Басты бет » Спорт » Студенттер лигасы аяқталды

Студенттер лигасы аяқталды

Ақтөбеде жоғары оқу орындарында оқитын студенттер арасында өткен алғашқы студенттер лигасы өз мәресіне жетті. 12 қазан мен 9 қараша аралығында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің базасында өткен жарыстарға 200-ге жуық студент-жастар қатысты.

Студенттер арасындағы спорттық жарыстар облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен 1 ай бойы өтті. Жастар аталған жарыста үстел теннисі, шахмат, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлері бойынша жарысты.

— Ақтөбе студенттері лигасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізген болатынбыз. Студенттер спорттың 5 түрі бойынша сынға түсті. Бүгінгі таңда жарыс толықтай қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды. Бұл жарыста үздік деп танылған спортшылар келесі жылдың мамыр айында Ақтөбеде өтетін универсиадада облыс намысын қорғайтын болады, — дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов.

Ақтөбе студенттері лигасы — өңірдегі жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, жастардың бұқаралық спорт ойындарына деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ олардың арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарына арналған қолайлы алаң.

Студенттер лигасының қорытындысы бойынша Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті І орынға шықса, ІІ орынды М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті иеленді. Ал ІІІ орынға  С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенттерінен құралған команда тұрақтады.

Айта кетейік, Ақтөбеде бүгінде 24 мыңнан астам студент білім алатын 6 жоғары оқу орны бар. Оның екеуі мемлекеттік болса, 2 жоғары оқу орны жекеменшік, ал

2 оқу орны режимдік тәртіпте жұмыс жасайды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*