Басты бет » Спорт » «Ақтөбе» ХХVІІ чемпионатты 7-орынмен аяқтады. Маркос Пиззелли — үздік сұрмерген

«Ақтөбе» ХХVІІ чемпионатты 7-орынмен аяқтады. Маркос Пиззелли — үздік сұрмерген

Премьер-Лига

Соңғы екі турдағы ұтылыстар 4-орында тұрған «Ақтөбені» 7-орынға түсірді. Егер сонау турнир басында командамыздан 6 ұпай шегерілмегенде 4-орынға «Ордабасының» да, басқалардың да иегі қышымайтын еді.

Ал маусымжабар ойынға келсек…

«Ақтөбе» футболшылары жексенбі күні ауа-райының суықтығына қарамастан стадионға алып-ұшып келген 11 000 жанкүйерді тіпті де қуанта алмады. Өткен 31-турда Атырауда жерлестеріміз қандай дәрменсіздік көрсетсе, бұл жолы да сол деңгейден асып түскен ештеңесі жоқ.

Әрине, өз алаңымызда өткен биылғы бұл соңғы кездесу сұрықсыз өтті дей алмаймыз. Тартысқа толы ойын болды, қақпаларға футболшылар жиі шүйілді. Бірақ бұл командамен өткен бұдан бұрынғы екі кездесуде де жеңіске жеткен жерлестеріміз, неге екені белгісіз, бұл жолы «Қайсардан» шеберлігін асыра алмай діңкеледі де қалды. 17-минутта кенет қарсы шабуылға шыққан қонақтар шұғыл оң қанатқа ойысты да, аяғына тие қалған допты Владимир Аржанов қаптап жүрген қорғаушылардың арасынан жол тауып, қақпа маңайына көлденеңдете асырды. Пасты қалтқысыз қағып түскен Игорь Зенькович еш ойланбастан қақпаға қарата шірене тепті — 0:1.

Бұдан соң алаң иелері белсенділікке көшті. Әттең, 30-минуттың шамасында Хрвое Милешевич тепкен доп қақпаның оң жақ діңгегіне тиіп кері серпілді. Тап осындай тағы бір қауіпті соққыны қарсыластар қақпашысы Марсель Исламқұлов қақшып түсті. Одан әрі ақтөбеліктер тағы да сан соғып қалды. Қақпашы Игорь Трофимец пен қорғаушы Саят Жұмағали бір-біріне доп тастаған сәтте ебедейсіз қимылдағандары сондай, сол маңға жетіп келген Игорь Зеньковичке оңай жем болды да қалды. Сөйтіп 35-минутта алаң иелерінің қақпасына екінші доп еніп кетті — 0:2.

Алма-кезек шабуыл екінші таймда да жалғасын тапты. Бірақ одан «Ақтөбеге» еш пайда түспеді. Жерлестеріміз есепті өзгертуге қаншама тырысқандарымен, жасыл алаңды ерсілі-қарсылы кезіп, алыстан тасталатын пастар арқылы табысқа жетпек болғандарымен, бәрібір қарсыластар қақпасының дәл қасына келгенде абдыраумен болды. Соққы жасай алмай, доптан қайта-қайта айырылып қалып жатты. Ал қақпаға сирек бағытталған доптарды Марсель Исламқұлов дарытпай қойды. Осы тұста биыл «Ақтөбенің» қақпашыдан бағы жанбай қойғанын мойындауға тура келеді.

Осылайша маусымжабар ойында «Ақтөбе» жеңіліс тапты да, 7-орынға сырғыды.

Дегенмен дәтке қуаты сол — жерлестеріміз чемпионат басында 6 ұпайлық «салық» салынғанына қарамастан Ақтөбеде футбол тұрақты дамып келе жатқанын тағы да дәлелдеді, жанкүйерлердің келер жылдық үміті мен сенімін нықтай түсті.

«Ақтөбе-«Қайсар» — 0:2

Голдардың авторы: Игорь Зенькович, 17-минут (0:1); 35-минут (0:2).

Ескерту қағазын алғандар: Абат Айымбетов, 20-минут; Милан Радин, 43-минут; Александр Симчевич, 52-минут; Саят Жұмағали, 67-минут («Ақтөбе») — Думан Нарзилдаев, 27-минут; Ильяс Әмірсейітов, 55-минут; Асхат Тағыберген, 58-минут; Иван Граф, 78-минут;  Марсель Исламкулов, 87-минут («Қайсар»).

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец, Руслан Валиуллин, Виталий Волков, Саят Жұмағали, Бағдат Қайыров, Хрвое Милишевич, Милан Радин, Силва Рейнальдо, Александр Симчевич (капитан), Абат Айымбетов (Ұлан Қонысбаев, 86-минут), Антон Шурыгин (Жамбыл Көкеев, 46-минут).

«Қайсар»: Марсель Исламқұлов, Владимир Аржанов (Пол Ооко Вере, 62-минут), Мақсат Байжанов, капитан (Валерий Коробкин, 90+1 минут), Иван Граф, Игорь Зенькович, Ильяс Әмірсейітов, Матиас Курьор (Джон Камара, 79-минут), Абдель Азиз Ламанж, Александр Марочкин, Думан Нарзилдаев, Асхат Тағыберген.

11 қараша 2018 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион, 11 000 адам.

* * *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Астана» (Астана) — «Ертіс» (Павлодар) — 4:1

«Тобыл» (Қостанай) — «Қызылжар СК» (Петропавл) — 3:0

«Жетісу» (Талдықорған) — «Ақжайық» (Орал) — 3:1

«Ордабасы» (Шымкент) — «Атырау» (Атырау) — 1:0
«Қайрат» (Алматы) — «Шахтер» (Қарағанды) — 0:0

*   *   *

Биылғы 27-чемпионаттың жеңімпазы мен жүлдегерлері алдын ала, дәлірек айтқанда, 31-турдан соң-ақ белгілі болып еді.

Мәреге «Астана» шашасына шаң тигізбей құлдилап жетті деу артықтық етпейтін шығар. Бұл клуб биыл қатарынан бесінші рет чемпион атануы арқылы өзіндік рекорд та орнатты. Рас, бұған дейін де бес рет чемпион болған командалар бар — «Ақтөбе» мен «Ертіс». Бірақ олар бұл жетістікке арасына жыл салмай қатарынан ие болып көрген жоқ. «Астана» сондай-ақ биылғы чемпионатта өз алаңында бірде-бір рет ұтылып көрмеген жалғыз команда.

Ал «халықтық команда» деген қосымша жалғамасы бар, небір азулы футболшыларды жинап алған «Қайраттың» биыл да чемпиондық тәж үшін «Астанамен» тайталасарлық қауқары шамалы екендігі тым ертерек мәлім болды. Ішкі чемпионатта да сүрініп қала беретін, 14 жылдан бері бірінші орын иегері бола алмай жүрген бұл команданың Еуропа Лигасы ойындарында да маңдайы тасқа тиюмен келеді.

Қола медальға алдын ала қол жеткізген «Тобыл» да соңғы екі турды еш уайымсыз ойнады. Бұл жетістік қостанайлықтардың 2010 жылы чемпион атанғаннан бергі ие болып отырған зор табысы.

Ал Еурокубок ойындарына жолдама әперуі тиіс төртінші орынға шыққан «Ордабасы» өзгенің (жоғарыда айтқанымыздай, 6 ұпайы шегеріліп қалған «Ақтөбенің») сыбағасына ие болып отырғаны белгілі.

Чемпионат қорытындысы бойынша екі команда — «Ақжайық» пен «Қызылжар СК» Премьер-Лигадағы орындарын бірінші топтан келетін көкшетаулық «Оқжетпес» пен «Таразға» беріп, өздері солардың орнына баратын болды. Бірінші топқа түсіп қалу қаупі ең соңғы турға дейін «Шахтер» мен «Атыраудың» да басына төніп тұрғаны мәлім.

Ал «Ертіс» Премьер-Лигадағы орнын сақтап қалу үшін бірінші топта 3-орынға шыққан «Қыран» командасымен 16 қараша күні Шымкентте, 20 қарашада өз алаңында қосымша кездесулер өткізеді.

*   *   *

Қасыластар қақпасына 18 гол соққан ақтөбелік шабуылшы Маркос Пиззелли биылғы чемпионаттың сұрмергені атанды.

2,3-орын иелері — Эсеола («Қайрат») — 17 гол, Марин Томасов («Астана») — 14 гол.

* * *

«Ақтөбе» өз алаңымызда 17 кездесу өткізіп, 9 ойында жеңіске жетті, 4 тең ойын нәтижесі тіркелді, 4 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 33:19 (+14). Ұпай — 31.

Сырт алаңда 16 ойын өткізіп, 4 кездесуде жеңіске жетті, 5 ойынды тең аяқтады, 7 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 18:28 (-10). Ұпай — 17.

ТУРНИРДІҢ ҚОРЫТЫНДЫ КЕСТЕСІ

Команда                  О         Ж        Т         Ұт        Д         Ұп

1.Астана                  33       24       5          4          66-22  77

2.Қайрат                  33       19       5          9          60-33  62          

3.Тобыл                  33       15       8          10       36-30  53

4.Ордабасы             33       13       7          13       38-44  46

5.Қайсар                   33       11       12       10       35-31  45

6.Жетісу                   33       11       10       12       36-40  43

7.Ақтөбе                   33       13       9          11       51-47  42

8.Шахтер                  33       8          12       13       29-36  36

9.Атырау                  33       9          9          15       33-47  36

10.Ертіс                    33       10       5          18       28-45  35

11.Қызылжар СК  33       10       5          18       27-48  35

12.Ақжайық                        33       7          9          17       31-48  30

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*«Ақтөбе» командасынан ФИФА шешімімен 6 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

* * *

Біздің мергендеріміз:

Маркос Пиззелли — 18 гол (3 доп пенальтиден соғылды);

Силва Рейналдо — 7;

Милан Радин — 4;

Асланбек Кәкімов — 3 (2);

Саша Марьянович — 3;

Бағдат Қайыров —2;

Александр Симчевич — 2;

Жамбыл Көкеев — 2;

Абат Айымбетов — 2;

Хрвое Милишевич — 2 (1);

Жан-Эд Морис — 1;

Руслан Валиуллин — 1;

Саят Жұмағали — 1.

3 допты қарсыластар өз қақпасына соғып алды: Шелдон Бато («Қайрат»), Олег Хромцов («Жетісу»), Юрий Перцух («Атырау»).

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*