Басты бет » Жастар » Басты міндет — қылмыстың алдын алу

Басты міндет — қылмыстың алдын алу

Бүгінде жастар, әсіресе, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Тәртібі қиын жастың есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі артатынын ескерсек, бұл өткір мәселе екені сөзсіз. Осы орайда біз құқық қорғау органдары мен жастармен тікелей жұмыс жасайтын мемлекеттік мекеме мамандарымен сөйлескен едік.

ЕКІ АЙДА ҚЫЛМЫС САНЫ 8,4 ПАЙЫЗҒА АЗАЙҒАН

Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің инспекторы, полиция капитаны Күміс Қарасаеваның айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықты азайту, олардың алдын алу — бүгінгі күні қоғам алдында тұрған міндеттердің бірі. Осыған орай арнайы ұйымдастырылған алдын алу шараларының нәтижесінде биылғы жылы жастар арасындағы құқықбұзушылықтардың саны едәуір азайған. Мәселен, қыркүйек-қазан айларында кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған қылмыстардың саны 8,4 пайызға азайыпты.

Бүгінге дейін кәмелеттік жасқа толмағандар 63 қылмыс жасаса, оның 14-і —  өткен жылы тіркелгендер. Сондай-ақ биыл қол сұғушылық бойынша 15 құқықбұзушылық тіркеліп отыр. Жалпы биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасы инспекторларының мемлекеттік мекемелермен бірлесіп ұйымдастыруымен 29 жедел-алдын алу шарасы өткізілді. Сондай-ақ облыс орталығындағы оқу орындарында 272 алдын алу кеңесінің отырысы өтіп, оның 193-і мектеп инспекторларының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды, — дейді К.Қарасаева.

Оның айтуынша, аталған іс-шараларды өткізу барысында 2060 жас ішкі істер органдарына жеткізіліп, құқық бұзған 1836 жас әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүру дерегі бойынша — 1632, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүру дерегі бойынша 103 құқықбұзушылық тіркелген. Сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 127-бабы бойынша — 54, 132-бабы бойынша — 63, 200-бабы бойынша — 76, 133-бабы бойынша 39 құқықбұзушылық дерегі анықталған. Аталған құқықбұзушылықтарға байланысты жыл басынан бері 327 жас есепке алынған.

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасы өткен айда бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. Атап айтсақ, 8-13 қазан аралығында басқарма инспекторлары қала аумағында «Студент» жедел-алдын алу шарасын ұйымдастырып, жатақханалар мен жалдамалы пәтерлерде тұратын студенттерді тексеріп, олардың тұрмыс жағдайымен танысса, 22-26 қазанда қала аумағында «Жасөспірім» тексеру шарасы өткізілді. Бұл шаралардың басты мақсаты — жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

— Бүгінгі күні облыс орталығында «Демалыс» жедел-алдын алу шарасы өткізіліп жатыр. Аталған шара аясында арнайы рейдтер жүргізіліп, жасөспірімдер арасында алкоголь ішімдіктерін, темекі бұйымдарын қолдану, түнгі уақытта ата-анасының рұқсатынсыз ойын-сауық, көпшілік орындарында болу, ересектердің ықпалымен құқықбұзушылыққа бару, тағы басқа деректер бойынша жұмыстар жүргізіледі, — дейді Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің инспекторы, полиция капитаны Күміс Қарасаева.

БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР ЖӘНЕ «ЖАС САҚШЫ» ЖАСАҒЫ

Ресми статистикаға сәйкес, бүгінгі күні облысымызда 14-29 жас аралығындағы 208 237 жас бар. Олардың 36 пайызы, яғни 131 158-і облыс орталығында тұратын болса, 77 079-ы (37 %) аудандарда тұрады. Олардың ішінде тәртібі «қиын» саналатындардың үлесі — 6,2 пайыз. Ал жалпы республика бойынша бұл көрсеткіш — 9,0 %.

Қазіргі таңда облыс орталығында 6 жоғары, 45 арнаулы оқу орны бар. Аталған оқу орындарында білім алатын жастардың дені — кәмелеттік жасқа толмағандар. Ал олардың қылмысқа, құқықбұзушылыққа бару мәселесі тек құқық қорғау ор­ган­дарының ғана емес, ата-ананың, оқу орындарының, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадағалауын талап етеді. Себебі кез келген жастың саналы азамат болып қа­лып­тасуына оның отбасы, білім алатын оқу орны, ортасы ықпал етеді.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуовтың айтуынша, биыл облыста жастар арасындағы қылмыстың, құқықбұзушылықтың алдын алуға, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауға мүдделі «Жас сақшы» жасағы құрылған.

— «Жас сақшы» — жастарды жұмылдыруға, олардың қоғамға өз үлестерін қосуына арналған жоба. Осы жоба аясында белсенді жастар бірігіп, жатақханаларды аралап, өздері сияқты студенттердің тиісті жағдайда өмір сүріп жатқанын көріп, олардың заңды мүдделерінің сақталуына көз жеткізеді. Сондай-ақ белсенділер тобы кәмелеттік жасқа толмағандардың түнгі уақытта көшеде, клубта жүрмеуіне ықпал етеді. Бұл өз кезегінде қоғамның дамуына, қылмыстың, құқықбұзушылық деректерінің азаюына, олардың алдын алуға әсер етеді. Қазіргі таңда сақшылар құрамына өңіріміздегі жоғары, арнаулы оқу орындарының студенттері кіргізіліп, жергілікті полиция бөлімімен, қоғамдық ұйымдармен жан-жақты жұмыстар жүргізілуде, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні басқарма жоғары, арнаулы оқу орындарының басшылығымен тығыз байланыс жасап, студенттердің білім алумен қатар, бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне ерекше назар аударып отыр. Осы мақсатта оқу орындары мен басқарма басшылығы бірқатар бірлескен жұмыстар атқаруда. Атап айтсақ, студент жастарға облыс орталығындағы кітапханалар мен музейлерді аралауға, театрға баруға, қалада жаңадан салынған Өнер орталығы, Шығармашылық академиясы, Жекпе-жек сарайы, Жұбановтар әлемі, «Олимп» мұз айдыны, «Асе» теннис орталығы, т.б. ғимараттарға барып, үйірмелерге, секцияларға қатысуына мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ облысымызда жастардың басын қосатын орталықтар да бар.

— Қазіргі таңда студенттердің, жастардың сапалы білім алуына, қосымша сүйікті ісімен айналысуына, отбасын құрған жастардың баспанамен қамтылуына барлық жағдай жасалып отыр. Сондықтан жыл өткен сайын жастар арасында теріс жолға түсіп, қылмыс жасайтындардың саны азайып келеді. Әрине, бұл мәселеде әлі де кемшіліктер бар. Алайда жастар өз болашағы үшін теріс қадамға бармауы керек. Әр адамның болашағы өз қолында. Біз жастарға, жасөспірімдерге осыны түсіндіруіміз керек, — дейді Н.Күнтуов.

ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ — МӘСЕЛЕНІҢ БІР ШЕШІМІ

Мамандардың айтуынша, жастар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін оларды қоғамдық жұмыспен, еңбекпен қамту өте маңызды.

Осы орайда біз Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаеваны сөзге тартқан едік:

Биылғы жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында Ақтөбе қаласы бойынша 12 535 азамат еңбекпен қамтылды, оның 6201-і — 29 жасқа дейінгі жастар. Аталған бағдарламаның бірінші бағыты бойынша биыл 308 жас қысқа мерзімді кәсіби білім алды. Ал бағдарламаның екінші бағыты бойынша ағымдағы жылы 166 адамға өз істерін ашуға немесе кеңейтуге шағын несие берілді. Олардың арасында жастардың үлесі зор. Атап айтсақ, бүгінге дейін 7 жас өз кәсіптерін ашу үшін несие алды. Олардың арасында шаштараз, мейрамхана, әсемдік салонын ашқан, сондай-ақ басқа да қызмет түрлерімен айналысып жатқан жастар бар. Бұл — өте қуантарлық жайт.

Орталық басшысының айтуынша, бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде жастар тәжірибесіне — 757, әлеуметтік жұмыс орындарына — 65, қоғамдық жұмыстарға 987 жас жіберілген. Бүгінде жастар тәжірибесінде жүрген жастар ай сайын 60 125 теңге еңбекақы алады.

— Биыл «Гүлдене бер, туған ел!» акциясы аясында қоғамдық жұмыстарға 741 жас жолдама алды. Оның 323-і студенттер болса, 400-і — оқушылар, 29 жасқа дейінгі жұмыссыздар саны — 18. Сондай-ақ акция аясында жоғары сынып оқушылары мен студенттер жазғы каникул кезінде қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына жұмылдырылады. Аталған акция оқушылар мен студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану және қаражат табу мақсатында үлкен септігін тигізеді. Жыл сайын жоғары оқу орны мен колледж студенттері мұндай шараларға белсенді түрде қатысады, — дейді орталық басшысы.

Айта кету керек, биыл жыл басынан бері Ақтөбе қаласында тұрақты жұмыс орындарына орналасу үшін 8950 адамға жолдама берілген, оның 4077-сі — жастар.

Сонымен қатар биыл Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығы қалалық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, 14-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастарға «Жастар корпусын дамыту жобалары» туралы және 1 млн теңге көлемінде грант алу мүмкіндіктері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін 7 кезекті және 7 мамандандырылған жәрмеңке өткізіліп, нәтижесінде 989 адам жұмысқа орналасқан. Оның 447-сі —  жастар.

Орталық деректеріне сүйенсек, бүгінгі таңда Ақтөбе қаласындағы жұмыссыз жастардың үлесі — 0,3%. Яғни, облыс орталығында 528 жас еңбекпен қамтылмаған.

Р.S. Соңғы жылдары аталған мәселенің алдын алу мақсатында облыс орталығында арнайы рейдтер, тексеру шаралары көптеп ұйымдастырылуда. Соның нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс, құқықбұзушылық деректері азайған. Құқық қорғау органдары мамандарының айтуынша, жасөспірімдер қылмысқа аңғалдықпен, қызуқандылықпен ұрынады. Демек, қылмыстың алдын алу, баланың теріс жолға түспеуі, ең алдымен, ата-ананың, одан кейін білім беру мекемелерінің, құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылына тікелей байланысты.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*