Басты бет » Мәдениет » Қойылымдар ақысыз ұсынылды

Қойылымдар ақысыз ұсынылды

Тұңғыш Президент күніне орай Ақтөбе қаласында студенттік театрлар өздерінің пьесасын ұсынды. Көрермендер бір күнде «Диляфруз» бен «Қош, махаббат» атты қойылымдарды ақысыз негізде тамашалай алды.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр сахнасында өнер көрсеткен жастар сол арқылы құрбы-құрдастарының руханиятқа деген қызығушылығын арттырып, театр өнеріне ынта-ықыласын молайтуды көздеген. Шараны ұйымдастырған — облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен оған қарасты ресурстық орталық.

— Басты мақсатымыз — қыз-жігіттердің бос уақытының қызықты өтуіне атсалысып, оларды қаланың мәдени өмірінен тысқары қалдырмау. Біздің осынау бастамамызды жастар да қуана қабылдап, залда ине шаншар орын болған жоқ. Болашақта да тегін көрсетілімдерді өткізбек ойымыз бар, — дейді облыстық жастар ресурстық орталығының өкілі Динара Әбілқайырова.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті жанынан құрылған «МедАрт» театры Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» пьесасын сахналаса, «Тарлан» жастар театры «Диляфруз» комедиясын ұсынды. Мәңгі тақырып — махаббат турасындағы шым-шытырық оқиғалардан құралған пьесаларды көрермен қауым жылы қабылдады.

Қойылымдарды тамашалауға негізінен жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алып жатқан жастар жиналды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*