Басты бет » Жаңалықтар » «Монополист» базасы іске қосылды

«Монополист» базасы іске қосылды

Анық-қанық

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінде соңғы үш жылда атқарылған жұмыстарды саралау мақсатында жиын өтті.

Жиында Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында инженерлік желілерді жаңғырту бағытында атқарылған іс-шаралар айтылды.

— Бүгінде жалпы ұлттық бағдарлама бекітіліп, онда тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында бірқатар тапсырмалар берілді.

2015-2022 жылдар аралығындағы жалпы инвестициялық салымдардың мөлшері 52,3 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі күні оның тең жартысы игерілді.

Ұзақ мерзімді шекті тарифтерге көшу бағдарламасы шеңберінде департамент арқылы 16 табиғи монополия субъектісіне инвестициялық бағдарлама бекітілді, — деді Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Гүлнұр Масина.

Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста 4 базалық табиғи монополия субъектісі қызмет атқарады. Олар: «Ақбұлақ», «Трансэнерго», «Актобе ТЭЦ» акционерлік қоғамдары мен «Энергосистема» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

«Энергосистема» ЖШС директоры Марат Аманғалиевтің айтуынша, соңғы үш жылда «ПОШ», Сазды, Тұрғындар қалашығы т.б. аумақтарда қондырғы стансалары күрделі жөндеуден өткен. Тариф бағасы бес жылға бекітілген бағдарламаға сәйкес әр жылда 2,3 пайызға ғана өседі. Қазір электр қуатын тасымалдауға арналған тариф құны — 4 теңге 36 тиын.

Биылғы жылдың 1 қарашасынан бастап тарифке және тарифтік сметаларға, инвестициялық бағдарламаларға қатысты және оларға түзету енгізу туралы өтінімдердің барлығы электронды түрде ұсынылатын «Монополист» базасы іске қосылды. Бұл кез келген адамға ұсынылып жатқан өтінімдерді көріп, оларға талдау жасауға мүмкіндік береді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*