Басты бет » Білім » Жаңарған мектептегі қуаныш

Жаңарған мектептегі қуаныш

Әуе қалашығы шағын ауданындағы №29 орта мектептің оқушылары енді жаңа асхана мен спортзалға, сондай-ақ, 4 жаңа оқу кабинетіне баратын болды. Ең бастысы — аталған құрылыс жұмыстарының арқасында үш ауысымды мектеп мәселесі шешімін таппақ.

Кеше жаңарған мектепті аралап көрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, ардагер ұстаздар мен журналистер осыған көз жеткізді.

Құрылысты жүргізген — «КазПромСтройГрупп» ЖШС. Бұл мақсатқа 190806,2 миллион теңге жұмсалған.

— Бүгін — бізде қуанышты күн. Өйткені көптен күткен мектепке жапсарлата салынған құрылысты ашып жатырмыз. Құрылыс жұмыстары аясында оқу ошағына жаңадан 4 оқу кабинеті, спортзал және асхана салынды, — дейді мектеп директоры Салтанат Салишова.

Қазіргі таңда 1229 оқушы білім алатын мектепке келген атқарушы билік өкілдеріне шағын экскурсия ұйымдастырылып, әлгінде аталған жаңа кабинеттер көрсетілді. Құрметті демалыстағы педагогтар өз кезегінде оқу ошағының жанындағы құрылыстың тек оқушылар үшін ғана емес, ата-аналарға да маңызды екенін атап өтті. Себебі олар енді балаларының жайлы, жылы, жарық жерде спортпен шұғылданып, тамақтанатынын білетін болады. Ал спортзалдың бұрын болмағанын айтқанын осы аумақтағы байырғы тұрғындар ризашылығын білдіріп, батасын берді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтөбе қаласында үш ауысыммен оқытылатын 7 мектеп (№29 орта мектепті қосқанда) бар. Қалған 6 мектептің мәселесі алдағы жылы түбегейлі осындай қосымша ғимараттар салу арқылы шешілмек.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*