Басты бет » Басты жаңалықтар » Қысқа әзірміз бе?

Қысқа әзірміз бе?

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев коммуналды қызметтердің, мердігер мекемелердің, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдарының алдағы қысқы кезеңге дайындығын тексерді.

Өңір басшысы «Алатау» сауда орталығының кең алаңында қар тазалайтын және басқа да мамандандырылған техникаларды қарап шығып, жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер кәсіпорындардың басшыларымен кездесті.

— Күн сайын біздің облыстың аумағында 30 мыңға жуық автокөлік, соның ішінде жолаушылар көлігі де бар, қозғалыста болады. Биылғы қыста қар мол болады деп болжанып отыр, сондықтан алдын ала дайындалу керек. Сіздердің міндеттеріңіз –  кедергісіз жол жүруді қамтамасыз ету, ал егер жолда адамдар қиындыққа тап болса – оларға қонатын жер мен тамақтануларын ұйымдастыру керек, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысы қала билігінің назарын тазалықты, көшелеріндегі қардың уақтылы жиналып, шығарылуын қамтамасыз етуге аударды.

Ақтөбе қаласында қысқы кезеңде қар тазалау жұмыстарымен 11 кәсіпорын айналысатын болады. Барлығы 220 бірліктен аса арнайы техника, соның ішінде автогейдерлер, қайырмасы мен щеткасы бар МТЗ-80 көліктері, жол-комбинациялы машиналар, шнекороторлар,  құмшашыратқыштар, жүк тиегіштер, жүк түсіргіш машиналар мен тағы басқалар жұмылдырылған. Барлық жабдық дайын күйде. 600 тонна тұз, 1500 тонна тұз қоспасы және 1000 тонна құммен қамданған.

Төтенше жағдайлар департаменті  желісі бойынша 139 жылыту бекеті мен үш тасжол медициналық-құтқару пункті, 600 бірліктен аса техника дайындалған, оның ішіндегі 44 бірлік техниканың өткіштігі жоғары деп есептеліп отыр. Биылғы жылы құтқарушылардың қолында алғаш рет қарда да, батпақта да жүре беретін әмбебап техника пайда болды. Атап өтетін жәйт, барлық техника «Қыс-2019» жаттығуы кезінде сынақтан өтті.

Қысқы жағдайға жұмыс істеуге әзірліктері туралы тиісті мекеме басшылары облыс әкімі алдында өз есептерін берді. «Қазавтожол» мекемесі Ақтөбе облыстық филиалының директоры Марат Махамбетовтің айтуынша, ол басқаратын кәсіпорын жол бойында кедергісіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін қажетті техника күшіне ие.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев жол бойларында жылыту, тамақтану және техникалық қызмет көрсету пункттері қарастырылғанын атап көрсетті.

Муапық БОРАНҚҰЛОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*