Басты бет » Мереке » Елбасы жүргізген реформаның жемісі

Елбасы жүргізген реформаның жемісі

Бірінші мыңжылдықтың аяғы бұрынғы ұлы держава тұрғындары үшін болмаған ауқымдағы жүйкелеткен оқиғалармен ерекшеленеді. Бұрынғы Одақтың көптеген халықтары үшін ынтымақ пен тұрақтылықтың берік тірегінің символы болған мемлекет іс жүзінде санаулы жылдарда ыдырап тынды. Барлық саланың нақты қызметін қамтыған ұзаққа созылған дағдарыс басталды.

Осы шырғалаңда әсіресе ауыл шаруашылығы өндірісі зардап шекті.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта шенінде мен облыс әкімінің орынбасары болып қызмет істеп, ауылшаруашылық саласына басшылық жасадым. Іс жүзінде бұл кезеңде экономика  жұмыс істемегенін атап өткен жөн. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, ал ол кезде облыста 150 ұжымшар мен кеңшарлар болған еді, түгелдей өз қызметтерін тоқтатты. Облыста малдың басы арифметикалық шапшаңдықпен кеміп, құлдырады.

Бұдан өзге, 1995 жылы болмаған қуаңшылық жайлады. Облыс қажетті астық қорын қамти алмады. Қаланың аптаға жетпейтін ұнмен қалған кездері болды. Ақтөбенің наубайханасы өз қызметін тоқтатып, біз нанды шамалы шикізат қоры қалған Хромтау мен Мәртөктен тасып жеткіздік.

Облыста өңірді тауарлы және тұқымдық астықпен қамтамасыз ету үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Ботағарин бастаған жұмыс тобы құрылды. Облыста азық-түлік қоры жұмыс жасады. Әр ауданда тұрғындардың өзін-өзі қамтамасыз ету бағдарламасы іске қосылды. Аудандардың әкімдері 1996,1997 жылдарға нақты іс-қимыл жоспарларын жасады.

Облыс шегінен сыртқа астық шығаруға мүлде тыйым салынды. Сырттан астық сатып алуға шаруашылықтарға мүмкіндігіне қарай көмек көрсетілді. Шаруалар әлі де жағдайдың түзелетінінен үмітін үзбеген еді. Соның дәлелі, 1996 жылы облыс 1 миллион 200 мың гектар дәнді дақыл септі. Алайда құрғақшылық соғып еңбек тағы да далаға кетті. Бұл жылы облыс әр гектардан бар болғаны 1,9 центнерден астық жинады.

Бұл кезеңдегі біздің басты міндетіміз ауыл шаруашылығына  реформа жүргізу болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын желтоқсанда ауылшаруашылығы өндірісін реформалау мәселесі бойынша республикалық кеңес өткізетін еді. Алғашқы мұндай кеңес 1995 жылы 25 желтоқсанда болды.

Реформаны үш кезеңмен жүргізу жоспарланды. Бірінші кезекте өте ауыр жағдайдағы шаруашылықтарды, екінші — қуаты аз және үшінші — тұрақты, яғни барлық қалғандарын реформалау міндеті тұрды.

Реформаның әр қадамы бөлшектеліп жазылды және республикалық органдардың тұрақты бақылауында болды. Мысалы, бірінші кезеңде біз 107 шаруашылықты қайта жаңғыртуымыз қажет еді. Бұл жеңіл міндет емес болатын. Аса қиындықпен жүрді, себебі біздің аграрларымыз нарықтық экономиканы оқымаған еді, тіпті біздің өзіміздің де қажетті тәжірибеміз болмады.

Адамдар уақытымен зейнетақысын, жалақысын ала алмай жатты, электр қуатына, басқа да коммуналдық қызметтерге қарыздары өсе берді. Бәрінен де күш-жігер бос кетіп, аграрлар жыл сайынғы қуаңшылықтан көп зардап шекті. Бұған қоса, бірқатар шаруашылықтардың басшылары, аласапыранды пайдаланып, көпшіліктің игілігінен өз пайдасына қарпып қалуды ойлады. Әйтсе де 1996 жылы бізге кеңестік дәуірден мұраға қалған150 ауыл шаруашылығы кәсіпорнының 131-ін  реформалаудың сәті түсті. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, өндірістік кооперативтер, шаруа қожалықтары мен басқа да ауыл шаруашылығы құрылымдары құрылды, олардың бір бөлігі фирмалардың басқаруына берілді, ал бірсыпырасы мүлде жойылды.

Әрбір аудан әкімінің нақты іс-қимыл жоспары болды, орындалуы қатаң бақылауға алынды.

Президент келесі кеңесті 1996 жылы 18 желтоқсанда өткізді. Біз сонда есеп бердік. Бұл кезде ауыл шаруашылығы саласында реформа іс жүзінде жүріп жатты, нәтиже де көріне бастаған-ды.

Дегенмен осы жылы мал қыстату күрделі болды. Неге десеңіз, оның алдындағы қыста қар жұқа түсті де, жазда шөп қалыпты өспеді. Дәнді дақыл егісі де күткендегідей өнім бермеді. Тұқым жағы қолда мүлде болмады, сондықтан да тұқымды сырттан сатып алуға мәжбүр болдық. Ақмола облысынан 4400 тонна, Орынбордан — 3100 тонна, азық-түлік корпорациясы арқылы 12 000 тонна тұқым сатып алынды. 1996 жыл 1,5 миллиард теңге зиянмен аяқталды. Шаруашылықтардың  50 пайызы банкроттық шекке таяды.

Ауыл шаруашылығы реформасы жедел қарқынмен жүргізілді, алайда оның тиімділігі әлі де ойдағыдай нәтиже бере қоймады. Себебі қуаңшылық әлі де берілмей тұрды. Ауылшаруашылық кәсіпорындарының есеп айырысу шоттарында қарыздарын өтейтін де қаржы қалмады. Ауыл шаруашылығы өнімдері де болған жоқ.

Сол кезде «Сельмаш» шипажайының базасында үш апталық тегін курс ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларын нарықтық экономикаға интенсивті оқыту жүргізілді. Бұрынғы ұжымшарлар мен кеңшарлардың сенімді ақтамаған басшыларының орнына болашағы бар жас кадрлар қойылды. Осылайша ескіше жұмыс істейтін отыздан астам кеңшарлардың директорлары ауыстырылды. Сонымен қатар, маркетинг және инвестиция бөлімдері құрылды. Мал шаруашылығындағы жағдай да жақсы бола қойған жоқ. 1996 жылдың бірінші қаңтарына облыста 1 миллион қой, 200 мың мүйізді ірі қара қалды. Кредиторлық қарыз 1997 жылғы бірінші қаңтарға 6 миллиард теңгені құрады. Мұның бәрі аграрлардың қарызы еді. Сол жылы егіс алаңы 961 мың гектарға дейін қысқартылып, әр гектардан 9,3 центнерден астық алынды. Шаруалар еркін тыныс алды.

Ауыл шаруашылығын белсенді реформалау жалғаса берді. 1998 жылы облыста 2 мың жеке ауылшаруашылық құрылымдары құрылды. Алайда жыл қайтадан қолайсыз болды: болмаған құрғақшылық соқты, ауаның температурасы жаз бойы дерлік 31 градус ыстықтан түспеді. Осы кезеңде шаруашылықтардың 11 пайызы ғана рентабельді, 80 пайызы пайдасыз шықты, 9 пайызы банкротқа ұшырады.

1998 жылы желтоқсанда Елбасының қатысуымен өткен республикалық кеңесте облыс әкімі реформа кезеңінде аймақта не істелгенін баяндады. Алға қойылған міндеттер орындалды. Ауыл шаруашылығы жаңа жұмылдырушы арнаға ауысып,  реформаның алғашқы жемісі жинала бастады.

Кейде  «Ұжымшарлар мен кеңшарлар неге соншалықты асығыс таратылды?» деген де сауалдар қойылып жатады. Шындығын айтсақ, асығудың себебі, көпшілік басшылар қоғамдық игілікті жан-жақтан сата бастады, ұжымның қарапайым мүшелеріне ештеңе қалмайтын болды. Мұндай жағдайда жекешелендіруді одан әрі қалдырудың реті жоқ еді.

1998 жылы көптеген шаруашылықтар сенімді басқаруға берілді. Олардың ішінде «Степное» «Құмқұдық», «ҚазССР 30 жылдығы», «Тоқмансай», «Хазірет», «Комсомол», Пацаев атындағы шаруашылықтар  болды. 150 шаруашылықтың базасында 292 өндірістік кооператив, 19 акционерлік қоғам, 4 ЖШС, 1066 шаруа қожалықтары құрылды. Сөйтіп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аграрлық мәселелер бойынша саяси нұсқауы 1998 жылдың аяғына қарай толық орындалды.

1998-1999 жылдары реформа оң нәтижелер бере бастады, елеусіздеу болғанмен, малдың барлық түрінің саны өсті, жалпы өнімнің көлемі 4 пайызға ұлғайды. 1999 жылы біз егіс алқабын бұрынғыдан да көп қысқартып, 522 мың гектарға жеткіздік, алайда тап осы жылы егін бітік шығып, әр гектардан 10,3 центнерден астық жиналды.

Сол кезеңде облыста 362 мың мүйізді ірі қара, 846 мың қой болды. Ең бастысы — агарлардың несиелік қарыздары 6 миллиардтан 3,3 миллиард теңгеге дейін кеміді. Ауылдықтар өзгерістердің дәмін сезінді. 2000 жылы облыста құрылған ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 2 820-ға жетті, оның 2439-ы — шаруа қожалықтары, 209-ы — жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 169-ы — өндірістік кооператив, 8-і — акционерлік қоғам еді. Жүз отыз шартты жер үлесі рәсімделіп, иелеріне актілер берілді. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің сексен пайызы салық төлеудің патенттік жүйесіне көшірілді. Ауыл шаруашылығына алғаш рет инвестиция келді.

Ауыл шаруашылық кәсіпорындарының 2002 жылдың бірінші қаңтарына несиелік қарызы 889 миллион теңге құрады. 2001 жылы ауыл шаруашылығы облыста алғаш рет пайдамен шықты. Ол 195 миллион теңге болды. Әрине, бұл көрсеткіштерді қазіргімен салыстыруға келмейді, алайда ол сол тұста үлкен ілгерілеу саналды. Жылды 80 ауылшаруашылық кәсіпорны пайдамен аяқтады.

Дегенмен реформа оңай жүрген жоқ. Құрғақшылық қайталап оралып отырды. Реформалау жөніндегі штаб аудандармен тығыз жұмыс жүргізді.

Реформаның барлық қиындықтары аудан әкімдерінің иықтарына түсті. Олардың көпшілігі бұл сынақтан абыроймен шықты.

Мен жекешелендіру халық шаруашылығының барлық саласының ішінен ауыл шаруашылығы өндірісінде әділ жүрді деп есептеймін. Адамдар жер, мал, техника, құрылыс пай үлестерін алды. Аудандарда реформа барынша тиімді жүргізілді. Әрине, әрқайсысының өзінше қиындықтары болды, бірақ Президенттің нұсқауын мүлтіксіз орындады.

Сол жылдары мемлекет әлі де шаруаларға тиімді қаржылық қолдау көрсете алмай тұрған. Сонымен қатар банктер, қордаланған қарыздарға байланысты іс жүзінде несие беруді тоқтатты. Осы күрделі жағдайда мемлекет шаруалардың қарызын ұзақ уақытқа қаржылық қолдау қорына ауыстырды. Жанар-жағар майды облыс әкімінің кепілдігімен, яғни бюджеттен алды. Берешектердің  бір бөлігі шаруашылықтардың банкроттығы арқылы есептен шығарылды. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығын сауықтырудың түрлі әдістері қолданылды. Патенттер, бірыңғай жер салығы, салық жеңілдіктері енгізіле бастады. Әлеуметтік-мәдени мақсаттарға арналған көптеген объектілер жергілікті биліктің балансына берілді. Вексельдік бағдарламаны енгізіп, фьючерстік келісімшарттарға кірісе бастады. Дүлей табиғаттың қытымырлығынан зардап шеккен шаруаларға көмек берілді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы реформа осындай күрделі жағдайда жүргізілді. 2000 жылға қарай облыста 3 мың ауылшаруашылық құрылымдары болып, олар бірте-бірте аяғынан тұрды. Қорытындысы: ауылдарда реформа аяқталып, нақты меншік иесі пайда болды, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайтуға қол жеткізілді, малдың барлық түрінің басы өсті, шаруашылықтардың қаржылық жағдайы жақсарды. Бұл жөнінде 2001 жылы 23 наурызда республикалық селекторлық кеңесте Елбасына мәлімделді.

Кезінде ауыл шаруашылығының  аяғынан тұратынына сенбей, күмәнмен қараушылар да болды. Бірақ ол көтерілді!

Елбасы осы қиын кезең жөнінде Қазақстан халықтарының Ассамблеясында сөйлеген сөзінде: «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы ішінде не болмады, әсіресе КСРО ыдырағаннан соңғы жағдай!  Экономика тоқтады, барлық зауыттар мен фабрикалар тұрды. Зейнетақы, не жалақы төлей алмады. Мұны біз білеміз, мен бұрын да айтқан едім және әрдайым айтамын, өйткені қазір өмір сүріп жатқандар бүгінгі күнгі сияқты болған деп ойлайды. Бос болған сөрелерді еске алыңыздар. Балаларына сүт сатып алып үлгеру үшін таңғы бестен тұратын, соның өзінде де бір бөлігі мұны үлгере алмайтын аналарды еске алыңыздар. Дүкендерде нан, шұжық, темекі, қант — ештеңе болмады!» деді.

Бұл халқымыз бастан кешкен  ақиқат еді. Бүгінгі күні біз жаңа технологиямен жабдықталған, пайда табу үшін жұмыс істейтін ауылшаруашылық өндірісінің  мүлде басқа түрін көріп отырмыз. Бұл жаңарулар Елбасы жүргізген реформаның жемісі.

Қайырқожа ЕЛЕУСІЗОВ,

ауыл шаруашылығы саласының ардагері.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*