Басты бет » Жаңалықтар » Облыста 70 мың адамның еңбекақысы өседі

Облыста 70 мың адамның еңбекақысы өседі

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында берген тапсырмасына орай облыста 70 мыңнан астам адамның еңбекақысы өседі.

Бұл туралы облыс әкімдігінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Айта кету керек, Президенттің ең төмен еңбекақы мөлшерін 42,5 мың теңгеге дейін көтеру туралы тапсырмасын тиімді орындау үшін облыста экономиканың барлық секторларындағы еңбекақыны төлеуге қатысты ағымдағы жағдайын талдайтын арнайы жұмыс тобы құрылды. Нәтижесінде 42 500 теңгеден аз айлық алатын 70 мың тұрғын анықталды, оның 32 мыңы — бюджет саласының қызметкерлері. Мәселен, білім беру саласында 25 мыңнан аса қызметкердің еңбекақысы орташа алғанда 48 мың 600 теңгеге дейін көтеріледі деп күтілуде.

Сондай-ақ бүгінде облыс бойынша 15 872 жекеменшік компания бар. Оларда жалақысы 42 500 теңгеден аз 39 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Жиында облыс әкімі ең төмен еңбекақы алатын азаматтардың нақты санын анықтау жұмыстарын әрі қарай жалғастыруды тапсырды.

Бұл — өте күрделі мәселе. Оны шешу үшін формалды түрде әрекет етпеу керек. Тек статистикалық мәліметтерге ғана сүйенбеңіздер, істің жағдайын сол жерде тексеріңіздер.  Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық жұмыс берушілер Елбасы тапсырмасын орындауы керек, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*