Басты бет » Әлеумет » Қателіктерді қайталамайық

Қателіктерді қайталамайық

Кейбір адамдардың өрт қауіпсіздігі мәселесіндегі жауапсыз әрекеттері қайғылы жағдайларға әкеп соғады. Мәселен, өткен жылыту маусымында облыс аумағындағы тұрғын үй секторларында 199 өрт тіркелді, бұл өрт оқиғалары кезінде 6 адам қайтыс болды, оның 3-еуі балалар.

Сонымен қоса, 24 адам жарақаттанды, оның 12-сі бала. 3 адам өрт кезінде жарақат алып, 16-сы улы газдан уланса, ал қалған 5-еуі табиғи газдан уланған. Өткен жылу беру маусымы статистикасынан көрініп тұрғандай, 21 адам өрт туындамай-ақ, улы және табиғи газдан уланып, жарақат алған. Олар қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемеуден, өздерінің бейқамдылығынан жарақат алды.

Облыс елді мекендерінің басым бөлігі газдандырылғанына қарамастан, пештер жеке үйлерде әлі де негізгі жылу көздерінің бірі болып табылады. Өкінішке қарай, сол пештердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болмауы — өрттің шығу себебіне айналып отыр.

Пеш жағып отырсаңыз…

Пешпен жылыту кезіндегі негізгі қауіпсіздік ережелерінің бірі — түтіндіктерді тазалау. Жылыту маусымы басталар алдында пешті мұқият тексеру және жөндеу қажет. Жылыту маусымы кезінде әрбір үш ай сайын құбырларды тазалау керек. Түтіннің уақытында тазаланбауы күйенің көп жиналуына әкеледі, бұл пештің тартуын азайтады және өрт себептерінің бірі болып табылады. Пеш, түтін мұржасы, ағаштан жасалған шатыр немесе қабатаралық жабындармен қосылған жерлерде кірпіш қалың қаланып, бөлінуі тиіс. Пеш қабырғаларының қалыңдығын да ұмытпау керек. Жанып жатқан пешті қараусыз тастау немесе олардың жанында жас балаларды қараусыз қалдыру өте қауіпті. Пешті тұтату үшін жанғыш және тез тұтанатын сұйықтықтарды қолдануға болмайды.

Кез келген пештің іргетасы берік болуы керек және қабырғаларының бірде-бірі толығымен ағаш конструкцияларға жанаспауы тиіс. Олардың аралығында бос орын қалдыру керек. Пештің алдындағы ағаш еденде көлемі 50х70 см-ден кем емес металл төсеніш болуы қажет. Пештің қатты қызып кетуіне жол бермеу үшін оны күніне екі-үш рет және бір жарым сағаттан асырмай жағу ұсынылады.

Заттар мен дымқыл отынды пешке қойып кептірмеңіз. Және де жиһаз, перделер мен үйдің керек-жарақтары жанып жатқан пештің жанынан кем дегенде жарты метр қашықтықта болуын қадағалаңыз. Жылыту маусымы басталар алдында әрбір пешті, сондай-ақ бөлме қабырғасындағы түтін каналдарын, әсіресе шатырдағы түтін мұржаларын әктеу қажет, сол кезде ғана улы газдардың таралуына себеп болатын жарықтарды байқауға болады. Пешке салынатын отын ошақ ішіне еркін сыйып тұруы керек.

Газдан сақтаныңыз!

Өткен жылыту кезеңінде өрт туындамай-ақ, табиғи газбен улану жағдайлары орын алды, сондықтан да тұрғындарға газ жабдығын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы тағы бір мәрте ескерте кеткіміз келеді.

Тұрмыстық газбен улану қалай болады? Жедел интоксикация газ ішке жұтылған кезде дамиды. Ауада тұрмыстық газ бірнеше жағдайларда пайда болуы мүмкін:

— газ құбырларының түйісу орындарындағы қосылыстардың жұқа болуы;

— газ құбырлары мен шлангтар тұтастығының бұзылуы;

— газ плитасындағы жалынды басқару краны тұтқасының тығыз жабылмауы;

— газ жабдығының ақаулығы;

— суицид немесе кісі өлтіру мақсатында газды әдейі ашу.

Тұрмыстық газдың түнде таралуы ерекше қауіп тудырады, бұл ретте зардап шеккендер есін жиып үлгермей, өліп кетеді.

Улану белгілеріне келсек, ауадағы газдың шоғырлануына байланысты улану дәрежесі әртүрлі болады, ең әрі дегенде, тез улану орын алады. Жеңіл дәрежеде уланғанда: құлақта шу, зыңыл; бас ауруы; бас айналуы; көз бен жұтқыншақты тесу және күйдіру; мұрыннан су, көзден жас ағу пайда болады.

Газдан уланудың алдын алу мақсатында газ жабдығының жай-күйін жүйелі түрде бақылау, оны жарамды күйде ұстау қажет. Техникалық ақау табылған жағдайда, сондай-ақ ақау тууы ықтимал күдікті жағдайда газ беруді дереу тоқтату керек және «104» нөмірі бойынша мамандарды шақыру қажет (қызмет тегін). Есік-терезелерді ашып, үй-жайды желдету керек. Газ аспаптарында автоматты авариялық жүйе болмаған жағдайда, оларды бақылаусыз қалдырмау керек. Әсіресе, түнде үй-жайларды жылыту үшін газ плиталарын қолданбау керек. Газды пайдаланып болғаннан кейін газ аспаптарындағы крандар мен вентильдерді, ал баллондарды пайдалану кезінде баллондардың вентильдерін жабу керек. Ұзаққа үйден шығарда газ құбырларына газ жіберуді тоқтату керек. Балалар ойнаған кезде газ жабдықтарын пайдалануға жол бермей, оларды плиталардың, газ баллондарының жанында жалғыз қалдырмау керек. Тамақ дайындау барысында конфорканың құрғақ болуын қадағалау керек.

Бір адамның абайсыздығынан көппәтерлі үйлер қатты зардап шеккен жағдайлар да белгілі.

Сондықтан өздеріңіздің және жақындарыңыздың өмірін сақтаңыздар!

 Хамида ИЩАНОВА,

азаматтық қорғау подполковнигі.
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*