Басты бет » Білім » 12 жас ғалым үшінші кезеңге өтті

12 жас ғалым үшінші кезеңге өтті

Байқау

Сенбі күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғимаратында республикалық «ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы» атты жалпыұлттық байқаудың екінші кезеңі өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтсақ, Алматы, Астана, Семей, Қызылорда, Маңғыстау, Орал, Атырау, Тараз қалаларынан жоғары оқу орындарының докторанттары, магистрлер, 35 жасқа дейінгі жас оқытушылар мен студенттер қатысты.

Жалпыұлттық байқаудың екінші кезеңін «Ақ жол» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов ашып, байқауға қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастарға, сондай-ақ шараның өтуіне қолдау көрсеткен облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

—  Бұл байқау осыдан бес жыл бұрын «Ақ жол» партиясының мұрындық болуымен алғаш рет ұйымдастырылған болатын. Бүгін, міне, осы байқаудың екінші кезеңін Ақтөбе жерінде өткізіп отырмыз. Жалпы еліміздің қай өңірін алсақ та тарихқа толы. Ал Елбасымыздың биылғы жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы біздің еліміз үшін тың ұсыныс болды. Елбасымыз нағыз көшбасшы ретінде өз мақаласында өткен тарихымызға тарихи позитивизм тұрғысынан назар аударып отыр. Президенттің тоқталып кеткен деректері мен мысалдары бұрыннан белгілі болғанымен, Елбасымыз бұл тарихи зерттеулерді бір жүйеге жинап, бұл мәселеге тың көзқараспен, басқа қырынан қарауды ұсынды. Сондықтан бұл мақаланың біз үшін, ұрпақ үшін маңызы зор, — деді ол.

Шарада Берік Дүйсенбинов облыстағы белсенді азаматтардың бірі Күнбол Тұрымовты «Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне арналған» естелік медалімен марапаттап, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кітапханасына Әлихан Бөкейханов шығармаларының 15 томдығын табыс етті.

Бұдан кейін шарада облыс әкімінің аппарат басшысы Нұржауған Қалауов Елбасы мақаласында айтылған тұжырымдамалар мен міндеттерге тоқталып, байқауға келген жас ғалымдарға сәттілік тілесе, қазылар алқасының мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер байқаудың шарттарымен таныстырды.

Байқаудың екінші кезеңіне 38 адам қатысты. Олар үш номинация бойынша өз жобаларын қорғап шықты. Қазылар алқасының шешімімен үшінші кезеңге 12 жас ғалым өтті. Оның екеуі — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері А.Жылқыбаев және А.Сүлейменов. Жалпыұлттық байқаудың үшінші кезеңі  Астана қаласында өтеді.

Айта кету керек, аталған байқауда «Ақ жол» партиясы төрағасының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер, Т.Досымов атындағы қордың президенті Бижан Қалмағанбет, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Самат Есқалиев қазылық етті.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*