Басты бет » Жастар » Жастар жылы  жаңа бастамаларға бастайды

Жастар жылы  жаңа бастамаларға бастайды

Сәуле БАТЫРХАНОВА,

Хромтау аудандық жастар

ресурстық орталығының басшысы

Қазір ауданымызда жастармен жұмыс жүйелі түрде іске асырылып жатыр. Аудан жастарымен жұмыс жасайтын өңірдегі жастар ресурстық орталығы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысында 11 бағытта жұмыс жасайды. Бірінші кезекте біз әлеуметтік осал топтағы жастарға көп көңіл бөлініп, барлық бағытта оларды қолдап, қоғамда өз орындарын табуға қол ұшын береміз. Сонымен қатар, аудан жастарының арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттап, кәсіпкерлікті дамыту бойынша да жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында спорттық, мәдени шараларды көптеп ұйымдастырып, сол арқылы жастардың бойына патриоттық тәрбиені сіңіруге және олардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар шаралар да жүзеге асырылды. Аудан жастарының жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етіп, ерікті жастардан құралған топтардың белсенді жұмыс жасауларына мүмкіндік беріп, оларға жағдай жасаймыз. Сондай-ақ, жастар арасында мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына көп көңіл бөлінеді. Мәселен, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылдағы жастар санының өсуіне үлес қоссақ, «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» бағдарламалары арқылы аудан жастарын еңбекке тартып, жұмыспен қамтимыз.

Елбасының кезекті Жолдауын өз басым бастан-аяқ зерделедім. Жастарды ешқашан назардан тыс қалдырмайтын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында келер жылды Жастар жылы деп жариялауы біз үшін үлкен қуаныш болды. Президентіміз осылайша жастармен тікелей жұмыс жасайтын бізге жаңа бастамалар мен міндеттерді жүктеді. Жолдауда: «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек», — делінген.

Жастар жылы — біздің ұжымды жаңа бастамаларға бастайды. Алдымызға зор міндеттер жүктелді. Енді аудан жастарымен бірге атқарар істердің күшейтіле түсері анық.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*