Басты бет » Басты жаңалықтар » Медицина: қаңтардан бастап цифрлық жүйеге көшеді

Медицина: қаңтардан бастап цифрлық жүйеге көшеді

«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуі тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осыған дейін жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керек».

 Елбасы Жолдауы жолдарынан

Қазір өндіріс, қызмет көрсету, яғни барлық сала цифрлық жүйеге біртіндеп көшіп жатыр. Бұл үрдістен денсаулық сақтау саласы да айналып өте алмайды және өзгелерге қарағанда медицинада бұл жұмыстар ерте басталды. Бірақ электронды жүйе әлі бір ізге түскен жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, келер жылдың бірінші қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжатты қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуі тиіс. Ал біздің облыс бұған дайын ба? Бұл туралы республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының облыстық филиалы директорының орынбасары Рано Анарбаевадан сұрап білдік.

— Жаңа жүйеге көшу қалай жүргізіліп жатыр?

—  Облыстың денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша «Жол картасы» әзірленді. Қазір сол бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы медицина саласында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы  үш бағытта жүзеге асады.  Біріншісі —  медициналық ақпараттық жүйеге көшу, екіншісі —  компьютермен жабдықтау, үшіншісі — кең жолақты интернет желісімен қамту. Бірінші бағыт бойынша облыстағы 46 медициналық ұйымға ақпараттық жүйе толығымен орнатылды және жүйенің үш түрі енгізілді. Олар — «Қамқор», «Авиценна», «ҚазМедИнформ». Бұлардан басқа кейбір жекеменшік мекемелер «МедСтори», «Идея», «Лабораторная информационная система» ақпараттық жүйелерін қолданады. Мәселен, жедел жәрдем бекеті түріктердің «Идея» ақпараттық жүйесі арқылы жұмыс жасайды.

Екінші бағыт бойынша барлық емдеу мекемелерін компьютермен жабдықтау —  97 пайыз. Жылдың басында 1056 компьютерге сұраныс болса, қазіргі күні соның 493-і  сатып алынды. Келер жылға дейін қажеттілік толығымен өтелмек.

Үшінші бағытқа келер болсақ, қала бойынша барлық ұйым интернетпен толық қамтамасыз етілген. Аудан орталықтарында да интернет желісі жақсы жұмыс жасайды. Негізгі проблема — шалғай ауылдарда. Мәселен, ауылдардағы  293 медициналық ұйымның 155-і интернет жүйесіне қосылған. Ал қалған елді мекендерде адам саны 500-ден кем болғандықтан, тиісті орындарға  интернет желісін орнату тиімсіз саналып отыр. Кейбір ауылдарда интернеттің жылдамдығы әлсіз.  Мәселен, Ырғыз, Байғанин аудандарында осындай проблемалар бар. Бірақ соған қарамастан ауылдағы дәрігерлер медициналық ақпараттық жүйемен  жұмыс жасайды. Ірі елді мекендердегі дәрігерлік ұйымдардың мамандарына ауыл әкімдігінің ғимаратынан арнайы орын берілген. Олар сол жерде интернетке кіріп, барлық шаруасын бітіреді. Жалпы денсаулық сақтау басқармасы осы мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастырып жатыр. Облыс әкімдігі мен «Қазақтелеком» мекемесінің арасында меморандумға қол қойылған.  Егер шалғай ауылдарға интернет жүйесі тартылса, халықты электронды жүйеге жаппай көшіру оңайырақ болар еді.

— Елбасы биылғы Жолдауында дәрігерлерге  келер жылдан бастап қағазсыз жұмыс жасауды тапсырды. Біздің мамандардың дайындығы қалай? Олар әлі күнге дейін қағаз толтырып отыр ғой?

—  Рас, қазір дәрігерлер науқастың шағымын алдымен қағазға түсіреді. Бұл дәрігердің уақытын алады және науқасқа аз көңіл бөлуі мүмкін. Осы мәселені шешудің жолдары бірнеше жылдан бері қарастырылып келе жатыр. Қазір алғашқы қадам басталды. Денсаулық сақтау министрлігі  биыл сәуірде  «Денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық құжаттаманы қазғазсыз жүргізуге көшу бойынша пилоттық жобаны енгізу туралы» бұйрық шығарды. Осыған байланысты біздің облысқа пилоттық жоба бірінші шілдеден бастап енгізілді. Негізінде жоба біздің өңірде қазан айынан басталу керек болатын. Бірақ ерте енгізілсе де өзге облыстармен салыстырғанда көрсеткіш жоғары. Бүгінгі таңда барлығы 117 медициналық құжаттың түрі болса, соның 38-і электронды түрге ауыстырылды. Жылдың соңына дейін 98 құжат осы жүйеге енгізіледі. Сол кезде дәрігерлер қағазбастылықтан арылады. Барлық жазу-сызу компьютер арқылы жүргізіледі. Мамандар бұл өзгеріске толығымен дайын.

— Былтыр электронды денсаулық төлқұжаты туралы айтылды. Бұл қашан енгізіледі және тиімділігі неде?

—  Бұл  —  пациенттің денсаулығы туралы ақпаратты жинайтын электронды  құжат. Мәселен, азаматтың қандай дәріге аллергиясы бар, қан тобы, өмір сүру салтының көрсеткіштері қандай және негізгі диагностикалық зерттеулері, пациенттің жүкті кезіндегі жағдайы, екпелер, қабылдап жүрген дәрі-дәрмектері барлық мәлімет электронды құжатқа енгізіледі. Бұрын науқас амбулаторлы карта арқылы дәрігерге қаралатын болса, бұл кезде тек жеке куәлігін алып жүреді. Дәрігер ЖСН нөмірін терген кезде науқас туралы барлық мәлімет компьютердің бетіне шығады. Бұл дәрігер үшін де, науқас үшін де тиімді. Мәселен, азамат өзге қалаға барып ауырып қалса, сол жерде қараған дәрігер ЖСН арқылы науқастың денсаулығына қатысты  толық ақпаратпен қанығады. Қазіргі таңда облыста 859 мыңнан аса тұрғын болса, соның 159 мың 117-нің электронды денсаулық төлқұжаты жасалды, яғни бұл —  тіркелген тұрғындардың 89,1  пайызы. Төлқұжаттарды дайындау жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Электронды төлқұжатпен жұмыс істеу тәсіліне көшу туралы нұсқау берілген кезде, біздің дәрігерлер жұмысты бірден бастап кете алады.

— Қазір «Даум мед» медициналық қосымшасы пайдаланылады. Нәтижесі қандай?

— «Даму мед» медициналық қосымшасында «Дәрігерге жазылу» және «Дәрігерді шақырту» деген екі бөлім бар. Әрбір тұрғын қосымшаны өзінің смартфонына жүктеп алуы тиіс. Қосымшаға кіріп, ЖСН нөмерін терген кезде қай емханаға тіркелгені көрініп тұрады. Дәрігердің қай уақытта қабылдайтыны, қай кезде бос екені, барлығы көрсетіледі. Олар бұрынғыдай емханаға барып, кезек күтпейді. Үйде немесе жұмыс орында отырып-ақ алдын ала жазылып қояды. Сондай-ақ есепте тұрған науқастар, зейнеткерлер, мүгедек жандар дәрігерді үйіне шақырта алады. Бұған қоса диспансерлік есепте тұрмайтын, бірақ ота жасатқаннан кейін өздігінен жүріп-тұра алмайтын науқастар да дәрігердің көмегін үйінен ала алады. Алғашқы кезде лор, гинеколог, кардиолог  секілді мамандарға қосымша арқылы жазылу мүмкін болмаса, соңғы аптада қосымша жаңартылды. Енді бұл мамандарға да жазылуға болады. Қазіргі күні қосымшаны 91700  адам пайдаланады. Бұл тұрғындардың — 18,7 пайызы. Жүкті әйелдердің — 62, ал бес жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың 26,8 пайызы осы қосымшаны қолданады. Диспансерлік есепте тұрған 12 310 адам мобильді қосымша арқылы емханаға келіп жүр.  Әр апта сайын екі мың қолданушы тіркеледі. «Даму мед» мобильді қосымшасының тағы бір мүмкіндігі бар. Ол — скринингтік тексерістен өтетін тұрғындарға Push хабарлама тарату. Бүгінгі күні 240 749 адамға Push хабарлама жіберілді. Сонымен қатар халыққа уақтылы медициналық көмек алу жөнінде смс хабарлама тарату үшін «Кселл» компаниясымен келісім жүргізіліп жатыр.

Соңғы кезде тұрғындар тарапынан мобильді қосымшаның тиімді екені айтылып жүр. Бұл да болса жүргізілген жұмыстың нәтижесі.  Әрине, барлығы бірден бола бермейді. Оның ішінде медицина  —  өте күрделі сала. Қазір әр емханада электронды түрде кезек алу, қосымшаны қалай пайдалану керктігін түсіндіретін цифрлық бекет құрылды.  Зейнеткерлер мен егде жастағы азаматтарға мамандар жүйе туралы жан-жақты айтып береді.

— Жаңа жүйені енгізуде қандай қиындықтар бар?

— Электронды жүйеге бірден көшу мүмкін емес. Бұл — біртіндеп жүзеге асатын шаруа. Қазір зертханалық қорытындылар, флюро тексерулер, дәрілік рецептер, уақытша еңбекке жарамсыздық парақшаларын электронды түрде алу үшін арнайы жұмыстар жүріп жатыр. Уақытша еңбекке жарамсыздық парағын алу бойынша Қобда ауданын пилотты жоба ретінде алып отырмыз. Мәселен, бұрын аталған парақшаны алу үшін бөлек маман жұмыс істейтін болса, қазір парақшаны  науқасты қараған дәрігер береді. Парақшаның электронды нұсқасы азаматтың электронды поштасына түседі.

Облыстың денсаулық сақтау салсын цифрлық жүйеге көшіру үшін басқарманың ішінен арнайы бөлім ашылды. Бұл жердегі бес маман жаңа жүйені енгізудегі жұмыстарға мониторинг жүргізіп отырады.

Жалпы айтарлықтай қиындықтар жоқ. Ең негізгісі, тұрғындар белсенді болуы керек. Егер әрбір науқас өз құқын білсе, сауатты болса, жүйені енгізуде ешқандай проблема туындамайды. Тұрғындар бұл жүйеден бас тартпауы тиіс. Себебі цифрландыру жүйесі пациенттердің уақытын үнемдейді, кезек күтіп жүйкесі жұқармайды. Азаматтардың көпшілігі электронды түрде жұмыс істеуге қорқады. Әсіресе, егде жастағы науқастар емханаға келіп кезек алмаса, барлығын бекер көреді. Осындай көзқарастан арылу керек. Бір сөзбен айтқанда, цифрландыру жүйесі емделушіні де, дәрігерді де артық жүрістен арылтады, уақытты үнемдейді.

Кәмшат ҚОПАЕВА

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*