Басты бет » Денсаулық » Шипалы қолдың шапағаты

Шипалы қолдың шапағаты

Тағзым

Тағдыр

Жалпы атақты хирургтердің өмірден өтуінде бір ұқсастық бардай көрінеді. Қазір бір адамнан екінші адамға жүрек алмастырудың алғашқы операциясын 1967 жылы оңтүстік африкалық хирург К.Барнард жасағаны белгілі болды. Ерте даңққа жеткен сол адам алпыс жастың шамасында бұл мамандығынан өз еркімен бас тартып, жүрек-қан тамыры ауруларын зерттейтін білікті ғалым-дәрігерге айналады. Бұл салада да әлемдік медицинаға зор үлес қосып, атақ-даңқа бөленеді. Адамзат баласын жүрек-қан тамыры сырқатынан қорғаудың жолын көрсеткен небір керемет еңбектер жазады. Алайда әйгілі ғалым 78 жасында кенеттен өзі де сол инфарктен қайтыс болады. Есімі елімізге, Ақтөбе жұртшылығына кең танымал  онколог-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Асылбек Төлеуов 78-ге қараған шағында өмірден озғанда, менің ойыма өзім интернеттен өмірбаянын оқып, танысқан, шетелдік осы хирург оралды. Тағдырларынан ұқсастық көрдім. Асылбек те ғұмырын медицинаның онкология саласына арнаған белгілі хирург, танымал ғалым. Ғасырдың дерті — обыр ауруын, қатерлі ісікті анықтаудың қазіргі заманғы әдістері, оны жетілдірудің жолдары туралы докторлық диссертация қорғаған, 70-тен астам ғылыми еңбектер жазған. Ғылымда жаңалық ашып, 3 өнертабыстың иегері атанған. Әне, талай пациентті обыр ауруының шеңгелінен аман алып қалған, қолы шипалы хирург-дәрігер, Астана қаласында, әріптестерінің ортасында, өзі сол айықпас дерттен көз жұмды.  Бұл жерде тағы да жоғарыда біз әңгімелеген К. Барнардтың: «Дәрігер адамның ғұмырын ұзарта алмайды, өмірінің сапасын ғана жақсартады» деген даналық сөзін еріксіз еске аласың. Мұсылманның өлшеулі дем, маңдайға жазылған тағдыр деген қағидасына жүгінбеске шараң қалмайды.

Әріптестер

Өмірден озғанына қырық күн толған асыл азаматтың бейнесі оны білетін ел-халықтың көз алдында тұр. Ол арғы жағы Ырғыз, бергі жағы Қарабұтақ өңірлерінің тумасы еді. Ұлы Жеңіс келіп жеткенде 4 жаста болған Асылбек Ермағанбетұлының балалық шағы соғыстан кейінгі қиын жылдармен тұспа-тұс келді. Өз тұрғыластары сынды буыны қатпай үй шаруасын мойынына алып, колхоздың қат-қабат науқандық жұмыстарына жегіліп өсті. Сөйтіп жүріп ауылдық жерде оқып, орта мектеп бітірді. Дала баласының арманы орындалып,  Ақтөбенің мемлекеттік медицина институтына түсті. Оны 1964 жылы ойдағыдай бітіргені сондай, институт қабырғасында қалып жұмыс істеудің сәті түсті.

Асылбектің досы, радиолог-ғалым, өткен жылға дейін аталған медицина институтының сәулелік анықтау және сәулелік емдеу кафедрасында қызмет атқарған Темірхан Сұлтанов сол бір кездерді былай еске алады:

— Біз Асылбек Төлеуов, Намаз Ізімбергенов, Ізбасхан Аймағамбетов, Болат Басбаев, Қуандық Дүйсенов, Қапа Құдайбергенов, тағы біраз қыз-жігіттер бірге бітірдік. Оның ішінде Асылбек екеуміз бір топта оқыдық. Ақтөбе медицина институтының біз екінші түлегіміз.

Кейін институт қабырғасында да бірге қызмет атқардық. Оның мамандығы — хирург онколог, операция жасайды, мен — радиологпын, емдеймін. Тамаша жігіт еді. Өте ақкөңіл, ешкімнің көңілін қайтармайды. Пациенттерге де, әріптестеріне де көмектескісі келіп тұратын. Жұп жазбай, сондай жақсы өмір сүрдік. Жолдастық қарым-қатынасымыз үзілген емес. Сыйластығымыз бөлек еді. Мен оны Асылтас десем, ол мені Теміртас дейтін. Балаларымыздың туған күні, мектепке баруы сияқты қуаныштарымызды бірге бөлісіп, туыстай араластық. Зайыбы Ғалия да дәрігер, өнегелі отбасы болды. Балаларын, немерелерін, шөберелерін өсірді. Сол балаларының жұмыс ыңғайымен Астанаға қоныс аударды. Ол жақта да өз саласы бойынша институтта қызмет атқарды. Профессор ретінде  шәкірттерге дәріс оқыды.

Төлеуовтер облысымызға белгілі әулет. Асылбектің інісі Пазылбек те онкопроктолог, ұзақ жылдардан бері Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінде қызмет істейді.Үлкен қызы Алма д жақсы дәрігер маман. Кіші қызы Әлия әке жолын қуып медицина ғылымдарының кандидаты болды. Қазір Астана қаласында қызмет жасайды. Ұлы Еркінбек — кәсіпкер.

Досымның сырқаттанғанын естіп, жазда көңілін сұрап арнайы Астанаға барып қайттым. Арнаулы кереуетте жатыр екен. Дертінің ауырлығын түсіндім… Қолымды қайта-қайта сүйіп, көңілі босады. Енді қайтып көрмейтінін сезді ме деймін. Несін айтайын, біздің достық, жолдастық көзқарасымыз, бір-бірімізге деген ықылас-ниетіміз бөлек еді ғой.

Гиппократ антына адалдық

Темірхан аға айтқандай, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын (қазіргі Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті) сол бір тұста негізінен ауылдан шыққан өңшең қабілетті жастар бітіріпті. Кейін өңіріміздің медицина саласының іргетасын бекіткен, біліктілігі, білгірлігімен аты шыққан сол азаматтар, бүгінде осы саланың айтулы тұлғаларына айналды. Тіпті қазірде де олардың бірқатары осы салада халыққа мінсіз қызмет көрсетіп келеді. Олар Гиппократ антына адал болып қалды. Сырқатты қарап отырып, қара басының қамын ойлаған жоқ. Ындыны құрып ақша дәметпеді. Қазіргі кейбір дәрігерлердей, бүгінгі алдынан өткен сырқатты, ертеңіне танымай қалған жоқ. Күн жүріп, түн жүріп, балапанын қорғаған торғайдай шыр-пыр болып, пациенттің жайын ойлап, ажалға ара түсті.

Асылбектің шапағатын көрген сондай бір пациенттің естелігі ойға оралады.

— Егер де  сондай қамқор дәрігер ұшыраспағанда, әнебір жылы асқынған сырқаттан аяғыма тұруым екі талай еді. Ол қызметінде жастай танылып, өсіп, медицина институтында ассистент, доцент, 1983 жылдан кафедра меңгерушісі, проректор қызметтерін атқарды. Сондай лауазымды қызметтерде бола тұра, әр сырқатқа емдеуші дәрігерінен бетер жанын сала қарайтын еді. Мен сол шапағатты көрген адаммын. Облыс дәрігерлерінің мүмкіндігі таусылғанда, жолдамамен жедел Мәскеу ауруханасына жіберді. 1964-1983 жылдары Мәскеу қаласындағы Онкология институтының ординаторы болған кезде, Асылбек ол жақпен байланысын жақсы нығайтқан екен, — деп еске алады.

Айтулы хирург, ғалым-дәрігердің шипалы қолынан сырқатына дауа тапқандардың, не қайырым-көмегін көргендердің бұл тек бір мысалы емес, талай азаматтар арамызда жүр. Аса қарапайымдылығымен, қайырымдылығымен көптің жүрегін баураған, еліне, халқына  асыл қасиеттерімен танылған азаматты, өзі өмірден өткенмен, өлді деуге болмас. Ұзақ жылғы дәрігерлік қызметінде шипасы тиген, қиын жағдайға душар болғанда ажал тырнағынан арашалап алып қалған пациенттері оның ісін тірілтіп айтса, адам денсаулығын жақсартуға бағыттаған ғылыми еңбектері алда да халыққа пайдасын тигізе бермек. Асылбектің екінші өмірінің жалғасқаны осы емес пе?!

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*