Басты бет » Жаңалықтар » Облыс әкімі Мәртөк ауданында болды

Облыс әкімі Мәртөк ауданында болды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Мәртөк ауданында болды.

Облыс басшысы осында «Жайсаң» шекаралық өткізу пунктінің жұмысымен танысты. Бұл — шекаралық өткізу пункті аймақтағы ірі құрылым. Ресей Федерациясының Орынбор облысына негізгі көлік ағыны нақ осы арадан өтеді. Соңғы уақыттары әлеуметтік желілерде ақтөбеліктерден көлік кептелісіне қатысты көп шағымдар пайда болуда. Облыс басшысы осы жағдайға назар аударып, қалыптасқан ахуалды көруге арнайы келді.

Шекарашылардың айтуы бойынша, «Жайсаң» өткізу пунктінде көлік қозғалысы үшін төрт жолақ салынған. Шекарадан өтерде Қазақстан жағынан ешқандай проблема жоқ. Ал Ресей жағынан «Сағаршын» бекетінде біраз кемшілік байқалады, соның салдарынан кептелістер орын алуда.

Сапар барысында Мәртөк ауданында арнаулы экономикалық аймақ құру мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына келген кезінде бұл мәселені қарастыруды тапсырған болатын. Транзиттік жүктер үшін көлік-логистикалық хабын құру варианты қазірдің өзінде қарастырылуда. Оны Мәртөк селосында немесе халықаралық әуежай аумағында іске қосу жоспарлануда. Нақ осыған байланысты шекаралық бекеттердің сапалы жұмыс істеуі маңызды.

Облыс басшысы бұдан басқа «Желэнерго» ЖШС жел станциясы жұмысымен танысты. Бұл құрылым Кеңсахара ауылы аумағында Мәртөк трассасы бойында орналасқан. Станцияны желдің жылдамдығы секундына 25 метрге жететін «қызыл сызық» деп аталатын биіктікте жабдықтаған. Салмағы 50 тонна құрайтын неміс қондырғысы сағатына 450 киловатқа дейін өндіре алады.

Бұдан басқа, облыс әкіміне майдың әр қилы түрлерін араластыратын зауыт пен көлік-логистикалық орталығының құрылысы таныстырылды. Жобаның бірінші кезеңін келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*