Басты бет » Тарих » Мұстафа Шоқай мұрасы: идеялар мен аманаттар

Мұстафа Шоқай мұрасы: идеялар мен аманаттар

Кешегі кеңес өктемдігінен шетелге кетіп, өмірінің соңғы жиырма жылдайын Еуропада өткізіп, көзі тірісінде өзі дүниеге келген Сыр бойының Наршоқы құмына бір рет те аунай алмаған Мұстафа Шоқай сағыныштан сарғайтқан Отан есігін егемендіктің елең- алаңында ғана ашқан болатын.  Бұл үшін біздер, ұлы күрескер отандастары,  ең бірінші көгіміздегі Тәуелсіздік туына қарыздармыз.

Мұстафа Шоқай туралы жазушы ғалым Бейбіт Қойшыбаевтың «Ана тілі» газетінің 1990  жылғы 17 мамыр күнгі санында жарияланған «Беймәлім тағдыр. Мұстафа Шоқаев туралы бірер сөз» мақаласы біртуар тұлға туралы алғашқы ізденіс іспетті еді. Ал 1990 жылдың 2 қарашасында «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған «Мұстафа Шоқай» атты екінші мақаласында автор бұрынғы ойларын тереңдете түсіп,  қайсар жанның шығармаларынан үзінділер келтіріп, оның кейбір идеяларымен оқырмандарды таныстырған еді.  Келесі терең толғаныс пен ерекше тебіреністерге, келелі пікірлер мен оралымды ойларға толы материал белгілі қоғам қайраткері, жазушы Әнуар Әлімжановтың «Мұстафа Шоқай… Ол кім?» деген «Қазақ әдебиеті» газетінің 1991 жылдың 24-ші және 31-мамырдағы сандарында жарық көрген мақаласы болатын.

Шынына келгенде, Мұстафа Шоқай кім болған еді? Неге бұл тұлғаға ерекше қызығушылық туды? Мұның бірнеше себептері бар-тұғын.

Біріншіден, Мұстафа Шоқай — ұлттық тәуелсіздіктің бірден-бір жалынды жаршысы және  тамаша ұлттық идеялардың иесі, Алаш ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі еді. Жапония ғалымы Уяма Тимохико ХХ ғасырдың бас шенінде Ресейдің өз ішінде және оның төңірегінде қызмет еткен көптеген мұсылман ұлы реформаторлары мен революционерлер шоғырын, оның ішінде  Әлихан Бөкейханды да атай келе, жаңа азат жолдан осы «жұлдыздың ішінде Мұстафа Шоқай бірегей орын алады» деп жазған еді. Мұндай бағаның жайдан-жай берілмегеніне ұлы күрескер болмысымен танысқан адамның ешқайсысы күмәндана алмас.

Екіншіден, 2015 жылы Алматыдағы Ұлттық кітапхана шығарған «Библиографиялық көрсеткішке» Мұстафа Шоқайдың тоғыз тілде жазылған 800-ден астам шығармасы мен оның өмірі, саяси қызметі мен шығармашылық мұрасына қатысты 8 тілдегі 1405 еңбек енген болатын. Бұл оның әлемге танылғандығының айқын көріністерінің бірі еді.

Үшіншіден, бірнеше тіл білуі, жан-жақты саяси қайраткерлігі мен ерен білімдарлығы арқасында  Мұстафа Шоқай Париж, Стамбул, Варшава мәртебелі мінбелерінде бірнеше рет саяси баяндамалар жасады. Арнайы шақырумен Лондонда 1924-1934 жылдар аралығында алты-жеті рет болды. 1933 жылғы 27 наурызда Корольдік Халықаралық қатынастар институты ұйымдастырған конференцияда «КСРО және Қытай Түркістаны»  атты тақырыптағы баяндамасының ерекше қабылдануы, белгілі мұстафатанушы Көшім Есмағамбетовтің атап көрсеткеніндей, «Мұстафаның ірі қайраткер және халықаралық өмірдің сұңғыла сарапшысы ретінде танылуына байланысты еді».

Төртіншіден, Мұстафа Шоқай осындай әлемдік деңгейдегі тұлға болмаса, кеңес көсемі И.Сталин 1925 жылдың 29 мамырында РКП(б) Қырғыз (Қазақ) өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне мынандай мазмұнда хат жолдамас еді: «Бiз өкiметтi, жастарды саяси және идеологиялық тәрбиелеудi партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығымен және еш қалдықсыз коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанда (Қазақстанда) шоқайшылардың жеңiске жетуi әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы (Қазақстандағы) коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең».

Тарихшы  Көшім Есмағамбетовтің сөзімен айтқанда, «қайраткерлігі мен ғұламалығына, мәмлегерлігі мен шешендігіне, дүниетанымы мен идеялық мақсат-мұраттарына, адамгершілік биік қасиеттеріне тірі куә іспеттес аса құнды шығармашылық мұрасы», осыдан ғасырға жуық бұрын жазылса да, бүгінгі Тәуелсіздігімізге толық қызмет ете алады.

Шынында, Отаны тәуелсіздікке жетсе, тек саяси үгіт ісімен айналысуды ойлаған, «елінің тарихы және басқа өлке халықтары туралы кітаптар жазумен шұғылдануды» армандаған энциклопедиялық білімдар ойшылдың мол идеяларын, тұрлаулы тұжырымдары мен асыл аманаттарын бүгінгі ұрпаққа  жеткізу — ендігі алда тұрған абзал парыз да, ұрпақ қарызы да дегіміз келеді.

Түркістан ұлт-азаттық күресінің түпкі мақсаты — ұлттық мемлекет құру болатын. Сондықтан Мұстафа Шоқай ұлттық еркіндік пен дамудың алғышарты болуға тиісті ұлттық дербес мемлекет құру қажеттігіне өз кезінде қайта-қайта оралып отырған. «Яш Түркістан» журналының  1929 жылғы №1  санында жарық көрген «Біздің жол» атты мақаласында автор Түркістаннның  бодандықтан  құтылуы үшін күресеміз, бұдан басқа жол жоқ деп кесіп айта отырып: «…Біздің мұратымыз — Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп жазды. Сондай-ақ «Көтерілістен — ұйымшылдыққа» атты еңбегінде «Бәрінен бұрын ұлттық, тәуелсіз Түркістан мемлекетін құру болып табылады» деп тиянақтауы да жайдан-жай емес еді.

Мәселенің бұлай қойылуының принципті мәні зор. Өйткені мемлекеттің ұлттық сипаты айқындалмай,  алдымен мемлекет құрушы ұлттың мүддесі шешілмей, армандары ақталмай, тәуелсіздік үшін күрестің мұраттары жүзеге аспайды. Сонан соң қазіргі кенжелеу келе жатқан рухани дүниеміздегі қайшылықты мәселелердің дені мемлекеттің ұлттық сипатының жеткіліксіздігінен туындап отыр. Ал әлемдік тәжірибеде мемлекет құраушы ұлт 60 пайыздан асса, онда сол мемлекеттегі саясат мемлекет құраушы  ұлттың мүддесі мен мұратына жұмыс істеуі қажет деген қағида бар.

Мұстафа Шоқайдың мәңгі өлмес идеясы — Тәуелсіздік еді. 1930 жылғы «Түркістан ақындарынан» атты мақаласында ол: «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт- азаттығымызды аламыз» деген болатын. Араға алпыс жыл салып барып жүзеге асқан  аса күрделі де сан-салалы мағыналарға ие бұл «тәуелсіздік» ұғымы ел иесі ұлттың мүддесіне тікелей қатысты. Рас, ең бірінші және мәндісі   кешегі бар мәселені Мәскеудің шешетінінен құтылдық. Алайда халқымыз тәуелсіздік құдіретін толық сезінді, тәуелсіз сана толық қалыптасты, заңға негізделген  тәуелсіз әрекет күнделікті өмірімізге серік болды деуге әлі ерте.

Осыдан  тоқсан жылдай бұрын, яғни 1930 жылы көлемі жағынан екі беттей ғана, мазмұны жағынан бір кітапқа жүк болар «Автономиядан – тәуелсіздікке» атты мақаласында Мұстафа Шоқай: «Ұлттық тәуелсіздік отаршыл озбырлардың езгісінен, талан-таражынан атамекеніміз бен халқымызды құтқару қозғалысы болып табылады» деген ойын бүгін де жай ғана еске алып қоймай, мағынасына тереңірек үңіле түссек, артық болмас еді. Өйткені отаршылдықтың кейбір зардапты элементтері белгілі жағдайда бүгін де жалғасып келеді. Оған теледидарымыздағы ұлттық танымымызға сәйкес келе бермейтін шетелдік хабарлар, оқырмандарының алдын орап жүргізбейтін орыс тіліндегі кейбір басылымдар, ағайындарымыздың арасында  мемлекеттік тіліміздің құдіретіне тиісті мән бермей, орысша не қазақша сөйлегеннің қандай айырмашылығы бар дейтіндер, т.т. дәлел бола алады.

Бүгін қазағымызға ұлттық рух та жетіспей отыр. Сан жылдар патшалық Ресейдің отаршылдық саясатынан, соның саяси жалғасындай болған кешегі кеңестік  өктемдіктен жаншылып қалған ұлтымыздың басты көрсеткіші әзір бой түзей алатын емес. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы — ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында  өсіп-дамиды, жеміс береді», — деген сөзін айта кетсек артық болмас. Осымен байланысты ұлттық рухы жоғары  халықтар ғана тәуелсіздікке қол жеткізеді және оны қорғап қала алады деген терең мағыналы өсиет те бүгінгі Қазақстан жағдайында ерекше маңызға ие болып отыр.

Шынында да, ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие етумен бірге өз ұлтыңды шынайы тануға, өз отаныңа  деген сүйіспеншілігіңді арттыра түсуге, өз халқыңның алдындағы  өз борышыңды жоғары сезінуге игі ықпал еткен болар еді.

Мұстафа Шоқай аса жоғары қастерлеген «ұлттық рухтың» «ұлтшылдық» ұғымымен туыстас екенін ескерген жөн. Біздер ресми жағдайда «ұлтшылдық» ұғымын кейде кеңестік кездегі мағынамен пайдаланып жүрміз. Мұстафа Шоқай «Орыс тепкісіндегі Түркістанның ұлттық қозғалыстарынан. Жеңілмес ұлтшылдық» атты мақаласында ұлтшылдық туралы: «Ол — халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да өмір сүреді. Біз, Түркістан жастары, сол үшін де «оптимиспіз» және бостандық күніміздің жақындап келе жатқанына шын жүректен сенеміз» деген еді. Бірінсіз бірі жоқ бұл «ұлттық рух» пен «ұлтшылдық» — шынайы жағдайда ұлтымызды шын мәнісінде рухани жаңғырта, жаңарта түсетін құдіретті ұғымдар.

Бүгінгі Елбасымыз Мәңгілік ел болуды нақты алға қойып отырғанда Мұстафа Шоқайдың «өзінің ішкі бірлігін нығайта алған халықтар ғана тәуелсіздігіне қол жеткізе алады және оны қорғап қала алады» деген өсиеті айрықша мәнді.

Мұстафа Шоқай «Батыр большевик Аманкелді хақындағы ақиқат» атты мақаласында өзі 1918 жылдың жазында Торғай даласын аралап жүрген кезінде  жергілікті қыпшақ ағайындар Мұстафа Шоқайдың өзіне де жақын кісілерін жіберіп,  төреден шыққан Әлихан Бөкейхан мен арғыннан шыққан Ахмет, Міржақыптарға қарсы күресте «бізге саяси жетекші болыңыз» деген екен. Бұл өтінішке ол: «Түркістандағы түрік адамы  үшін, әсіресе Түркістанның  ұлт-азаттық туын көтерген адам үшін арғын, қыпшақты былай қойып, тіпті өзбек, қазақ, түркімен болып бөлінудің өзі Түркістан түріктерін бөлшектеп, өлімге бастайтын жол екенін жақсы білетін едім» депті.

Саяси күрестің  от-жалынында  шыныққан, өмір жолында сан мінез-құлықты қайраткерлермен жолығып, кейде олардың кейбіреуімен айтысқа да түскен Мұстафа Шоқайдың саяси тұлғаларға қоятын талаптары да  бөлекше болған. Өзінің қайтыс боларынан бес жыл бұрын жазылған «1936 жыл» деген  мақаласында: «Жалпы ұлттың мүддесін жеке қожалықтар мен жеке топтардың мүддесінен жоғары қоя білген, өзінің белгілі бір түзімге белгілі бір себептермен қалыптасқан қатынасын, оған тәуелділігін жалпы ұлт мүддесі тұрғысына сәйкес, ұлттың жалпы жағдайына үйлесетін түзім жолында құрбан ете білген адамдар ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметші бола алады», — деген-ді.

Осындай нақты талаптар қоюмен шектелмей, Шоқай «Біз саяси қайраткерлерді оның ұрандарына қарап емес, іс-қимылдарына қарап бағалаймыз», — деді. Саяси қайраткерлер халық жадында мезгіл-мезгіл ұрандарымен емес, ұлт мүддесін тұрақты қастерлеп, ардақ тұта алуымен, сол үшін мақсатты және қажырлы іс-әрекеттерімен қалатынын адамзат тарихы ылғи да дәлелдеумен келеді.

Қай қоғам болмасын, оның тағдыры ең алдымен зиялылардың назарында болатыны белгілі. Сондықтан да, Мұстафа Шоқай сөзімен айтқанда,  олардың «міндеті ұлы да қасиетті болуы себепті өте ауыр». Сол себепті де ол «Дүниежүзінде зиялыларсыз ұлтқа айналған халықтың саяси, әлеуметтік бірлігі болған емес, сондай-ақ халық бұқарасынан қолдау көрмеген зиялы қауым ештеңе істей алмайды» деп кесіп айтқан. Мұстафа Шоқай халықты ұлт деңгейіне көтеріп, оны жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып, өз мекемелеріне өзін ие етіп, тәуелсіздік сияқты негізгі мақсатқа жету үшін ұлттың зиялы қауымы мен  халық бұқарасы арасында бір ортақ сана болуы керектігіне назар аударады.

Мұстафа Шоқай батыс мектептерінде тәрбиеленген зиялылардың өз халқына ұлттық тәрбие беріп жарытпайтынын және халық та олардан пәлендей бір ұлттық тәрбие алып жарымайтынын, өйткені батыс тәрбиесін алған зиялылардың аянышты жері — рухани жақтан өз халқына  өгей болып қалатынын ескертеді. Ал ұлттық рухтың негізі — ұлттық тіл екені бесенеден белгілі.

Өз ұлтының тәуелсіздігі мен азаттығын ойлаған бүкіл Алаш алыптары сияқты жалынды публицист, заңгер-ғалым, халықаралық дәрежедегі саяси күрескер, энциклопедиялық білімдар, терең ойшыл Мұстафа Шоқайдың өшпес мұраттары мен идеяларын қазіргі тәуелсіз еліміздің шындығынан туған Елбасымыздың ой-тұжырымдарымен  астастыра отырып қана  рухани жаңғырып, ғасырлар бойы күресіп, қол жеткізген тәуелсіздігімізді тұғырлы ете алатынымызды қатаң ескеруіміз қажет.

Әбдіжәлел БӘКІР,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда

 мемлекеттік университетінің

Мұстафа Шоқай ғылыми-зерттеу

орталығының ғылыми жетекшісі,

саяси ғылымдарының докторы,

профессор.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*