәулетшілері барын, яғни «Бейбітшілік қабырғасын» халықаралық деңгейдегі құрылыс саласының мамандары тұрғызғанын баян етті. Оның компаниясы бұған дейін Германия, Ресей, Швеция және Қырғызстанда түрлі кешендерді салған. Бірақ құрылысы һәм идеясы дәл мұндай монумент — біреу-ақ.

 Металл мен табиғи тастан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады: біріншісі — бөлшектеу мен оқшаулауды, екіншісі —  үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, ал үшінші бөлігі бейбітшілікті және ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді. Құрылымына келсек, аспалы  шатырдың ашық панельдері 2,5 миллион жарық нүктесі бар  616 текше метрді алып жатқан LED-жүйемен қамтылған. Бұл алдағы уақытта кез келген ірі шараны осында өткізуге болады деген сөз, — деп анық-қанығын түсіндірді сәулетші.

Не дейсіз?

Тұрар ҰЗАҚБАЕВ,

Алматыдағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының оқытушысы:

— Еліміздің бас қаласы туралы пікірімді, Астанаға деген тілегімді сөзбен жеткізу қиын. Өзім дизайнер болғандықтан, маған ең біріншіден сондағы үйлердің сәулеті қатты ұнайтынын айтқым келеді. Қоңыр, біртекті үйлер атымен жоқ. Әрқайсысы — бір әлем (күліп). Яғни басқа қаладан келсең де, бұл жақта адасып кетуің екіталай. Хай-тек стилінде салынған үйлер, қай заманда болсын, сәннен қалмайтыны тағы бар.

Елорданың 20 жылдық тойында Ақтөбенің сыйы — «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылғанын естіп, қатты қуандым. Өйткені ендігі бас қаланың сұлулығына ақтөбеліктердің де қосқан үлесі бар. Ал оны өз көзіммен барып көргенімде, тіптен таңғалдым. Дизайны ерекше, алыстан «менмұндалап» тұратын мемориалды мазмұндық жағынан да айтары мол емес пе?!

Расы керек, Астана қаласының 20 жылдығы бүкіл республиканың үлкен тойы болды. Соған әр облыс өзінің тартуын жасады. Осы орайда жерлестерімнің тартуы өзгелердікінен бір бас жоғары болғанына, оған Елбасының өзі  ризашылығын білдіргеніне қуаныштымын.

«Бейбітшілік қабырғасының» дүниежүзіне әйгілі болып, туристердің көптеп келетін орнына айналатынына сенімім зор. Неге десеңіз, шетелдіктердің де тілінде «Бейбітшілік» деген сөз бекерге жазылған жоқ. Бұл олардың қызығушылығын арттырып, Астанаға келуіне сеп болары хақ. Қазіргі таңда жұмыс бабымен Алматыда өмір сүрсем де, әрдайым Ақтөбенің тілеуін осылай тілеп жүретінімді айтып өтсем деймін.

 Бағдат БАЛМАҒАМБЕТОВА,

Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығының әншісі:

— Өнер иесі болғандықтан, Астанаға жиі жол түсіп тұрады. Сондай ән сапарларымның бірінде, 25 маусымда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» атты кіші бағдарламасын кеңінен насихаттау мақсатында «Құтты мекен Ақтөбеден — Арайлы Астанаға» автокеруенімен  бас қалаға бардым. 9 күн ішінде автокеруенмен бірнеше шақырымдарды жүріп өтіп, Астана қаласына жеткен едік. Сапар аясында Ақтөбе облысының Астананың 20 жылдығына тарту еткен «Бейбітшілік қабырғасы» монументіне арнайы барып, көріп, керемет әсер алдым. Мемориалдың басты ерекшеліктерінің бірі — «Бейбітшілік» деген сөздің әлемнің 51 тілінде жазылғаны екен. Әрі «Бейбітшілік қабырғасы» Тәуелсіздік алаңының қасында, «Қазақ елі» монументіне жақын жерде салыныпты. Символикалық мәні зор. Өте көрнекті жерде орналасқан кешеннің Астанамыздың көркін одан сайын ашып, сондағы жұртшылықтың да мерейін өсіргені сөзсіз. Жалпы, ақтөбеліктердің сыйға тартқан монументі ел игілігіне жарап тұрғаны — менің бойымда үлкен мақтаныш сезімін ұялатады.

Айнұр НҰРҒАЛИЕВА,

Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің 2-курс студенті:

— Менің ойымша, Ақтөбенің бұл сыйы еліміздің бас қаласы — Астананың дамуына, көркеюіне қосқан үлкен үлесі. Осындай керемет нысандар көбейе берсе, Елордамыз одан сайын әсем бола түседі деп ойлаймын. Әрі бұның біз секілді қыз-жігіттерге, жалпы жастарға беретін тәрбиелік-философиялық мәні зор. Өйткені мұнда бейбітшілік, тыныштық, бірлік ұғымдары негіз етіп алынған. Көпшілікке одан сайын түсінікті бола түсуі үшін 51 тілде «Бейбітшілік» деп жазылғанынан-ақ нысанға арнайы келетін шетелдіктердің саны көп болатыны анық аңғарылады.

Ең алғаш рет аталған монументтің ашылғанын мен әлеуметтік желілер арқылы көрдім. Елбасының өзі келіп, салтанатты жағдайда «Бейбітшілік қабырғасын» ашқанын білгенде, «қап, мен де барғанда ғой…» деп іштей ойладым. Бірақ сол кезде қалай да осы жерге баруым керек деп өзіме-өзім серт бердім. Енді, міне, монументке жиі келіп тұратындардың бірімін.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*