Басты бет » Жаңалықтар » Тариф бағасы негізсіз өспейді

Тариф бағасы негізсіз өспейді

Қоғамдық қабылдау

Халықтық кеңсе ғимаратында Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департамент өкілдері қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғындар коммуналдық салаға қатысты мәселелерге жауап алды.

Шараның негізгі мақсаты — коммуналдық қызметтердегі тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы жұртшылықты хабардар ету, сондай-ақ олардың сауалдарына жауап беру.

— Қазіргі таңда коммуналдық қызметтерге байланысты тұрғындар тарапынан көптеген сұрақтар туындап жатыр. Біздің департамент өкілдері инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметалардың орындалуы бойынша барлық табиғи монополия субъектілерінің есептерін қадағалайды. Өткен жылы 25 табиғи монополияны реттеу субъектісінің қызметінен  242 миллион теңгеден астам негізсіз кіріс анықталды. Енді монополист компаниялар 1 жылдың ішінде  артық соманы  тұтынушыларға қайтаруы тиіс.

Сондай-ақ облыстық прокуратура өкілдерімен бірлесіп, «Ақтөбеэнергоснаб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметіне талдау жасалды.  Бұл кәсіпорынның негізсіз кірісі 122 миллион теңге болды. Бүгінде өзге тұтынушылар үшін электр қуатының бағасы 1 қыркүйектен бастап 2 пайызға төмендеді, — деді Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлнұр Масина.

Қабылдауға барлығы 7 тұрғын қатысып, тариф бағалары, қоқыс шығару, т.б. мәселелер бойынша сауалдар қойылды. Халықтың барлық ұсыныстары мен шағымдары қаралатын болады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*