Басты бет » Денсаулық » 108 балаға кардиохирургиялық ота жасалды

108 балаға кардиохирургиялық ота жасалды

«Анаға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығында Ақтөбе қаласы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтті.

Өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі балаларға медициналық көмек көрсетілу тұрғысында баяндама жасаған Ақтөбе облысының бас педиатры Айгүл Күштаева үстіміздегі жылдың 9 айында атқарылған істерге тоқталып, жасалып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Оның айтуынша, 2018 жылдың 9 айында  641 бала оңалту емін алған.

— Облыстағы  мүмкіндігі шектеулі балалар «Ақбөбек» оңалту орталығында, «Дару» оңалту клиникасында, Ақтөбе медициналық орталығының балалар ауруханасы базасындағы оңалту бөлімінде сауықтырылады. Барлық мүгедек балалар диспансерлік есепке алынып, аймақтық дәрігерлер мен арнайы мамандардың тұрақты бақылауында болады. Жеке оңалту бағдарламасы аясында тоқсан сайынғы тексеру және емдеу шаралары уақтылы жүргізіледі. Тасымалдауға мүмкіндік болмаған жағдайда науқас үйде қаралып, емделеді, — деді ол.

Бүгінде  облыста педиатриялық қызмет сапасын жақсарту мақсатында балаларға көмек көрсету үшін кардиохирургиялық, онкогематологиялық  жол карталары енгізілген. Жыл басынан бастап, бүгінгі күнге дейін108 балаға кардиохирургиялық ота жасалған.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында 2018 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша 18 жасқа дейінгі 1850 мүгедек бала тіркелген.  Соның ішінде 3 жасқа дейінгі 154 бала болса, 16 – 18 жас аралығында 124 бала бар.

Отырыс барысында мүмкіндігі шектеулі балаларға медициналық көмек көрсету, сондай-ақ арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету, инклюзивтік оқыту, әлеуметтендіру және бос уақыттарын ұйымдастыру жөнінде, сондай-ақ «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында шағын  несиеге қол жеткізген кәсіпкер әйелдер туралы», «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» жанындағы іскер әйелдер кеңесінің атқарылған жұмыстары туралы»  және «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту туралы» арнайы хабарламалар жасалып, өзара ұсыныстар айтылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*