Басты бет » Тарих » Мұзбалақ төмен ұшпайды

Мұзбалақ төмен ұшпайды

Тағзым

1973 жылдың күз айында Шалқар аудандық партия комитетінің пленумында ұйымдық мәселе қаралып, ауданның бірінші басшысы қызметіне Ахметжан Наурызғалиұлы Төребаев сайланды.

Қалыптасқан дағдымен өңір активіне жауапты лауазым иесінің бұған дейінгі өмір жолдары таныстырылды. Темір қаласында туып-өскен азамат 1955 жылы «Ақтөбемұнайбарлау» тресіне қарасты Теректісай-Көкпекті мекемесінде техник-геолог болып еңбек сатысын бастаған. Темір ауданында «Қазақ КСР-інің 30 жылдығы» ұжымшарында есепші, бас есепші, Шұбарши кенттік кеңесі атқару комитетінің төрағасы болыпты. Темір аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының аппаратында жауапты қызметтерде өзін көрсете білген. «Қазақстан» кеңшарына басшылық еткен соң осы шаруашылық пен техникум біріктіріледі де Төребаев Темір совхоз-техникумының директоры қызметін үш жыл атқарады.

Енді, міне, облыстағы аумағы 6,5 миллион гектар, шөл және шөлейт аймақта орналасқан, халық саны 52 мыңнан астам, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған, теміржол бойындағы аудан тізгіні тапсырылып отыр. Және бір ерекшелік — бұған дейін өңірге партиялық қызметте әбден төселген шебер ұйымдастырушы Төлеу Алдияров үзіліссіз он бір жыл басшылық еткен болатын. Пленумға қатысушылардың қайсібірінің көңілінде жаңа хатшы жүктелген сенімді ақтай алатынына күмән ұялағаны рас.

Халқымызда «Жігіттің кім екенін білгің келсе қолына билік бер, ол өткір ұстара тәрізді, ұстай алмаса өз қолын өзі тіліп түседі» деген әдемі тәмсіл бар. Сол тұста облыс аудандарындағы бірінші басшылардың ең жасы Ахметжан Наурызғалиұлы жаңа орынтақта алғашқы айлардан-ақ мәселені байыпты пайымдап, дұрыс шешім қабылдайтындығымен көзге түсті. Соғыс және еңбек ардагері Наурызғалидың отбасында алты баланың үлкені ретінде еңбекке ерте араласқан ол өзі қарауында жұмыс істеген Нұрғожа Орынбасаров, Нұралы Қаниев, Байсалбай Жолмырзаев, Кеңес Нокин, Сақи Мәуішев, Мыңжасар Шерниязов және басқа ағаларының тәлім-тәрбиесін көріп, үлгі етті.

Қай кезеңде, қандай салада болсын, бірінші басшы қадамының сәттілігі маңайындағы қызметтес-мүдделес адамдарға байланысты. Төребаев бұған дейін өзіне көп сыры беймәлім болып келген жаңа ортада байсалдылықпен қимылдау қажеттігін ұқты. Лауазымды қызметтерге, жас кадрларды тартып, шешуші нүктелерге оларды таңдағанда қателеспеуге тырысты. Нәтижесінде уақыт талаптарына сай іске мығым, сөзге берік қызметкерлер тобы қалыптасты.

Шалқардың талғампаз, қайсыбір тұста тарпаң мінез көрсете алатын жұрты ауданға Төребаев басшылық еткен 1973-1985 жылдар аралығында қол жеткізген табыстарды сүйсіне еске алады. Кеңес Одағы тұсында бесжылдық бағдарламалармен жұмыс істеу дағдысы орныққанын аға буын өкілдері жақсы біледі, біз де сол кезеңнен өткенбіз. Оныншы бесжылдықта ауданның сегіз кеңшарында облыстағы барлық қойдың 13 пайызын құрайтын 285 мың қой, жылқының 20 пайызы, түйенің 35 пайызы бағылды. Аудан мал шаруашылығын дамытудың, мемлекетке мал өнімдерін тапсырудың көрсеткіштерін асыра орындап, бірнеше мәрте Одақтық, республикалық ауыспалы Қызыл Туларды жеңіп алды. Шебер ұйымдастырушылар Нағым Қобыландин, Бисембі Көмекбаев, Нұрмұханбет Мырзабаев басқарған «Тоғыз», «Айшуақ», «Сарыбұлақ» кеңшарларының толағай табыстары мәртебелі мінбелерде жұртшылыққа үлгі ретінде ұсынылды.

Қай пенде де өзі өмір сүрген қоғамның ауанынан сырт қала алмайды. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында елді елең еткізген жаңалық — Семей облысындағы Шұбартау ауданы жастарының қой өсіруші комсомол-жастар бригадаларын құруы болды. Облыста осы бастаманы алғаш шалқарлықтар іліп әкетті — 1974 жылы сегіз кеңшарда бір-бірден сегіз бригада шаңырақ көтерді. Бас-аяғы он жылда олардың саны 45-ке жетті. Республикалық, облыстық басшы ұйымдардың тұрақты назарында болған осы мәселе турасында аупарткомның бірінші хатшысы Төребаев табанды ұстанымынан ауытқыған жоқ. Партия-кеңес органдарының номенклатурасындағы лауазымды қызметкерлерден баласын аттестат алған бойда бригадаға жіберуді талап етті. Олардың қатарында Ахметжан Наурызғалиұлының Шалқардағы №439 орыс орта мектебін бітірген ұлы Мұхтар да шалғайдағы жайлауда екі жыл шопан болып жұмыс істеді. Бұл күнде есімі біраз аймаққа мәлім Нұрмұханбет Дияров, Ғалымжан Төреханов, Марат Мұңайтпасов, Шапағат Әлниязов, марқұм Әлімбай Ізбай және басқаларының бригадада жұмыс істеген жылдары өмір мектебі болғанын сүйсіне әңгімелегенін талай тыңдағанбыз.

Төребаев басшылық еткен тұста Шалқар өңірі үлкен құрылыс алаңына айналды. «Сақалды құрылыс» санатында әлденеше жыл жыр болған аудандық алты жүз орындық Мәдениет үйі жаңа хатшының іскер қимылымен сегіз айда пайдалануға берілді, осы ғимарат әлі күнге тұрғылықты халықтың игілігіне жұмыс істеп тұр. Кеңшардың және фермалардың орталықтарынан өзге Бозой, Бегімбет, Соленый (қазіргі атауы Қайдауыл – Ж.Қ.) ауылдарында, Шалқар қаласында жаңадан әлеуметтік нысандар, сәнді тұрғын үйлер көптеп салынды.

Өзге өңірлердегідей Шалқар ауданында да Бұхара-Урал газ құбыры бойындағы кәсіпорындар басшылығында өзге ұлт өкілдері отырғаны жасырын емес. Олардың қайсібірі Ресейдің Свердловск қаласындағы треске бағынатындығын бетке ұстап, қыңыр мінез танытқысы келіп еді, алайда бірінші хатшы Төребаев тағы да мәселені тікесінен қою арқылы әлгі бірбеткей жетекшілерді райынан қайтарды. 1976 жылы облыс аудандары мал азығы үшін Ырғыз аймағындағы көлдерден қамыс шапқанда тіке қатынас жасауына диаметрі жуан газ құбырларын көпір ретінде төсеп берген – шалқарлық газ тасымалдаушы және жабдықтаушы еңбек ұжымдары еді.

Ахметжан Наурызғалиұлы өзінің адами болмысын, іскерлік қабілетін Шалқар ауданында бірінші басшы болған он екі жылында танытқан болатын. Есесіне азамат даңқы осы киелі өңірде шартарапқа жайылды. Адал еңбектің бағасы ретінде омырауына Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерін, сегіз медаль тақты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Кейін облыс орталығына қоныс аударғаннан бері әртүрлі жағдайлармен кездесіп, әңгіме-дүкен құратынбыз. Сонда ағамыз бен үйіндегі Рауия апайдан, балаларынан Шалқар туралы сағынышқа толы лебіздерді естіп, марқайып қалатынымыз бар.

Кеңес Одағы тұсындағы саясаттың ұнамды жақтарын да көрдік, солақай ұстаным зардаптары да санамызда. Әсіресе, жеке игілікке тұрғын үй салуда әжептәуір ілгерілік көрсеткен шалқарлық азаматтар айтарлықтай сынға ілікті. Сондағы уәж — жиған-тергенін жұмсап салған бір қабатты төрт-бес бөлмелі үйдің пайдалы алаңы отбасындағы мүшелер үшін белгіленген нормадан асып кеткен. Немесе талай азамат әке-анасының, туысының зиратына «Мұсылман дінінің белгісі — айшық қойды» деген кінәмен талқыға түсті. Және бір індет — жоғарғы жаққа соңына аты-жөні қойылмай жолданған «домалақ» арыздар тексеріле беретін. Осындай әңгімеге қадірлі Ахаң ағамыз да кезігіп, облыс орталығына қызметке ауыстырылды.

Төребаев 1985 жылдан зейнет демалысына шыққанға дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының аппаратында жауапты қызметтер атқарды, кейін агроөнеркәсіп қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетіне төрағалық етті.

Зайыбы Рауиямен алпыс жылдан астам бақытты тірлік кешіп, үш ұл мен екі қыздан 12 немере, 7 шөбере сүйді. Балаларының бәрі де — өмірден өз орындарын тапты. Соңғы жылдары Ахаңның денсаулығы сыр бергенде ұл-келіндері, қыз-күйеу балалары қолдан келген қызметін жасады.

Ел таныған асыл азамат жалғанның көшіне ілескелі қырық күн болып қалыпты. Жалған дүние…

                                                           Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

                                                           Қазақстанның құрметті журналисі.

      Ақтөбе қаласы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*