Басты бет » Тарих » Жастық шақтан досым еді…

Жастық шақтан досым еді…

Тағзым

Адамның балалық, жастық шақтарында досы көп болады. Алайда өмір алға тартқан сайын сол достық қарым-қатынас сирей береді. Айналып келгенде  жастық шағыңдағы достарыңнан жаныңда нағыз қимас бірен-сараны ғана қалады. Менің сондай досым марқұм  Қазихан Жүсібалиев еді. Егер тірі болғанда биылғы қазан айында сексеннің сеңгіріне шығар еді. Қарттықтың талқанын жеп біз, міне, жүрміз, ол өмірден ерте өтіп кетті.  Осы бір асыл азамат туралы  баспасөз бетінде ілгеріректе жазған едім. Алайда туғанына осынша жыл толуына байланысты қимас досымды тағы бір еске алудың сәті келіп тұр.

Екеуіміздің достығымыздың өзі тағдырдың айдауымен болғандай еді. Ол — Ақтөбе, мен Атырау жерінде тусам да, сонау алпысыншы жылдары Гурьевтің (қазіргі Атырау) педагогикалық институтында оқып, қауышып едік. Буырқанған жастыққа тән жақсы қасиеттерімен көрінген Қазиханның жанына үйірілген студенттер көп болды. Әйтсе де соның ішінен Қазихан, Мұса, Асқар, мен — төртеуміз айырылмастай дос боп кеттік. Ол кездегі құйттай қала Атыраудың көшелерін тынымсыз кезіп, аяққа желімдей жабысқан қара сазын талай иледік. Демалыс күндері жалғыз орталық саябақтан шықпайтынбыз. Сондай кезде біздің сүйенішіміз, қорғанышымыз — қаймықпас жүректі, күшті білекті Қазихан болатын. Ол бар жерде біз ешкімнен зәбір көрмейтінімізге сенімді жүретінбіз. Біздің қарым-қатынасымыз осылай ыстық-суығы бірдей студенттік жылдарда қалыптасты.

Біреулер кім-кіммен бірге оқымады, кім студент болмады, мұның несін айтып отыр деуі де мүмкін. Расында да, студенттік кезде дос болып, кейін бірімен-бірі қауышпай кеткендер қаншама? Былай қарағанда, Қазихан екеуміз де солай болуымыз керек қой. Бірақ бізді тағдыр айдағандай, орайластырып, қауыштырып, тіпті бір өңірде, бір ұжымда ұзақ жылдар  жұп жазбай бірге жүруді жазды.

Атыраудан институт бітірген соң, сол тұстың үрдісі бойынша мен жолдамамен Атыраудың Жылойына, Қазихан Қостанай облысына мамандығымыз бойынша жұмыс істеуге тура келді. Сағынысып хат жазысып, алыста жүрсек те үзбей хабарласып тұрдық. Досымның ыстық ықыласы өзіне тартты да тұрды.

Ақырында жетпісінші жылдары, досымыз екеуміздің ниетіміздің дұрыстығы шығар, өзіме жайсыз болмаған Жылойдан Ақтөбеге ауысудың реті келді. Алғашқыда Ақтөбенің қазіргі дарынды балалар мектеп-интернатында жұмыс бастап, көп кешікпей Қобда ауданының Қазақстанның 15 жылдығы атындағы мектебіне директор болып тағайындалдым. Шынын айтсам, менің тілегенім де сол еді. Себебі, осы тұста Қазихан Қобда ауданының Новоалексеевка аталатын орыс орта мектебінде мектеп директоры болып жұмыс істейтін-ді. Екеуміздің қуанышымызда шек болған жоқ.

Бұл шақта менің досым педагогика саласында көп тәжірибе жинақтаған жақсы басшыға айналған екен. Білім беру жүйесінің озық тәжірибелерін өзі басқаратын мектептің күнделікті  қызметіне енгізіп, өзін ауданның ұстаздар қауымына мойындатып үлгерген. Сол кездің талабына сай, мектептің кәсіптік білім беретін шеберханасын жасақтап, пәндік кабинеттер ашқан. Жергілікті педагогтар досымның ақылына ұйып, қандай кеңесін де тыңдайтын болған. Жалпы, айрықша көзге түскен кадрдың еңбегінің еленбей қалуы сирек болатын жағдай.  Арада бірсыпыра уақыт өткенде, менің досымның белсенді еңбегі бағаланып, Қобда аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды.

Бір ауданның білім саласының жауапкершілігі жүктелген бұл басшылық жұмысқа ол бар ынта-шынтасымен кірісті. Оның осы қызметте қандай жанқиярылық жұмыстар атқарғанына бүгінгі күні мен куәмін. Өңірдегі  білім ошақтарының материалдық-техникалық жағдайларын нығайтты. Мұғалімдердің тұрмыстық-әлеуметтік ахуалын жақсартты. Аудандық білім саласы басшысының ұзақ жылғы еңбегі өзінің жемістерін берді. Қазиханның қолтаңбасы облысқа үлгі етілді.

Кеңестік кезеңнің талабына сай өтетін аупартком мен ауаткомның алқалы жиындарында білімнің жайын талқылаған кезде, менің досымның өз ұстанымын табандылықпен қорғап, өткізгенін талай көрдім. Өйткені ол сол тұстағы ауданның өзге ұлт болып келетін басшыларынан гөрі басқаратын саласын жетік білетін еді. Сондықтан да өзіндік көзқарасы, ұстанымы бар, азулы азаматпен аудан басшылары санасты. Меніңше, бір ауданның білім саласын табан аудармай ширек ғасыр басқарған Қазихандай басшы көп болмаса керек. Осы жылдарда ол аудан мектептерінің жан-жақты жетілуіне, оларды білікті кадрлармен қамтамасыз етіп, күллі білім саласының ілгерілеуіне ересен еңбек сіңірді. Сол үшін де алғашқылардың бірі болып Ыбырай Алтынсарин медалімен марапатталды. Бұл оның ұзақ жылғы педагогтік, басқарушылық еңбегіне берілген баға еді.

Мен осы жерде Жүсібалиевтер әулетіне тән ерекше қасиетті айта кеткім келеді. Менің досым Атырау педагогикалық институтының математика факультетін бітірді.  Өйткені бұл әулет тұқымымен математиктер еді.  Туған жері Ойыл ауданында бұл тұқымды, оның ішінде атақты математик Жақия Жүсібалиев есімін білмейтін жан жоқ. Қазір осы ауданның орталығындағы үлкен қазақ орта мектебі осы адамның есімімен аталады.

Студенттік шақта қара нанды бөліп жеген, оң солымызды танып, атқа мініп қызмет істеген жылдарда бұрынғыдан да жақындаса түскен, туыстай араласқан досымның адамгершілік тұлғасын, жолдасқа адалдығын ешуақытта ұмыта алмаймын. Оның отбасының өзі ерекше ұя еді. Зайыбы Бәтіш әйгілі ақын Нұрпейіс Байғаниннің баласы Ғалымның қызы еді. Қолынан талай дәм таттық. «Екі жақсы қосылса» дегендей, көпшілік қызығып қарайтын кеңпейіл ерлі-зайыпты адамдар еді.

Досымның балалары Асқар, Жанна, Ару менің көз алдымда өсті. Жақсы ұядан ұшқан жастар еді.  Өмірден өз орындарын тауып, қоғамның үлгілі мүшесіне айналды. Асқар ұзақ жылдардан бері басшылық қызметтер атқарып келеді.  Жанна әке жолын қуып, тамаша педагог, жастардың ұстазы болып шықты. Кіші қызы Ару да әке салған ізбен жүріп, қазір Астананың аграрлық университетінде ұстаз, ғылым кандидаты.

Өмірден ерте озған атпал азаматтың елге сіңірген адал еңбегін кейінгі жастар біле бермес. Бірақ аға буын, замандастары ұмыта қоймағаны ақиқат.

 Ғалымжан БАЙДЕРБЕС. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*