Басты бет » Жастар » Жас Отан: жастар жылы — жаңашылдық бастауы

Жас Отан: жастар жылы — жаңашылдық бастауы

Жолдау

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кезекті рет жастарға ерекше көңіл бөліп, тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет келер жылды Жастар жылы деп жариялады. Осы ретте «Жаңа әлемге жол саламыз» стратегиясына сәйкес жұмыс жасап жатқан жасотандықтардың жұмысымен танысқан едік. Сонымен…

«Жаңа әлемге жол саламыз» стратегиясына сәйкес жасотандықтар қазірдің өзінде «Бизнес ментор», «Отан-Ана», «Еркін пікір», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Саламатты ұрпақ» секілді жобаларды жүзеге асырып жатыр. «Жас Отан» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталиннің айтуынша, бұдан өзге де бірнеше бағытта тың жобалар қолға алынған.

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында келер жылды Жастар жылы деп жариялағанын еліміздің барлық жастары зор шабытпен қабылдағандарына сенімдімін. Бұл бізге деген сенім мен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Президент сенімін ақтау үшін біз, жасотандықтар, бұған дейін қолға алған жобаларымызды өз мәресіне жеткізіп, жастар игілігі үшін жаңа, тың бастамаларды қолға аламыз. Барлық күш-жігерімізді біріктіріп, жаңа әлемге жол саламыз. Ол жол — Елбасымыз айқындап берген, елімізді ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына апаратын жол. Ол жол — әрдайым алға ұмтылуды, бірлікті, еңбек пен жаңашылдықты қажет ететін жол, — дейді Асылжан Бүркіталин.

Мәселен, жоғарыда аталған жобалардан өзге ақтөбелік жасотандықтар «Zhasproject» жобалар байқауына қатысып, 1000000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант иегері атанған. «Қолжетімді туризм» тақырыбындағы жобалары жеңіске жеткен олар жоба аясында бүгінге дейін 200-ден астам аз қамтылған отбасылардың балаларына облыстағы киелі-тарихи орындарына тегін экскурсия ұйымдастырыпты.

Сондай-ақ  «Ардагерлерді ардақтайық», «Білім орталықтары» партиялық жобалары өз жалғасын табуда.

— «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ақтөбелік жасотандықтар 78 қарияның үй жұмыстарына көмектесіп, қолғабыс етуді әдетке айналдырды. Ал «Білім орталықтары» партиялық жобасы аясында Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана  қайта жөндеуден өткізілмек. Кітапхана қызметкерлері қазан айының басында Астана қаласында Назарбаев университеті базасында «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырған арнайы біліктілігін арттыру курстарынан өтті, — дейді ол.

Асылжан Бүркіталиннің айтуынша, ақтөбелік жасотандықтар бүгінде тағы бір тың жобаны қолға алған. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесе бастап жатқан жобаның негізгі мақсаты — жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Аталған жоба жыл аяғына дейін жалғасады.

— Бұл жобаны біз сүйікті қаламыздың табиғатын аялап, табиғи ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында қолға алдық. Жоба аясында мектеп оқушыларын күл-қоқыс полигонының қазіргі жағдайымен таныстырып, түрлі шаралар ұйымдастыратын боламыз. Акция төңірегінде дебаттық турнир, «Экология мәдениеті» тақырыбында мектеп оқушылары арасында карикатура және эссе жазудан байқаулар өткізу жоспарда бар. Бұл жобаға мектеп оқушыларын тартуымыздың басты себебі — табиғат жанашырлары жастайынан көпшілік болып бірігіп, өзінің қоғамға қандай да бір көмегі барын, өзінің қоғамдағы, табиғаттағы рөлін сезінсе екен дейміз, — дейді Асылжан Бүркіталин.

 «English for jastar» тек  ауыл жастары үшін

«Жас Отанның» қоғамдық сананың жаңғыруына леп берген жобаларының бірі — «English for Jastar»  жобасы. Үстіміздегі жылы республика көлемінде алғаш рет қолға алынған жоба Ақтөбенің 6 ауданында жүзеге асырылып жатыр. Жобаның ұйымдастырушылары — «Жас Отан» жастар қанаты мен «Болашақ» қауымдастығы.

Пилоттық режимде басталған жобаның негізгі мақсаты — мектеп оқушыларының ағылшын тіліндегі білімін тереңдету және олардың сөйлеу шеберлігін арттыру.

— Бұл жобамен жалпы саны 250-ге жуық облыс балалары қамтылды. Жоба бүгінде Алға, Қобда, Қарғалы, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау аудандарында сәтті жалғасын табуда. Қыркүйек айының орта тұсында басталған жоба қарашаның соңына дейін жалғасып, ауыл балаларының ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын дамытумен жұмыстанады. Жобаның негізгі мақсаты да  осы. Бір ай бойы осы жоба аясында Пәкістаннан келген ерікті Аймал Хан Джадун Қобда ауылында болып, балаларға ағылшын тілін үйретуге өз үлесін қосты. Бұл жоба Мемлекет басшысының еліміздегі үштілділікті дамыту бағдарламасына қосатын партияның үлесі болмақ, — дейді А.Бүркіталин.

Бастапқы әзірде жобаға қатысуға 30-дан астам ерікті ниет білдірген. Кейін олардың білім сапасын, тілді меңгеру деңгейін зерделей келе, 6 ауданға 12 ерікті таңдап алынып, бүгінгі таңда балаларға ағылшын тілін үйрету бойынша жұмыс жүргізілуде. Ағылшын тілі сабақтары аптасына 3 рет, сабақтан тыс уақытта өтеді.

«NURINTECH» — СӘТТІЛІК БАСТАУЫ

Бұдан өзге 19 қазаннан бастап «Жас Отан» жастар қанаты «Nurintech» республикалық жастар инновациялық жобалар байқауына өтінімдер қабылдап жатқандығын хабарлайды. Биыл үшінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан байқау «Үздік жас ғалым», «Әлеуметтік маңызды инновациялар», «Жастардың инновациялық жобасы» номинациялары бойынша жасыл энергетика, нано және биотехнология, өнеркәсіп, агроинновация, IT, медицина, робототехника салалары бойынша өз жеңімпаздарын күтеді. Аталған байқауға еліміздің кез келген 14 пен 29 жас аралығындағы жастары қатыса алады.

— Өтінімдерді қабылдау 30 қарашаға дейін жалғасады. Еліміздің экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін үздік жобалар мен технологияларды анықтау және ғылыми-инновациялық қызметке қызықтыру арқылы жастардың шығармашылық қабілетін арттыру мақсатында ұйымдастырлып жатқан байқауға қатысушы өзі жеке және топтық негізде өз жобасын ұсына алады. Дегенмен жобасын топтық негізде ұсынған жағдайда авторлар 5 адамнан аспауы тиіс. Материалдар мемлекеттік және орыс тілдерінде қабылданады. Өтінімдерді  «Жас Отанның» http://jasotan.com сайты арқылы жібере алады, — дейді А.Бүркіталин.

Биылғы жалпы жүлде қоры — 5 250 000 теңге.  Жүлде қоры байқаудың түрлі номинациялары бойынша үлестіріледі. «Үздік жас ғалым», «Әлеуметтік маңызды инновациялар», «Жастардың инновациялық жобасы» номинациясының жеңімпазы және жүлдегерлері әрқайысы 1 000 000, 500 000 және 250 000 теңгеден иеленеді.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрады.  І кезеңінде өтінімдер қаралып, қатысушылар номинация бойынша бағаланады. Бұл кезеңнің жеңімпаздары сараптамалық комиссия мүшелерінің ашық дауысқа салуымен анықталады. Ал байқаудың екінші кезеңінде, қатысушылар өз жобаларын ауызша баяндама және презентация түрінде ұсынады. Бұл ретте қатысушылар уақыт тәртібі барын, оның 10 минуттан аспауын қадағалауы тиіс. ІІ кезеңнің де жеңімпаздары комиссия мүшелерінің ашық дауысқа салуымен анықталады. Кейін байқаудың екі кезеңінде жиналған балдарды қосып есептеудің қорытындысы арқылы байқаудың аталған 3 номинация бойынша жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*