Басты бет » Жаңалықтар » Құқық пен міндет

Құқық пен міндет

 Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде студенттермен Елбасы Жолдауы аясында «Құқық пен міндет» атты кездесу өтті.

Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ құқықтық тәртіп — заман талабы екендігін жастарға түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған шараны Ә.Молдағұлова атындағы облыстық музейдің қызметкері Ғалымжан Байдербес өткізді.

Басқосуға облыстық прокуратура жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша консультативтік кеңестің төрағасы Мәрия Тәжібаева, Ақтөбе қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Қайсар Дидарұлы қатысты.

— Мемлекет басшысы жастарға үлкен сенім артады. Биылғы Жолдауында келер жылды Жастар жылы деп жариялауы бекер емес. Еліміздің даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші жастар екендігі белгілі. Жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Сондағы айтылған негізгі мәселе — жастарымыз жан-жақты болып өсіп, өз құқықтық міндеттерін білулері керек. Қазіргі таңда, өкінішке қарай, мектеп оқушыларының арасында да қылмыстық оқиғалар болып жатыр. Сондықтан ең маңыздысы — қоғамдық тәртіпті сақтау керек. Тәртіп болмаған жерде құқық сақталмайды, — деді Ғалымжан Байдербес.

Сондай-ақ шараға қатысқан Мәрия Тәжібаева жастарға адамгершілік қасиеттерді сақтау, еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуі жастарға да байланысты екенін атап өтті.

Ақтөбе қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Қайсар Дидарұлының айтуынша, бүгінгі таңда жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азаймай отыр. Мәселен, биыл 1836 кәмелеттік жасқа толмаған бала әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Шара соңында мамандар оқушылардың толғандырған сұрақтарына толыққанды жауап берді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*