Басты бет » Денсаулық » Жедел жәрдем неге кешігеді?

Жедел жәрдем неге кешігеді?

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Батыс-2 ауданындағы  орталықтандырылған облыстық медициналық жедел жәрдем бекетінде жиын өткізді. 

Кейінгі кезде тұрғындар тарапынан жедел жәрдем қызметіне наразылық көп. Қараша айындағы қыз баланың өлімі де осы қызметтегі мамандардың салғырттығынан болған еді.

— Өткен жылы Ақтөбеде жаңа жедел жәрдем орталығы пайдалануға берілді. Орталық ашылған соң халықтың тұрмысы, денсаулығы қалай өзгерді? Орталықтан пайда бар ма, жоқ па? Кейінгі кездегі әлеуметтік желі мен баспасөзді қарасақ,  пайдасы шамалы болып тұр. Себебі тұрғындар тарапынан орталықтың, емханалар мен ауруханалардың жұмысына наразылық көп. Осыған дейінгі кездесуде бірқатар сын айтқанмын. Бірақ арыз-шағымдарға қарасақ, әлі өзгеріс жоқ. Әсіресе, науқасты бірінші қабылдайтын медбикелер мен тіркеу бөліміндегі қызметкерлердің және  дәрігерлердің  мәдениеті төмен.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту туралы тапсырма берілді. Бұл тапсырма ең алдымен сіздерге қатысты. Себебі мемлекет тарапынан сіздерге әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Жаңа бекеттер мен ғимараттар салынып жатыр. Осы бекетте 69 көлік бар екен. Оның ішінде жаңадан алынған реанимобиль көліктері бар. Жалақыға қатысты да ешқандай мәселе жоқ. Мамандар жеткілікті. Енді сіздер халыққа жұмыс істеулеріңіз керек, — деді облыс әкімі.

Әлеуметтік сауалнама жүргізілгенде халықтың отыз пайыздан астамы медицинаға көңілі толмайтынын айтқан. Бердібек Сапарбаев жаңа ғимаратта отырып, сапалы қызмет көрсете алмаған басшыларды сынады.

Жедел жәрдем орталығы салынғаннан кейін мәселе шешіледі, уақыт 10-15 минутқа кемиді дедік. Қайда кемігені? Диспетчер қоңырауды көтермейді, одан қалса байланысу мүмкін емес, — деген облыс әкімі жұмысты бұлай жалғастыруға болмайтынын айтты.

Облыстың жедел жәрдем қызметі түрік компаниясына сегіз жылға жалға берілген болатын. Бұл ретте облыс әкімі:

—  Әркім өзіне берілген міндетті дұрыс орындауы керек. Егер орындамаса, басқа талап қойылады. Мақсат — ғимаратты салып,  мерседеспен жүру емес, халыққа көрсететін қызмет сапасын жақсарту,  —  деді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жедел жәрдем жұмысын жақсарту үшін арнайы шаралар қолға алынғанын, қажетті материалдық-техникалық жағдайдың да жақсы екенін айтты. Алайда кейбір мамандардың  салғырттығынан кемшіліктерге жол берілгенін мойындады. Жіберілген қателіктер бойынша тексерулер жүргізіліп, мекеменің бас дәрігері орнынан босатылған. Дегенмен әлі де шешілмеген проблемалар бар.

Қала айтарлықтай өсіп жатыр. Жедел жәрдем бекетінің өзіне бекітілген, яғни қызмет көрсететін аумағы үлкейді. Саяжайдағы тұрғындардың мекенжайы әлі күнге дейін бір ізге түскен жоқ. Қазір осы мәселелер бойынша қала әкімдігімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы бекетті салу кезінде қосалқы бекеттер де салу көзделген болатын. Бірақ бұл кейінге қалды, — деді басқарма басшысы.

«Нұр Ақтөбе» ауданында  қосалқы бекет салу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр. Сондай-ақ жылдың басында жедел  жәрдем бекеті қызметінің нормативтік базасына өзгерістер енгізіліп, шақыртулар төрт категорияға бөлінген.  Төртінші категория, яғни созылмалы аурулар бойынша жедел көмекті енді  емханалар көрсетеді. Барлық қоңырау 103 номеріне келіп түседі. Бұл жердегі диспетчер науқастың  қандай категорияға жататынын анықтайды. Сол бойынша бригаданы бағыттап отырады. Егер науқас созылмалы сырқатқа шалдықса, оған емхана мамандары көмектеседі. Бұндай жағдайда жедел жәрдем бір сағаттың ішінде барып болуы керек. 19 қарашадан бастап бұл істі бір жүйеге келтіру басталған. Қазіргі күні  дәрігерлер таңғы сағат 8.00-ден 21.00-ге дейінгі шақыртуларға барып жүр. Ал келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап олар күні-түні жұмыс жасайды. Егер төртінші категорияға үздіксіз қызмет көрсететін арнайы бригада ашылатын болса, норматив бойынша 10 мың тұрғынға шаққанда 1 көлік қажет болады. Әсет Қалиев емхана үшін тағы 20 көліктің қажет екенін айтты. Сондай-ақ  жедел жәрдем қызметіне қосымша 25 фельдшерді жұмысқа қабылдау үшін олардың біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыс әкімі емхана мен ауруханалардың бас дәрігерлеріне сұрақ қойды. Әсіресе, мамандардың мәдениетіне, тәртібіне  қатысты ескерту берді.

Аурухананың, емхананың бас дәрігерлері, орынбасарлары «ауру кінәлі», «ата-ана кінәлі» дегенді қоюы керек. Мысалы, баласы ауырып, өлейін деп жатыр. Сол кезде ата-ананың жағдайы қалай болады? Неге соны түсінбейміз?  «Дұрыс айтпады», «Мекенжайды дұрыс бермеді» деп ата-ананы, ауру адамды кінәлағанды қойыңдар. Бұл ешқандай сылтауға жатпайды. Тезірек қабылдап алып, көлікті жіберу керек, — деді облыс басшысы.

Жиында ардагер дәрігер Ізбасқан Аймағанбетов медицина саласындағы кемшіліктер мен оны түзетудің жолын айтты. Ал медицина қызметкерлері кәсіподағының төрағасы  Қайрат Сабыр күніге 500-600 қоңырау түсетінін, мамандардың үлгере алмайтынын жеткізді. Талап бойынша әр бригада 14-16 шақыртуға ғана қызмет көрсетуі керек. Ал қазір бригадалар жиырмадан аса шақыртуларға барады. Осы ретте емхана дәрігерлері созылмалы ауруы бар науқастарды емдеуге күш салып,  профилактикалық шараларға көңіл аудару керек.  Мәселені шешуде Қайрат Сабыр өз ұсынысын айтты.

Жиын соңында Бердібек Сапарбаев бас дәрігерлерге жүйелі жұмыс істеуді тапсырды. Өзі ғимаратты аралап, жедел жәрдем қызметін тексерді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*