Басты бет » Басты жаңалықтар » Елбасы стратегиясы елдің әл-ауқатын арттырды

Елбасы стратегиясы елдің әл-ауқатын арттырды

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиясы — аймақтық дамудың драйвері» тақырыбында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде халықаралық конференция өтті. Жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов қатысты. Сондай-ақ  еліміздегі 20 жоғары оқу орны мен 15 шет мемлекеттен, оның ішінде Ресей, Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея елдерінен ғалымдар келді.

Конференцияның мақсаты — Елбасының Қазақстанның аймақтарын дамыту бойынша стратегиясының маңызын көрсету, шетелдік, отандық сарапшылар қоғамдастығының пікірін талқылау, еліміздің батыс өңірінің экономикалық, әлеуметтік-саяси, рухани-мәдени әлеуетін дамыту. Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұндай ауқымды шараның Ақтөбе өңірінде өтуі үлкен мәртебе екенін айтып, егемендік алған 27 жылда аймақтың  қалай дамығанына тоқталды.

— Елбасының тарихта қалатын үш еңбегін ерекше атауға болады. Біріншісі, тәуелсіздік алудағы еңбегі,  екіншісі —  шекараны бекітуі, үшіншісі —  Астана қаласының салынуы. Елбасының жүргізіп отырған ішкі, сыртқы саясатының арқасында Қазақстанның 27 жылда экономикасының қалай дамығанына дүниежүзі куә болып отыр. Бұрынғымен салыстырғанда, ел экономикасы жиырма есеге өсті.  Шет елдерден инвестициялар тартылды.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, Елбасы  еліміздің өңірлерін дамытуға ерекше күш салды. Соның бірі — Ақтөбе облысы. Ақтөбедегі өндіріс орындары өнім көлемін жыл сайын арттырып келеді.  Тек соңғы 11 айда 1 триллион 400 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Қазір біз алдымызға үлкен жоспар қойып отырмыз. Ол — жыл аяғына дейін жалпы өнім көлемін 2 триллион теңгеге жеткізу. Он айда экономикаға 500 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды. Баспана мәселесі де шешіліп жатыр. Жиырма жеті жылда 14 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы  жылдың өзінде 600 мың шаршы метр пәтер тапсырылды. Биыл  900 мың шаршы пәтер беруді көздеп отырмыз.  Жалпы осы нәтиженің барлығы Елбасының және оның қолдауымен жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалардың арқасында іске асып отыр.

Ақтөбе ірі агломерациялық орталыққа айналды. Осы ретте Мемлекет басшысына, Үкіметке  ұсыныс жасадық. Егер Қорғас  Қазақстанның шығысындағы қақпа болса, Мәртөк еліміздің батысындағы қақпа болады. Бұл жерде арнайы экономикалық аймақ құрылуы керек, — деген облыс әкімі жиналған жастарға еліміздің дамуы үшін ерінбей оқып, білім алып, еңбек етулері керек екенін айтты.

Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан өңірлерінің дамуы жөніндегі стратегиясы» тақырыбында баяндама жасады. Онда Елбасының өңірлерді дамытудағы еңбегіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесінің өткен жылы Алматыдан басталып, облыстарды аралап келе жатқанын айтты.

Жиында университет ректоры Бауыржан Ердембеков Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында студенттердің шет мемлекеттерде еркін оқуына ешқандай кедергі жоқ екенін, талапты жасқа білімді қайдан аламын десе де жолдың ашық екенін айтып, оқу орнының жетістіктеріне тоқталды. Конференцияда «Рухани жаңғыру» орталығы сараптама кеңесі диркторының орынбасары, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Ерлан Арын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жөнінде баяндама жасады.

Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде, жаңғыру идеяларының тоғысқан тұсында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарық көрді. Бұнда Мемлекет басшысы жұртшылықты  ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып, рухани жаңғыруға үндеді, — деген Ерлан Арын бағдарламаны іске асырудағы өзекті әрі маңызды істерге тоқталды. Оның ішінде латын әліпбиіне көшу мәселесін кеңінен қозғады. 2025 жылдан бастап бұл кең форматта жүзеге асады. Соған қарамастан  латынды енгізуге арналған құқықтық-нормативтік базаны жетілдіру, көркем әдебиеттерді, оқу-әдістемелік құралдарды латын әліпбиіне көшіру қарқынды түрде жүргізіледі.

Жиында шетелдерден келген ғалымдар Мемлекет басшысының әлемдік саясатта өзіндік орны бар тұлға екенін айтты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жанындағы «Корей тілі» орталығының директоры, Оңтүстік Кореядағы  Тонмён университетінің өкілі, Сон Ши Мон Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын толық оқып шығыпты.

— Бұл — өте маңызды құжат. Себебі Қазақстанда мұнай-газ, яғни байлықтың бәрі бар. Адамдары да өте жақсы. Ендігі кезекте рухани жаңғыру керек. Онсыз мемлекеттің дамуы қиын.  Президент осы мәселені мақаласында ашып, кеңінен көрсеткен. Әсіресе, маған ұнаған тұсы — салт-дәстүрді құрметтеу, ұлттық мәдениетті ұмытпау, — деді Сон Ши Мон таза қазақ тілінде. Ол Ақтөбеге осыдан он жыл бұрын келіпті. Бір жылдың ішінде мемлекеттік тілді меңгеріп алған.

Ал Қытайдың Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің профессоры Ли Цзяньхунның айтуынша,  Қазақстан мен Қытайды ортақ мақсат байланыстырады.

Мәселен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы және ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің  «Бір белдеу — бір жол» екі жақты ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал еткен.

— «Бір белдеу — бір жол» стратегиялық жобасы аясында жүзге жуық мемлекетпен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Қазақстан бұл жобаны үнемі қолдап, оған қатысып келеді. Соңғы бес жыл ішінде өзара бірлескен жаңа жобалар мен қызметтердің барысында Қазақстан мен Қытай 51 жаңа жобаны іске қосты. Оның ішінде жалпы сомасы 28 миллиард долларды құрайтын инвестициялық жобалар бар. Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу — бір жол» жобасы  туралы сөйлеген сөзінде Қазақстан үшін  Қытай мемлекеті ең маңызды әрі сауда әріптес болып қала беретінін айтты.  Жоба бастау алған бес жыл ішінде екі ел арасындағы бизнес байланысы үлкен жетістіктерге жетті. Екі мемлекет Қорғас, Ақтау порттарын,  «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» дәлізін дамытуға қатысты бірлесіп жұмыс атқарып келеді, — деді профессор Ли Цзяньхун.

М.Ақмулла атындағы Башқұртстан мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Филарит Терегулов екі ел арасындағы білім саласы бойынша байланыстың мықты екенін айтып, Елбасының көреген саясаты туралы сөз қозғады.  Үндістаннан келіп М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде оқып жатқан Аюш Дугад өзінің Қазақстан туралы пікірін айтып берді.

Жиынның соңында Әмірхан Рахымжанов осы шараны ұйымдастыруда қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысын айтса, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та  қонақтарға ризашылығын білдірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*