Басты бет » Жаңалықтар » Жұмыссыз жастарға жол көрсетілді

Жұмыссыз жастарға жол көрсетілді

Сәрсенбі күні Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімдігінде Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова жұмыссыз жастармен кездесу өткізіп, биылғы Жолдаудың негізгі басымдықтарын түсіндірді.

Жұмыссыз жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіріп, шағын кәсіп бастаудың қыр-сыры түсіндірілген басқосуға Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Бағжан Тілегенов, Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаева, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер қатысты.

Кездесу барысында Күлпаршын Айдарханова Жастар жылы қарсаңында ақтөбелік жастарға ерекше көңіл бөлініп, олардың өздері қалаған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуларына жасалатын мүмкіндіктер туралы айтты.

Ал жиын барысында сөз алған қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлшат Қаңтарбаева «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы жөнінде баяндама жасап, жастарға кеңінен түсінік берді. Сондай-ақ ол «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы бірқатар еңбекке құштар жастардың тұрақты жұмыспен қамтылғанын да атап өтті.

— Бүгінде бізге қызмет көрсету саласындағы мамандар жетіспейді. Әсіресе, мейрамхана, әсемдік салондарына мамандар қажет-ақ. Қоғамда заңгер, экономист мамандары көп деген пікір қалыптасқанымен, ол мамандықтарға да сұраныс жоғары. Жұмыс жасаймын деген жастарды біз әрқашан қолдауға дайынбыз, бастысы, жастар тарапынан ниет болса болғаны, — деді Г.Қаңтарбаева. Кездесу соңында жұмыспен қамту орталығы ұсынған бос жұмыс орындары бойынша, жұмысқа орналасуға тілек білдірген Ақтөбе қаласы Астана ауданының жастарына жолдамалар берілді.

Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Бағжан Тілегеновтің айтуынша, қаламыздағы Астана ауданында 72 мыңнан астам жас тұрады. Олардың 1345-і жұмыссыз жастар қатарында.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*