Басты бет » Жаңалықтар » Балалар теңгені бейнеледі

Балалар теңгені бейнеледі

Байқау

Ұлттық валюта — теңгенің 25 жылдығына орай ҚР Ұлттық Банкінің Ақтөбе филиалының ұйымдастыруымен «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының қолдауымен өткен «Теңге балалардың көзімен» атты сурет байқауының қорытындысы жарияланып, үздіктер марапатталды.

Аталған байқауға облыста тұратын 6-14 жас аралығындағы 100-ден астам оқушы қатысқан. Байқау барысында 6-10 және 11-14 жас аралығындағы балалар екі топқа бөлінген.

Салтанатты шарада ҚР Ұлттық Банкінің Ақтөбе филиалының директоры Перизат Әсімбетова байқауда жеңіске жеткен балаларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

  • Бүгінгі шарада, ең алдымен, байқауға қатысып, белсенділік танытқан балаларға ерекше алғысымды айтамын. Біз жыл басынан бері бірқатар іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Соның ішінде ең қызықтысы — осы байқау. Себебі бұл байқауға балалар белсенді қатысты. Сондықтан байқауда өз өнерімен топ жарған балаларды жеңісімен құттықтай отырып, дендеріңе саулық, оқуда озат болуларыңа тілектеспін, — деді ол.

Шарада байқау қорытындысы бойынша 1,2,3-орындарға ие болған балалар Алғыс хатпен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ филиал директорының атынан бір топ оқушыға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Шара барысында жас суретшілердің үздік туындыларынан жасақталған көрме ұйымдастырылып, балалар филиалдың мұражайын аралады.

Сондай-ақ өнерлі балалар шара соңында ән-биден шашу шашты.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*