Апа

Елге жиырма-отызыншы жылдары зұлмат жағдайлар кезікпегенде, екі ұлының үлкенінен өмірге келген маған Асқар атамды көріп қалудың мүмкіндігі бар еді. Зұлмат уақыттардың зұлымдықтары оған жеткізбеді — байдан төмен, кедейден жоғарылау орташа тұрмысы бар атаны ауылдастары «бай» деп көрсетуімен саяси да, экономикалық та қауіпті элемент ретінде қайда жіберілгені күні бүгінге дейін белгісіз жаққа айдалып, оралмады. Далада көші-қонмен өмір кешкен жұртта малдан өзге мүліктің көп емесі белгілі — мал біткен өз алдына, қараша үйге дейін тәркіленгесін екі ұл, үш қыз тақырда қалған. Одан арғысын несіне айтайын, ол жалпы ұлттық жағалай қасірет еді, оны көрмеген, білмеген бүгінгі буын болмаса, кешегі күндерден әліге аман жүрген сирек ұрпаққа қара бояумен таңбаланып қалған тарих болатын.

Қынуы бір кетіп, қаусаған дүниенің енді қалпына келуі қашан да қиын. Кезінде ата құраған материалдық игіліктер зорлықпен тартып алынғасын балаларына тек әке ретінде есімі ғана қалды, сол есімді немересі өзім де иеленіп өстім. Содан кейінгі өмір бес баланың қай-қайсысына да ауыр жалғасты. Дегенмен ілкі екі қыздың есейген шағы — әйтеуір өз күндерін өздері көрердей жағдайға жетіп тұрмыс құрып кетті. Екі ұлдың екеуі де кейін Ұлы Отан соғысына кетіп, кішісі майдан даласынан қайтпады, үлкені — менің әкем соғыстың соңына таман жаралы болып оралды. Ешқайсысына да оңай емес еді, сонда да әркім өз басын қорғауға тырысқан  дәрменсіз торғайдай күн кешкен сол қасірет жылдары бесеудің кенжесі — қыз бала Бибіге қиын кезікті. Апалары мен ағасында, сірә, хат  танитын сауат жоқ, өзі оқиын десе, «байдың қызысың» деп өңменінен итеретіндер табылды. Жарықтық, Нұртас деген осы елдің азаматы болашағын ойлаумен 1918 жылы Қуырдақты өзенінің бойындағы Құлақсай деген жерден мектеп ашып еді. Қазан төңкерісі азамат соғысының от-жалынына ұласып аласапыран болып жатқан қатерлі шақта өз мүмкіндігі, өз қаражатымен мектеп ашу тәуекеліне барған Нұртас азаматты бүгінгі ұрпағы мүлдем ұмытты. Қазір осы жердегі Құмжарған елді мекенінде екі қатарлы етіп салынған орталау мектеп бар. Ел тарихын, жер тарихын білмей өскен буыннан азаматтың шығуы екіталай — Нұртас пен сол мектепте оқып, сол мектепте ұзақ жылдар мұғалім болумен ел-жұртының құрметіне бөленіп, 1950 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған Ұлжан Нұртасқызының есімдері тым болмаса, осы мектептің жылнамасына жазылса екен дейсің. Кешегі Құлақсайда көп адамның сауатын ашып сапар берген мектептің енді орны да табылмайды — уақыттан жеңіліп, үйіндіге айналды. Алайда алғаш сауатын осында ашып, кейін ғалым, азамат, қайраткер атақтары «ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына» кетті дейтіндей атақты дәрігер Ишанбай Қарақұлов пен тарихшы Х.Жабасовтың балалық шақтары туралы білгенге, іздегенге бұл жер тағылымды әңгімелер айтар еді…

Асқардың кенжесі — менің Бибі апам да осы мектепте Ұлжан апайында оқып, «байдың қызы» аталуы білім алуда бағын байлауға себеп еместігін дәлелдеумен әуелі Ойыл қаласындағы мұғалімдер даярлайтын бес айлық курсты, кейін Ақтөбе қаласындағы педагогикалық училищені бітіріп, мұғалімдікті Құмсай колхозындағы бастауыш класқа сабақ беруден бастаған. Кейін осы мамандығын Ойыл қазақ орта мектебінде жалғастырып, оны зейнеткерлікке дейін бір үзген жоқ.

Жетімдік пен жесірліктің, жоқтық пен таршылықтың зардаптары кейінде қалғанмен, ондай оқиғалар өмірде қашан да қауіп барын ұмыттырмауға тиіс. Есті адамдар, әрине, ұмытпайды, алайда олар өкінумен өмір сүрмейді, алдағы күндеріне үмітпен қарап ғұмыр кешсе керек. Бибі апаның ұзақ жылдар бойғы мұғалімдік қызметінде өзінен дәріс алған ойылдық түлектердің талай қатары өсіп шығып, өмірдің әр саласынан азаматтық орындарын тапты. Сол шәкірттер апайында «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы барын, бір басына жетерлік басқа да сан-алуан ресми марапаттарға ие екенін сірә, білді. Бірақ сабаққа мұнтаздай киініп келіп, бастауыштың балғындарына мейірімін төге қарайтын апайының қасірет жылдарда жала жабумен барлық мал-мүлкі түгелдей тәркіленген әкесі айдалып кетіп жетім қалғанда пана таба алмай қалғанын, қырғидай тиген қиян-кескі озбырлықта мұны «байдың қызы» деумен азған-тозған колхозда тұрмыстың қара жұмысынан басқаға жақындатпағанын оқушылары, әрине, білген жоқ. Алдына әр кезде томпаңдап келіп, толығып өскен ұл-қыздар ойылдық азаматтардың талай қатарын құрады. Мұғалім апа өзінің балалық шағына бұйыртпаған дәуреннің есесін өзінен тәлім алуға келген балғындарға сүйіспеншілікпен білім берумен қайтарғандай. Әрине, өшірейін десең де жадыңнан жоқ ету мүмкін емес өткендегі әлгідей ауыр жылдардың ызасымен, өкінішімен, қайғысымен өмір сүре алмайсың, мөлшерлі ғұмырды ондай өткенге «кеткенге — сабыр, жеткенге — тәубемен» кешірім ету ғана жақсылыққа, жарқындыққа жол ашады.

Немістің әйгілі философы Имануэль Канттың: «Екі нәрсе мені ойланған сайын таңдандырып, жан-жүйемді игіліктің ізгілігіне бөлей түседі, олар — төбемдегі жұлдызды аспан және өзімнің болмысымдағы моральдық заң» деген сөзі еске түседі. Ойшылдың жұлдызды аспанға таңырқауы, сірә, жаратылыстың шешілуі мүмкін емес жұмбағынан шығар, ал иман болып біреуге орнықса, біреуге орнықпаған моральдық заң қайдан, қалай, неден? Бұл да таңғалдыратын жұмбақ. Қисын бойынша, маңдай тер, табан етімен тіршілік етіп отырған әулетті әлекке салған, тоз-тоз болудың қиянатын көріп қақсығандарды кек кернеп өсуі керек секілді еді. Сол кездерде тапқандарымен, ілінгендерімен тірі қалған тек Бибі апа ғана емес, баршаның да басына түскен нәубет еді. Таңдандыратыны — олардың сондай жағдайда жүріп қолдай жұмыспен соғыс кезіндегі ауыл шаруасының ауыртпалығын көтеруі, отбасын құрап ұйытуы, ұрпаққа имандылықтың, әдептіліктің, инабаттылықтың тәрбиесін беруі, яғни әлгі ойшыл айтқандай, оларға моральдық жосын қалай орныққан? Бүгінгі біз сол адам айтқысыз ауыр ұзақ жылдардың бір күніне тұрмайтын, өтетін-кететін сәл сәтсіздіктеріне бола бүлініп, жан-жағымыздан, дүниеден түңілердей жүретініміз неліктен? Бұл сұрақтың жауабын екі ғасыр бұрын ілгері замандарды болжаумен тағы бір дана неміс Гете айтып кеткенге ұқсайды: «Адамзат ақылдырақ, аңғарымдырақ болады, бірақ жақсырақ, бақыттырақ, салиқалы болмайды. Адамның Құдайды разы ете алмайтынын көргендеймін, сосын Ол өзі жаратқанды жаңартып қайта жасау үшін бәрін де қиратуға мәжбүр болады» деп.

Апам өмірден еш кемістік көрмеген бекзат адамдай бойын тік ұстап, түзу сөйлеп ғасырға жуық ғұмыр кешті. Жұбайы ертерек өтті, бір ұл, бір қыз өсіріп, немере-шөберелерін сүйді. Бір кезде келін болып түскен елінің үлкен-кішісіне дейін оны «мама» деумен аялады. Тіріні сыйлады — би болды, өліні сыйлады — бай болды. Барға тәубе, жоққа сабырдың билігі мен иман байлығын айтамын. Ортасына осы қалпымен қадірлі, қымбат еді. Әсіресе, өзім үшін орны бөлек болатын. «Жаным-ау, жарығым-ау» деуші ең, апа, қоңырайған шақ мынау, сен кеткесін» дегім келеді — бұл — өзімнің де шешесіз өскен қиын балалығым мен жастығым тек сенің қамқорлығыңда ғана жетіліп еді деу. Мейіріміңмен өсіріп, қатарға қосқан осы сөзіңді естімегелі жыл болды. Енді өзім де шөбере көрген жастамын, алыста қалған балалықтың күндерін несіне тарқатып айтайын…

Идош АСҚАР.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*