Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбеде көшпелі қор көрмесі өтеді

Ақтөбеде көшпелі қор көрмесі өтеді

Сәрсенбі күні, 14 қарашада сағат 12.00-де облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі қор көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

Қор көрмесі — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының көшпелі көрме жобасының басты оқиғасы. Жоба аясында ауқымды ғылыми-білім беру және мәдени-ағарту шаралары, Ақтөбе облысы бойынша көшпелі экскурсиялар ұйымдастырылады. Елбасы кітапханасының қызметі тәжірибесінде «Жәдігерлер сөйлейді» топтамасы бойынша көшпелі дәрістер, музей сабақтары, көшпелі

экскурсиялар тәрізді мәдени-ағартушылық қызметтің ерекше түрлері белсенді қолданылып келеді. Олар жәдігерлердің мазмұнын баяндап қана қоймай, тарихи артефактілерді тікелей көруге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының

«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі өткен жылдың қараша айында Алматы қаласында басталып, биыл ақпан айында Түркістан облысында жалғасса, қыркүйек айында Атырау облысында ұйымдастырылды. Жалпы екі жылда көрмені 350 мыңнан астам адам тамашалады.

Жоба Елбасы кітапханасының жинақтарынан ұсынылған қор көрмесіне негізделген. Жинақталған, жүйеленген архивтік, кітап, жәдігерлік кешендер Тәуелсіздігіміздің тарихын, Қазақстанда Президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы бойынша бірегей зерттеу, талдау, мәдени-ағартушылық, білім беру, ақпараттық алаңды жасақтайды.

Көрме ашылатын күні, яғни 14 қарашада сағат 15.00-де С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада кітапхана, мұрағат, музей салаларының мамандары және мемлекеттік қызметшілер үшін «Елбасы кітапханасының ақпараттық ресурстары» атты өңірлік кәсіби сессия өтеді. Ал 19.00-де Өнер орталығында облыс жұртшылығына арналған ҚР Мемлекеттік Күзет қызметі президенттік оркестрінің мерекелік концерті ұйымдастырылады. Сондай-ақ 15 қараша күні, сағат 10.00-де Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өңірдің сараптау-талдамалық қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен «Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделінің негізін қалаушы» атты дөңгелек үстел өтеді.

Жоба аясында Қобда және Алға аудандарының тұрғындарына «Тұңғыш» экскурсиялық тұжырымдамасы шеңберінде «Тарихи таңдау» ғылыми-экспозициялық жобасы бойынша көшпелі экскурсиялар жоспарланған.

Сонымен қатар 16 қараша күні, сағат 9.30-да Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде Елбасының Жеке кітапханасының жинақтарынан тұратын «Әлем таныған Елбасы» атты суреттелген кітап көрмесінің ашылуы өтеді. Бұдан кейін сарапшылар қауымдастығының,  оқытушы-профессорлық құрамның, жақын және алыс шетел ғалымдарының, өңірдің белсенді жастарының қатысуымен «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Назарбаевтың стратегиясы — өңірлік дамудың драйвері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Бұл күні сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Елбасы Н.Назарбаев: өмірбаяны мен жасампаз идеялары» атты семинар-тренинг өтсе, облыстық тарихи-өлкетану музейінде облыстағы музейлік мекемелер қызметкерлері үшін «Музей саласындағы ақпараттандыру: «Музей» АЖ үшін есеп пен сақтаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша тәжірибе алмасу» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өтеді.

Көрменің барлық күндерінде Ақтөбе қаласының тұрғындары мен қонақтары шолу және тақырыптық экскурсияларды, қор көрмесін тамашалап қана қоймай, сондай-ақ Елбасы кітапханасы қызметінің бағыттарымен танысу мүмкіндігіне ие болады.

Айта кету керек, көрменің негізгі мақсаты — кітапхана жинақтары негізінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының тәуелсіз Қазақстанның тағдырындағы рөлін жүйелі түрде кеңінен көрсету.

Көрме төрт бөлімнен тұрады:

  1. Елбасы жолы.
  2. Елбасы феномені.
  3. Әлем таныған Елбасы.
  4. Елбасы мәртебесі — ел мәртебесі.

Көрме экспозициясының негізінде шолу экскурсияларынан басқа «Тарихи таңдау», «Атамекен», «Елбасы мәртебесі — ел мәртебесі» атты тақырыптық экскурсиялар жүргізіледі. Экскурсиялар түрлі санаттағы балабақша тәрбиеленушілері, оқушылар мен студенттерге арналады. Аталған көрме облыстық тарихи-өлкетану музейінде келер жылдың қаңтар айының соңына дейін жалғасады.

 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — 

Елбасы кітапханасының баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*