Басты бет » Басты жаңалықтар » Еңбекақы көбейеді

Еңбекақы көбейеді

 

ЕҢБЕКАҚЫ 10-12 ПАЙЫЗҒА КӨБЕЙЕДІ

Рахиб АЗИЗОВ,

«Бабәк – Құрылыс» ЖШС директоры.  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы — еліміздің маңызды саяси стратегиялық құжаттарының бірі.

Биылғы Жолдауда, аты айтып тұрғандай, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, яғни тұрғындардың табыс пен тұрмыс сапасын арттыру мәселелеріне барынша көңіл бөлінді. Мемлекеттің бизнес-қауымдастыққа көрсетіп отырған қолдауын да айта кеткен жөн: биылғы Жолдауда «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының тағы бес жылға ұзартылғанын, оны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлінетінін біз, кәсіпкерлер, қуана қабылдадық. Алдағы жылдан бастап енгізілетін салық амнистиясы да кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болмақ. Мемлекеттің отандық бизнестің дамуына бағытталған қолдау шаралары да еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына оң әсер етіп отыр.

Біздің компания 2006 жылы шағын жеке кәсіпорын ретінде құрылды. Бүгінде мұнда 130 адам жұмыс істеп жатыр. Серіктестік жұмысының негізгі бағыты — Ақтөбе қаласында және аудандарда әлеуметтік-мәдени және инфрақұрылымдық нысандар, тұрғын үйлер құрылысын жүргізу. Елбасының биылғы Жолдауында жұмысшылардың жалақысын көтеру туралы айтылған болатын. Біздің компания Елбасының алдымызға қойған мақсат-міндеттерін орындау үшін бұл бастаманы толығымен қолдап отыр. Жергілікті әкімдік тарапынан да осы тақырып төңірегінде үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады.

Бүгінгі күні біздің компания жұмысшыларының ең төменгі жалақы мөлшері 50-55 мың теңгенің, ал орташа жалақы 80 мың теңгенің көлемінде болса, алдағы жылдың қаңтарынан бастап жұмысшыларымыздың тұрмыс сапасын жақсарту үшін жалақыны 10-12 пайызға арттыруды жоспарлап отырмыз. Осы бағытта серіктестіктің жауапты мамандары компанияның 2019 жылға арналған бюджетін түзету жұмыстарын бастап кетті. Бұған қоса біз кеңседегі жұмысшыларымыз бен құрылыс басындағы еңбеккерлерімізді күн сайын тегін тамақтандыру жүйесін жолға қойдық. Сондай-ақ, жұмысшыларымыз қызметтік көлікпен жүреді, мереке күндері, отбасын құру, сәбилі болу секілді отбасылық қуаныштар кезінде тұрақты сыйақылар беріліп тұрады.

Қорыта келе айтарым, «Бабәк – Құрылыс» ЖШС өз қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын арттыруға, адами капиталдың дамуына ерекше мән береді. Бұл — біздің компанияның Елбасының Жолдауында айтылған қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, тұрғындардың табыс пен тұрмыс сапасының артуы бағытында жасалып жатқан жұмыстарға қосқан үлесі.

ЖАЛАҚЫҒА 7 ПАЙЫЗ ҚОСАМЫЗ…

Біздің кәсіпорын хром рудасын, хром концентратын өндіреді. Бүгінде компанияда 840 адам жұмыс жасайды. Жұмысшыларымыздың дені жерасты кеніш-шахтасында хром рудасын өндіру, тасымалдаумен айналысады. Бүгінгі күні олардың орташа жалақысы — 300 мың теңге. 2016 жылы біз жұмысшылардың жалақысын 15 пайызға, 2018 жылы 10 пайызға өсірдік. Келер жылдан бастап мүмкіндікті ескере отырып, Елбасының тапсырмасына орай жалақыны 7 пайызға көтеруді жоспарлап отырмыз.

Елбасымыз өз Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейтіп, сондай-ақ барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын өсіру туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда біздің облысымызда жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, ірі компаниялар мен бірқатар кәсіпорындар жұмысшылардың еңбекақысын өсіруді қолға алуда.

Біз Елбасының бұл тапсырмасын орындай отырып, қарамағымыздағы жұмысшыларға жайлы жағдай жасауға, мүмкіндігінше оларға жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз. Кез келген басшы үшін жұмысшылардың тұрмыс жағдайы, денсаулығы, жұмысына деген жауапкершілігі, ынта-ықыласы өте маңызды. Сондықтан биылғы Жолдауда айтылған басым міндеттерді орындауда алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауымыз керек деп ойлаймын.

Серік ИБАТОВ,

«Восход Ориел» ЖШС директоры.

ЕҢБЕККЕРЛЕР ЖАЛАҚЫСЫН ӨСІРЕМІЗ

Ринат ІЗМҰХАНБЕТ,

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бас директоры.

«Қазақойл Ақтөбе» компаниясының басшылығы мен қызметкерлері ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауын толықтай қолдайды.

Компания адами капиталдың дамуын басты назарда ұстайды. Сондықтан, кәсіпорында жұмысшылар мен қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалған әрі олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мейлінше көңіл бөлінеді. Компанияға жоғары білікті мамандарды тарту және оларды ұстап тұру бойынша жоғары мүмкіндікті қамтамасыз ететін бәсекелестік ынталандыру, әлеуметтік кепілдіктер жүйесі құрылған. Жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы ұжымдық шарт талаптары еліміздегі басқа мұнай өндіруші компаниялармен салыстырғанда, ең тартымды саналады.

Қазіргі таңда кәсіпорында 559 адам жұмыс жасайды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны  1,5 есеге арттыруға тапсырма берді. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап өндірістік персоналға 10 пайыз және әкімшілік басқарушы персоналға 7 пайыз жалақы  көтеру жоспарланды.

Елбасының алдымызға қойған міндеттері мен тапсырмаларын орындау мақсатында біз де ел экономикасын көтеру бағытында өз үлесімізді қосуға тырысамыз.

ГАЗ ТАСЫМАЛДАУШЫ КОМПАНИЯЛАР ЖАЛАҚЫНЫ ӨСІРЕДІ

Кеше облыс әкімдігінің ғимаратында қалалық мәслихат депутаты, облыстық газ жеткізуші компаниялар қауымдастығының төрайымы Алтынай Мұқанованың төрағалығымен жиын өтті.

Оған облыстағы сұйылтылған газ тасымалдайтын 20-дан астам серіктестіктің өкілдері қатысты.

Жиында Алтынай Мұқанова Елбасының биылғы Жолдауында айтылған негізгі міндеттер туралы кеңінен әңгімелеп, серіктестік өкілдерінің қойған сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ жиында газ құю стансаларын цифрландыру, сұйылтылған газдың бағасын тұрақтандыру, келер жылдан бастап жұмысшылардың жалақысын көтеру, т.б. мәселелер қаралды.

— Облыстағы барлық газ құю бекеттері алдағы уақытта жаңа заманауи үлгіде жабдықталып, цифрландырылуы керек. Бұл, ең алдымен, тұтынушыларға, сондай-ақ компанияларға тиімді. Сонымен қатар бүгінгі басқосуда біз газ тасымалдаушы компанияларға келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшылардың жалақысын өсіру туралы ұсынысымызды жеткіздік. Серіктестік өкілдері Елбасының берген тапсырмасын қолдай отырып, Жаңа жылдан бастап еңбекақыны 15-20 пайызға өсірмек. Біз Елбасы Жолдауында айтылған барлық бастамаларды қолдаймыз. Әсіресе, жалақыны өсіру, кәсіпкерлерге қолдау көрсету сияқты басым бағыттардың маңызы зор, — дейді облыстық газ жеткізуші компаниялар қауымдастығы төрайымының орынбасары Руслан Сейілханов.

Д.ТАУАНОВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*