Басты бет » Тарих » Игілікті істің адамы еді…

Игілікті істің адамы еді…

Тағзым

Тіршілікте кейде адамдар бір-біріне қатар жүргенде қадірімізді білмейміз-ау деп көңіл білдіріп жатады. Былай қарағанда, осының өзі салыстырмалы нәрсе. Өмір болған соң қуанып жүретін де, ренжісіп қалатын да сәттер болады. Ал соның бәріне кеңшілікпен қарап, жақсыға жаның жадырап, жаманды ойға сақтамай өткізіп жіберіп жатсаң, қанеки.

Кейде бір осындай сәттерде күні кеше ғана арамызда жүрген азаматтардың асыл бейнесі көз алдымызға келе қалады. Сондай жақсылардың бірі  өткен жылдың желтоқсан айында өмірден өткен Серік Ахметов болатын.

Ақтөбеліктердің ілгері буыны мен орта жастағылар бұл есімді жақсы біледі. Өйткені, Серік Сметұлы көпшіліктің көз алдында жүрді, негізгі қызметімен бірге қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүретін. Адамдармен жақын араласып, көптің мүддесін ойластырып жүретін.

Ол қай жерде еңбек етсе де, өзінің адамгершілік абзал қасиеттерімен ерекшеленетін, жаны жайдары, жүзі жарқын, ізетті қалпымен есте қалатын. Ұзақ жылдар белсенді қызмет етті, әлі де қатарда болатын. Алайда тағдыр солай жазылса керек, алпыстың бел ортасынан енді ауған тұста, ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін татып, немерелерінің қызығына мейірлене қарап отыратын кезеңде өмірден өтіп кетті.

Серік Сметұлының өмір жолында экономика-қаржы қызметінің алатын орны ерекше. Ол Шалқар қаласындағы №496 Ідіріс Үргенішбаев атындағы орта мектепті бітірген тұста сол кездегі жастық албырт та арманшыл көңілмен заңгер немесе журналист боламын деп талаптанады. Сөйтіп, алыстағы Алматыға осындай ниетпен аттанған ол халық шаруашылығы институтының қаржы-несие факультетінен бір-ақ шығады. Ол кезде өзі жүрегі қалаған екі мамандыққа да оқуға түсу оңайға соқпайтын. Конкурс та жоғары, оның үстіне өндірісте жұмыс істеп келуің керек. Мектеп бітіргендердің көпшілігі есеп-қисабы бар оқудан айнала қашып, қиынсынатыны және бар. Осының бәрін ойға алған және мектепте жүргенде математиканы да бөтен көрмейтін жасөспірім экономистік мамандықты қаласа керек. Онысы дұрыс та болып шыққанға ұқсайды. Институт қабырғасында қатарының алды болды, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, жетіліп-шыңдалды.

Қолына дипломын алған жас маман 1972 жылы жолдамамен Ақтөбеге келді. Осы саладағы алғашқы еңбек жолын облыстық қаржы басқармасының бюджет бөлімінен бастады. Әдетте, жоғары оқу орнында теориялық білім алу бір басқа да, іс жүзінде өзіңді көрсету екінші бір дүние. Оның таланына алдынан кезінде Мәскеуде, Ленинградта жоғары білім алған, сол уақытта қаржы саласының майталмандары болып табылатын Мұхамбетжан Нұрпейісов, Төлеу Алдияров, Сердіғали Бердешов секілді беделді басшылар, жаны жайсаң ағалар кездесті. Облыс бюджетін орайластырып отыратын бөлімде қызмет істеуге де тәжірибе керек. Ал жас жігітте әзірге ұмтылыс, талап қана бар еді. Осындайда тәжірибелі қаржыгерлер оны қамқорлыққа алып, білгендерін үйретті. Бірте-бірте күрделі тапсырмалар беріп, қанаттандырды, баулыды.

Кейініректе өзі де осы саланың сенімді бір адамы ретінде танылған тұста Серік Сметұлы жоғарыда есімдері аталған ағалардың тәжірибе мектебі туралы ерекше сүйіспеншілікпен ұмытпай айтып отыратын. Және солардан қалған үлгі бойынша өзі де соңынан ерген жас буынға қамқорлық қолын созуды әсте ұмытқан емес.

Бір кездері  Ақтөбеде Целиноград қаржы-экономика техникумының Батыс Қазақстан аймағы үшін орталығы ашылған сәт болды. Бұл қай жағынан да тиімді еді. Өйткені көптеген жастар сонау шалғайдағы тыңгерлер қаласына оқу үшін қиындықтармен жететін. Ол кезде пойыз бүгінгідей тура жолмен емес, Ресей қалаларын айналып барады.

Серік Сметұлы облыстық бюджет бөліміндегі қызметіне қосымша түрде аталған орталықты басқарды. Күні кеше ғана институт қабырғасынан түлеп ұшқан жас буын осылайша қатайды, турасын айтқанда кешегі шәкірт бүгін ұстазға айналды.

Облыстық қаржы бөлімінде тұп-тура он бес жыл қызмет жасап, бөлім бастығы қызметінен облыстық партия комитетінің қаржы-сауда бөліміне нұсқаушылық қызметке тағайындалғанда, ол ысылған маман, тәжірибелі қызметкер болатын.

Серік Сметұлы облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарған тұсында ел-халықтың құрметіне ерекше бөленгені есімізде. Өйткені ол аудандарға іссапарға жиі шығатын. Сондайда жұртшылықпен бетпе-бет кездесіп, ашық әңгімелесіп, түйінді мәселелерді бірігіп талқылап, ой-пікір бөлісетініне талай куә болғанбыз. Оның адамдармен сөйлесу мәдениеті, тыңдай білу қабілеті айқын көрініп тұратын. Сондықтан да оған ақыл-кеңес сұрап, ойын айтып келушілер аз болмайтын.

Қазақта әдетте көпбалалы отбасында өскен адамның жұртқа жұғыстығы көбірек білініп тұрады. Оның үстіне елу жылдай ұстаздық еткен әкесі Сметтің кішкентайынан берген тәрбиесі мен тәлімі оны осындай жақсы жолға бағыттаса керек.

Өткен ғасырдың аяғына қарай қоғамда үлкен өзгерістер орын алғаны белгілі. Басты билікті бір қолға ұстаған коммунистік партия өз күшін жойып, ақырында тарауға мәжбүр болды. Осы тұста нарықтық қатынастар үстемдік ете бастады. Сол кезде Серік Ахметов көп ойланбастан өз мамандығы бойынша еңбек етуді жөн деп тапты. Ол жаңадан ашылған банкке директорлық қызметке кірісті. «Игілік банк» деп аталатын бұл құрылымның акционерлері — тұтынушылар одағы, сауда орындары, мұнай, теміржол мекемелері болды. Қандыағаштың мұнайшылары, Ембі, Шұбарқұдық, Шалқардың теміржолшылары, Хромтаудың кәсіпкерлері, міне, негізгі клиенттер қатарын осылар құрады. Акционерлердің қамқорлығымен, сондай-ақ әлгіндей айтылған клиенттердің сенімімен «Игілік банк» аз ғана уақыт ішінде айналаға танымал болды. Банк енді көтеріле бастаған кәсіпкерлерді қолдады, олар өз кезегінде жақсы жұмыс істеп, банкінің қаржы айналымын жақсартуға септігін тигізді. Осылайша «Игілік банктің» игілігін көп адам көре бастады. Серік Сметұлы басқаратын ұжым да жаңа жағдайға тез бейімделіп, банкілік операциялар аумағын кеңейте бастады.

Банк қызметкерлерінің білімін жетілдіруге көп көңіл бөлініп, мамандар ізденіске назар аудара бастады. Банк директорының өзі 1992 жылы сонау алыстағы АҚШ-қа сапар шегіп, Вашингтон, Нью-Йорк, Даллас қалаларында болып, тәжірибе жинақтап қайтты.

Секең басқаратын банк аз ғана уақыт ішінде көпке танымал болып қана үлгерген жоқ, сонымен бірге өздерінің экономикалық мүмкіндіктерін молайтуға да жол ашты. Басқаны айтпағанда, облыс орталығындағы  Әйтеке би көшесінен жаңа офис, 15 пәтерлік тұрғын үй салынды, банктің 10 қызметкері пәтерлі болды. Облыстың 5 ауданында филиалдар ашылды, 70 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, жастар мамандықтарын шыңдады, тәжірибе жинады. Осылайша ілгерілеу, даму кезеңдері «Игілік банкті» жаңа биікке шығарды.

«Темірбанк» басқармасының шешіміне сәйкес Серік Сметұлы 1997 жылы оның Ақтөбе филиалына директор болып жаңа қызметке ауысты. Бұл бір жағынан оған көрсетілген кезекті сенім болатын. Бұл жерде де ол абыройлы қызмет атқарды.

Серік Ахметов жалпы алғанда банктерде он бес жыл басшы қызметін атқарды. Беріректе облыс әкімінің шешімімен мемлекеттік қызметке ауысып, әлеуметтік қамсыздандыру басқармасына басшылық қызметке тағайындалды.

Серік Сметұлының жемісті қызметіне өмірлік серігі Дина Мақуқызы үнемі қолдау көрсетіп отырды. Отбасында Дәуіт, Дәурен атты екі перзент ержетті. Бүгінде олар еліміздің экономикасын көтеруге белсене қызмет жасауда, әкелері көрсетіп берген жақсы жолды лайықты жалғастыруда деп сеніммен айтуға болады. Келіндері Гүлжанат, Әсел де — инабатты, үлкеннің алдын кесіп өтпейтін тәрбиелі жандар.

Серік Сметұлы өзінің таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілігін ешуақытта жоғалтқан емес. Тіпті өмірінің соңғы кездерінің өзінде «Форте банкте» кеңесшілік қызмет атқарды.

…Міне, бір жыл өтті, сол абзал азамат туралы тек қана естеліктер айтылуда. Оны жақсы білетін замандастары, қызметтестері оның игілікті де ізгілікті істерін кейінгі буынға үлгі етіп айтады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*