Басты бет » Басты жаңалықтар » Он айдың қорытындысы және ілгерілеу міндеттері

Он айдың қорытындысы және ілгерілеу міндеттері

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен қалалық актив жиналысына облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, мекеме-ұйымдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер еңбек ардагерлері қатысты.

— Біз жыл басында облыста экономиканың даму қарқыны 5 пайыздан төмен болмайды деп сөз бергенбіз. Қазір осы межеден шығып отырмыз. Мемлекет басшысының берген тапсырмасы толығынан орындалуда. Облыс экономикасының өрге басуы көп жағдайда өндіріс орындары, бизнес көздері шоғырланған Ақтөбе қаласына байланысты екені белгілі. Сондықтан да біз үшін ең алдымен қаладағы шаруалардың алға басуы маңызды, — деп атап көрсетті облыс басшысы.

Жиында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов «Ақтөбе қаласының 2018 жылғы он айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2019 жылға арналған міндеттер туралы» баяндама жасады. 

Барлық сала маңызды

Қала шаруашылығы сан салалы екені белгілі. Сондықтан да олар бір-бірімен тығыз байланыста дамиды. Осы жайды атап өткен қала әкімі ең алдымен негізгі бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жасады.

Мәселен, қалада көптеген салалар бойынша өсім көрсеткіші байқалады. Атап айтатын болсақ, өнеркәсіп өндірісі бойынша 6,6%-ға ілгерілеу бар. Бұл 473,7 миллиард теңгені құрайды. Өңдеу өнеркәсібіндегі оң өзгеріс 7,4% -бен белгіленіпті.

Негізгі капиталға инвестициялау  12,2% -ға көтерілген. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көрсеткіші жоғарылай түскен.

Құрылыс жұмыстарында ерекше қарқын сезіледі. Оның жалпы көлемі 7,3%-ға артса, көпшілік үшін маңызды саналатын тұрғын үйлерді қолданысқа беру 21,1%-ға артқан.

— Негізінен экономиканың дамуындағы ілгерілеушілік тұрғындардың өмір сүру сапасының  жақсаруына жағдай жасады, ай сайынғы номиналдық жалақы 10,5%-ға артты. Туу көрсеткішінің өсуі және өлім мөлшерінің азаюына байланысты демографиялық ахуал біршама жақсарды,— деп атап көрсетті қала басшысы.

Шаһардың келешекте жүйелі дамуын қамтамасыз ету мақсатында 2019-2021 жылдарға арналған Қала дамуының бағдарламасы құрылымдалатыны атап көрсетілді. Бұл ретте Ақтөбе агломерациясының ахуалы айқындала түспекші, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының тұрғын үй қорын модернизациялау мен құрылысты, көлік инфрақұрылымы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыратын қолжетімді баспанамен қамту саласындағы дамуды қамтамасыз ету басты орында тұрады деп күтілуде.

Инвестиция

Биылғы жылдың он айында негізгі капиталға қала бойынша 124,5 миллиард теңге инвестиция салынды, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 12,2%-ға жоғары. Салынған инвестициялар есебінен бюджетке түсетін салық көлемі 2,3 миллиард теңгеден кем болмайды деп күтілуде.

Ағымдағы жылы жоспарлы көрсеткішке құрылыс пен инвестициялық жаңғырту және қайта жасақтау есебінен қол жеткізу көзделіп отыр.

Жалпы құны 33,5 миллиард теңге болатын  54 жоба енгізіліп, 1 541 жұмыс орны ашылады деп жоспарланса, қазір жалпы құны 14,7 миллиард теңге тұратын 25 жоба қолданысқа берілді, 860 жұмыс орны ашылды.

Бұл ретте құрылыс индустриясы саласы, туризм, азық-түлік өндіру, ауыл шаруашылығы, сауда және қызмет көрсету, сондай-ақ медицина желісі қамтылған.

Цифрландыру бағытымен

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақтөбе қаласы әкімдігі «Smart City Ақтөбе» жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобаның негізгі бағыты цифрлық энергетика мен тұрғын үй-коммуналды шаруашылығын, интеллектуалды көлік жүйесін, цифрлық білім беруді, қауіпсіз қала мен цифрлық әкімшілікті қамтиды.

Осы мәселелерді алға тартқан қала басшысы әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тарқатып айтты.

Тұрғындардың, тұрғын үй кооперативтері мен әкімдіктердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жұмысын ұйымдастыру және дамыту бойынша өзара әрекеттерін үйлестіруге арналған құрылым сайтында қазіргі уақытта 14 мыңнан астам пайдаланушылар бар. Бірыңғай төлем құжаты жобасы аясында екінші деңгейдегі банктерді іске қосу, төлем жүйесі ақпарат алмасуын пайдалану шаралары орындалуда.

Қаланың барлық мектептерінде «Күнделік» жүйесі толығымен енгізілді, бұл арқылы оқушылардың үлгерімі бақыланады, электронды журнал мен күнделік назарда ұсталынады. Облыс орталығындағы барлық білім ордалары жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылды. Мектепке дейінгі жастағы балаларды кезекке қою және балабақшаларға жолдама беру мемлекеттік қызметі автоматтандырылды.

Қоғамдық көлік жұмысы орталық қызмет арқылы бақыланады. Автобустарға қондырылған кері байланыс модулі жетілдірілмекші. Азаматтарға қолайлы болуы үшін оларға көлік қозғалысын хабардар етіп отыратын «AktobeBus» мобильді қосымшасы іске қосылды.

Қала қауіпсіздігі бағытында да бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, көшелерге 130 камера орнату жұмыстары аяқтала келді. Жол қозғалысы ережелерін бұзу арнайы аппараттар көмегімен анықталып отырады.

Өкінішке қарай, қалада ауыр қылмыстар жасау, ұрлық-қарлық деректері азаймай отыр. Осыған байланысты облыс басшысы құқық қорғау органдары басшыларына қылмыспен күресу, қауіпті жайлардың алдын алу жөнінде тапсырма берді.

Мектептер жеткілікті ме?

Қала әкімінің баяндамасында білім беру саласына ерекше көңіл бөлінді. Бұл ретте пайдалануға беріліп жатқан және алдағы уақытта құрылысы қолға алынатын мектептер жайы сөз болды.

Биылғы жылы қала аумағындағы мектеп оқушыларының саны 75 296 оқушыны құрап отыр. Орта есеппен алғанда облыс орталығында оқушылар саны жылына 5000 балаға артуда.

Қазіргі уақытта үш ауысымдық мектеп мәселесін шешу басты назарда ұсталуда. 2700 орындық 5 мектептің қолданысқа  берілуі Жаңақоныс елдімекеніндегі  Бірлік ауылында, Ақжар елдімекенінде, қалалық сүт зауыты ауданында, Қызылжар, Ясный-2 елдімекеніндерінде 3 ауысымдық білім беру проблемасын толықтай шешті.

Батыс-2 ауданындағы оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында тамыз айында «Сымбат», «Ақбөбек» жеке мектептеріне мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде орналастырылды. Жыл аяғына дейін Авиатор ауданында №72 орта мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.

Сонымен бірге Бекқұл баба ауылында, Украинка поселкесінде, Құрашасай поселкесіндегі «Қанағат» тұрғын үй массивінде  және «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында мектеп құрылыстары жүргізілуде.

Инвестор ризалық білдірді

Жиында голландиялық кәсіпкер «Грин Капитал Қазақстан» ЖШС басшысы Алевен Диедерик Теодорик сөз алып, өзі атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады. Шетелдік инвестор қазіргі уақытта Ақтөбеден жылыжай салу үстінде осы жұмыстарды атқару үшін 20 гектар жер алған. Бірінші кезекте 5 гектар жерді игеруде.

— Биыл кәсібімізді жүргізу үшін 20 миллион АҚШ долларын инвестицияладық, келесі жылы тағы да 10 миллион доллар салмақшымыз, — деді ол.

— Бізді Ақтөбенің бизнес жүргізуге қолайлылығы, ауа райының ыңғайлы болуы, сонымен бірге газдың арзандығы тартты. Сонымен бірге Ресей Федерациясының көршілес орналасуы да бізге пайдалы болады деп ойлаймыз.

Ең бастысы, жергілікті билік органдары қолдау көрсетті. Олар бізге инфрақұрылымдар жүргізуге көмектесті, басқа да мүмкіндіктер туғызды. Біз Ақтөбеде өз бизнесімізді өркендетуге толық жағдай жасалған деген сенімдеміз.

Шетелдік инвестор облыс басшысын таяуда болатын жылыжайдың ашылу рәсіміне шақырды. Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев оның өңір экономикасына қосқан үлесіне алғыс айтып, «Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударып келеді, біз облыс тұрғындарын көкөніспен қамтуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаруға мүдделіміз, сондықтан  да инвесторларды қолдаймыз» деді.

Жергілікті кәсіпкер Лариса Мыслина осы ойды одан әрі дамытып, бүгінгі күні Ақтөбе қаласында шағын және орта бизнесті дамыту жолға қойылғанын атап көрсетті.

«Біз Әбілқайыр хан даңғылы бойында еңбек етеміз,— деді ол. — Өз күшімізбен тұсымыздағы көше бойын тәртіпке келтіруге үлес қостық, енді аула маңындағы ретсіз өсіп тұрған қарағаштарды реттеп, айналамызды көгалдандыруға қадам жасағымыз келеді. Осы ретте басқа да кәсіпкерлерді қаламызды көркейту жолында белсенді түрде бірігуге шақырамын».

Сөз түйіні

Облыс әкімі жиын қорытындысында Ақтөбе агломерациясын жүзеге асыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген сауалды алға тартты. Сонымен бірге, экономикалық түйіндерді оңтайлы шешу, әлеуметтік мәселелерді жүйелі түрде қарастыру, өзекті проблемаларды бірігіп зерттеу жайы туралы айтты.

— Жыл аяқталып келеді, біз алға қойылған міндеттерді толығынан орындауымыз керек. Бұл ретте әрбір кәсіпорын, әрбір кәсіпкер өз үлестерін қосуы тиіс. Келесі жылы Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерекесі аталып өтпекші. Біз бұл атаулы сәтті атап өтуіміз қажет. Мереке қарсаңында қалада жаңа кәсіпорындар, жұмыс орындары көптеп ашылып, бизнес дами түсуі керек. Сонда ғана қаламыз көркейіп, заманауи талап деңгейінде көрінеді, — деді облыс басшысы жиын қорытындысында.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*