Басты бет » Жаңалықтар » Баспана алу үшін бастапқы жарна 10 пайызға төмендетілді!

Баспана алу үшін бастапқы жарна 10 пайызға төмендетілді!

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына пәтер сатып алу үшін қарыз беру туралы меморандумға қол қойды. Жоба аясында облыстық әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған және «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтарды қаржылай қолдау қарастырылып отыр. Яғни, меморандумға сәйкес, азаматтар аталған бағдарлама бойынша үй алу үшін бастапқы 20 пайыз жарнаның 10 пайызын өзі төлейді, қалған 10 пайызын әкімдіктен бөлінген қаражат есебінен алады.

Елбасы Н.Назарбаев биылғы Жолдауында әкімдерге тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етудің барлық тетіктерін қарастыруды айтқан болатын. «Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтар, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қолжетімділігін арттырады», — деген-ді Мемлекет басшысы. Бұл жолғы меморандумның да мақсаты осы. Облыс әкімінің айтуынша, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 90 мыңға жуық ақтөбеліктің жинақтары бар. Олардың жалпы сомасы 50 миллиард теңгеден асады.

— Мемлекет басшысының тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы тапсырмасын орындау үшін биыл 870 мың шаршы метр тұрғын үйді іске асыруымыз керек. Әзірге 580 мың шаршы метр үй берілді, жыл аяғына дейін міндетті толығымен орындаймыз. Осы мақсатта, міне, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен келісімге қол қойдық, — деді облыс әкімі.

Меморандумға сәйкес, облыстық әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін қаржылай қолдау көрсетіледі. Олар үшін жергілікті қазынадан бірінші кезеңде 250 млн теңге қаражат бөлінеді. Бұл қаржы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы бір бөлмелі пәтерлерді сатып алуда бастапқы жарнаны төмендетуге жұмсалады. Барлығы 500-дей пәтер сатылады деп жоспарланып отыр. Таза әрлеудегі тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі — 100 000-120 000 теңге. Пәтерлер аумағы — 32 және 54 шаршы метр аралығында.

— Ақтөбе облысы Президент Жолдауы аясында тұрғын үй сертификаты туралы меморандумға республикада бірінші болып қол қойып жатыр. Бұл айлығы шамамен 60 мың теңге болатын азаматтарға баспаналы болуға мүмкіндік береді. «Нұрлы жер» бағдарламасының шарттарына сәйкес, 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген заем алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотта үй бағасының 20%-на тең бастапқы жарна болуы керек. Мәселен, аумағы 45 шаршы метр болатын пәтердің бағасы шамамен 5 миллион теңге болады делік. Оны сатып алу үшін банктегі салымда бар болғаны үй құнының 10 пайызы, яғни 500 000 теңгенің болуы жеткілікті, ал бастапқы жарна үшін қажет қалған 10%-ды төлеуге әкімдік қолдау көрсетеді. Оны қарыз алушы бес жыл ішінде үстемақысыз, ай сайын 8 мың теңгедей төлеу арқылы қайтарады, —  деді банк басшысы Ләззат Ибрагимова.

Л.Ибрагимованың айтуынша, Ақтөбеде тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы бағдарламалар нәтижелі жүзеге асырылып келеді. Соның бір айғағы — Ақтөбе облысының несиелік тұрғын үйлер сату бойынша республикада көш басында тұрғандығы. «Бүгінге дейін 1770 пәтер берілген, тағы да 1400 жаңа пәтер берілмек. Бұл — үлкен көрсеткіш», — дейді банк басшысы.

Банк қызметкерлерінің айтуынша, қарыз алу туралы өтініштер 9 қарашаға  дейін Халықтық кеңсе ғимаратында қабылданады. Үміткерлерге қойылатын негізгі талап — меншігінде тұрғын үйдің болмауы және төлем қабілеттілігін растай алуы.

Қарыз алушылардың қорытынды пулы бекітілген соң әкімдік әр үміткердің Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотына бастапқы жарна үшін қаражат аударады, осыдан кейін заем ресімделіп, сатып алу-сату келісімшарты жасалады.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*