Басты бет » Басты жаңалықтар » «Алматы» көтерме базары ашылды

«Алматы» көтерме базары ашылды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласының 41-разъезінде ашылған «Алматы» көтерме базарында болды.

Ақтөбе қаласындағы Сүт зауыты ауданы маңындағы айналма жолдың бойында, нақтырақ айтқанда, №481 участокта ашылған жаңа көтерме базарға келген облыс әкімі өнімдердің сұрыптарымен және бағаларымен танысты. «Алматы» көтерме базарының басшысы Қайыржан Бекенбаевтың айтуынша,  жалпы ауданы 2 гектар аумақты қамтыған жаңа базарда отыз сауда павильоны бар. Жобалық қуаттылығы — 3,5 мың шаршы метр. Мұнда жеміс-жидектермен қатар, картоп және көкөніс, ет, балық, бакалея өнімдерінің кең таңдауы ұсынылған. Ауыл шаруашылығын өндірушілер өнімді тікелей, делдалсыз  сатуда. Сондықтан азық-түлік бағасы қаладағы ірі сауда желілеріне қарағанда

20-30 пайызға төмен.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету — маңызды мәселелердің бірі. Бұған дейін облыс орталығында бір ғана көтерме базар болса, бүгінгі күні осындай үш базар жұмыс жасап тұр. Екі базар осы айда ашылды. Негізінен көтерме базарларда картоп және көкөніс, жеміс-жидектермен қатар, бакалея өнімдеріне кең таңдау бар. Сол сияқты, ұн, жарма, қант сияқты кең ассортиментте көтерме базар жұмыс жасаған кезде бағаның бір қалыпты болуына өз әсерін тигізеді. 41-разъездің көтерме базарындағыдай, «Алматы» және Кеңес Нокин көшесінде жаңадан ашылған базарлардағы өнімдер де көтерме бағамен сатылып жатыр. Бұл жергілікті өнімдерді қоса алғанда, өнімдердің ауқымын айтарлықтай кеңейтуге, сондай-ақ негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын төмендетуге мүмкіндік береді. Оның үстінде, мұндай сауда орындарының ашылуы бәсекелестіктің дамуына, біздегі өндіруші мекемелер мен шаруа қожалықтарының өз өнімдерін тікелей тұтынушыға жеткізуіне мүмкіндік туғызады, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова.

Қазір «Алматы» көтерме базарының бірінші кезеңі ғана іске қосылды. Келер жылы базарда жабық павильон мен әкімшілік ғимарат салу жоспарлануда.

Жобаны жүзеге асыру үшін «SRG West» ЖШС компаниясы 700 млн теңгеден астам қаржы инвестициялайтын болады.

Бердібек Машбекұлы «Алматы» көтерме базарында сауда жасаушылармен де сөйлесті. Бұл күні сазанның келісі 500 теңгеден сатылса, жайын, ақ амур да кең сұранысқа ие болды.

Тұқы тұқымдасына жататын ақ амурдың келісі 600 теңгеге бағаланыпты. Балық сатушы Бақыт Сарманова облыс әкіміне Заречный-1 елді мекенінде дүкені барын, сауда орындарына балықтар Арал, Ырғыздан тасымалданатынын айтты.

А.Даржанованың айтуынша, «Алматы» көтерме базарына Әзірбайжаннан алма тікелей жеткізіледі.

Жаңа көтерме базардың ашылуына орай бұл жерде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге қаладағы ет өндірісімен айналысатын кәсіпорындар, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылық иелері  қатысты.  Тұтынушыларға картоп және көкөніс өнімдерін, ет, балық, бал тиімді бағада ұсынылды. Бұл күні жаңа базарға келушілердің қарасы көп болды. Көтерме базардың ашылу құрметіне арналған мерекеде спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірілді. Әрине, шашу шашылып, көңілді әуен көпшіліктің көңілін көтерді.

Арайлым НҰРБАЕВА.    

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*