Басты бет » Жаңалықтар » Елбасы кітапханасы — Қобдада

Елбасы кітапханасы — Қобдада

 Көшпелі көрме

Елбасы кітапханасы Қобда ауданының тұрғындары үшін көшпелі экскурсия ұйымдастырды. «Тарихи таңдау» ғылыми-экспозициялық жобасы шеңберінде өткен көшпелі тақырыптық экскурсия барысында аудан тұрғындары тың деректермен танысып, әдетте музейлерде ұстауға болмайтын жәдігерлерді қолмен ұстап көру мүмкіндігіне ие болды.

Елбасы кітапханасының бірегей қорларын көпшілікке көрсету мен насихаттауды кеңейтуге бағытталған іс-шара Қобда аудандық Мәдениет үйінде өткен кездесумен басталды. Ауқымды шараның ашылуына облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауов, ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов, ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева, Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағамбет қатысты. Аудан тұрғындары және мектеп оқушыларымен кездескен Әмірхан Рахымжанов алдымен көшпелі көрменің мәні мен маңызына тоқталды.

— Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы — мәдени-ағартушылық, ғылыми-білім беру, талдау орталығын қамтитын және бірегей жәдігерлер мен тәуелсіз Қазақстанның тарихы бойынша құнды құжаттарды сақтайтын жалғыз кешен. Елбасы кітапханасында Президенттің ордендері мен үлкен наградалары, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап жинаған 28 мыңнан астам кітап қоры сақталған. Біздің жетекші мамандар Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесуге үлкен дайындықпен келді. Апта бойы ақтөбеліктермен бірге бірнеше кездесулер мен семинарлар, түрлі тренингтер, сондай-ақ конференциялар өткізіледі, — деді Әмірхан Рахымжанов.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы 2017 жылғы қарашада Алматыдан бастау алып, 2018 жылғы ақпан айында Түркістан облысында жалғасса, қыркүйек айында Атырау облысында табысты өтті. Екі жыл аралығында көрмені 350 мыңнан астам адам тамашалаған.

Қобдалықтар көшпелі тақырыптық экскурсия аясында Н.Назарбаевтың өмірбаян деректері, комсомол-металлургтен бастап ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңес төрағасы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасына дейінгі жүріп өткен жолдары жайлы баяндайтын сирек кездесетін бейнешежіре, фотосуреттер және архивтік құжаттармен танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар іс-шараның қонақтарына Елбасы туралы деректі фильм көрсетілді.

Шара барысында Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағамбет шежірелі өлкеге арнайы ат басын бұрған Әмірхан Рақымжанов пен Күләйша Ақтаеваға алғысын білдіріп, Қобда ауданының 90 жылдығына орай арнайы әзірленген мерекелік медалін табыс етті.

Көшпелі экскурсия жәдігерлерін тамашалап, Елбасы киген мантияны киіп көру мүмкіндігіне ие болған оқушылардың бірі — Исатай Тайманұлы атындағы Қобда гимназиясының 11-сынып оқушысы Әлібек Алдрапеков.

— Елбасы кітапханасының көшпелі тақырыптық экскурсиясы қатты ұнады. Біз, болашақ жастар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты үлгі тұтамыз. Бүгінгі шара барысында Елбасы туралы көптеген мәлімет алып, көкжиегімді кеңейттім. Президенттің қолжазбаларын өз қолыммен ұстап, мантиясын киіп көру бақыты маған бұйырды. Ерекше қуаныштымын. Алдымызда сан түрлі сынақ тұрғандықтан, бұл сәтті жақсылыққа жорыдым, — дейді болашақ түлек.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қобда ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*