Басты бет » Әлеумет » Түсіндіру шаралары жүргізілді

Түсіндіру шаралары жүргізілді

Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Өткен дүйсенбіде «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының аясында қызмет ететін  бірінші бағыттың  «Кең көлемде ақпараттық түсіндіру жұмыстары және өзекті мәселелерді шешу» тобының  десанттары, облыс  әкімінің арнайы тапсырмасы бойынша, ауданымызға  келді. Құрамында әртүрлі салалардың тәжірибелі мамандары бар бұл қызметкерлер 2 топқа бөлініп, екі бағытта,  екі  күн бойы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, түске дейін, бірінші топ №1 және №2 орта мектептерде, газ учаскесінде, агротехникалық колледжде, ал екінші топ орталық ауруханада, энергетикалық жүйеде, Жосалы ауылында, ал түстен кейін екі топ бірігіп, Қосестек пен Петропавл ауылдарында болып, тұрғындармен, оқушылармен,  жұмысшылармен кездесулер өткізді. Кездесулерде қауіпсіздік бағытында әңгімелер қозғалды, оқу-жаттығу жұмыстары да ұйымдастырылды. Тұрғындар, әсіресе, «Дін және қоғам», «Дін және зайырлылық»,  «Жасөспірім және заң», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу» , «Дін және дәстүр», «Дін және мемлекет», т.б. тақырыптарда оқылған лекцияларға  және көрсетілген роликтерге  ерекше  қызығушылық  танытты. Топ мүшелері ел  қауіпсіздігін сақтау үшін әрбір, тіпті ең елеусіз деген мәселелерге шейін  көңіл бөліп, өте сақ болу керектігін ескертті. Көрші елдерде бой көрсетіп жатқан лаңкестік әрекеттерді мысалға ала отырып, олардың бізде  де қайталанбауы үшін алдын ала жасалатын сақтық шараларға  айрықша тоқталды. Мұнда көбіне жасөспірімдердің діни бағыттағы көзқарастары, олардың дәстүрлі  ата-бабалар жолынан ауытқымауын қадағалауда ата-аналар мен педагогтарға, психологтар мен теологтарға аса үлкен жауапкершілік жүктелетіні баса айтылды.

Аталған топ келесі күні, Әлімбет  пен  Ш.Қалдаяқов ауылындарында да болып, осындағы тұрғындармен  және  мектептер ұжымдарымен  де  жоғарыда аталғандай шаралар өткізіп қайтты.

— Үгіт-насихат  пен  оқу-жаттығу шараларының нәтижесі шығар,

бізде лайықсыз оқиғалар болып жатқан жоқ. Лаңкестік ұйымдар шетелдерде АҚШ пен Ресей сияқты алпауыт мемлекеттер тарапынан қатты қыспаққа ұшырап, жүрген елдерінен ығыстырылып жатыр. Ал лаңкестер өз кезектерінде жаңа мекен іздестіруде. Олар әртүрлі  айла-тәсілдермен біздің еліміз аумағына да кіріп  кетуі мүмкін. Сондықтан біздің әрбіріміз, тәуелсіз еліміздің патриоты ретінде,  аса қырағылық танытуымыз керек. Күмәнді адамды, сезікті затты, күдікті көлікті, тағы басқа оғаштықтарды байқап қалсақ, дереу бұл жөнінде тиісті орындарға хабарлап,  азаматтық борышымызды орындауымыз шарт. Лаңкестік ұйымдар мүшелерінің арбауына алданып қалатындар көбіне жасөспірімдер. Кез келген ата-ана өз баласының мінезінде күдікті өзгерістер пайда болғанын сезе қалса, бірден мешіттердегі имамдардан, мектептердегі психологтардан, әкімдіктердегі теологтардан көмек сұрауына әбден болады. Қазір елімізде бұрынғыдай емес, барлық мешіттер Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы тарапынан қатаң түрде бақылауға алынып, оқыған, жоғары білімді, мәдениетті имамдар тағайындалған, ал мектептерде білікті психологтар жеткілікті, әкімдіктер жанында да теологтар бар. Жалпы, біздің мақсатымыз — бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілікті түрде қырағылық танытып, бүкіл қоғам болып лаңкестік әрекеттердің алдын  алу болып табылады, — деді бізбен сұхбатында Ақтөбе облысы полиция департаменті жергілікті полция бөлімінің бастығы, полиция майоры Мақсат Саматұлы  мен  Ақтөбе облысы полиция департаменті жедел  басқару орталығының аға инспекторы Бауыржан Қадырғалиұлы.

 

Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*