Басты бет » Жаңалықтар » Қарғалыдағы кездесулер

Қарғалыдағы кездесулер

Баспасөз — 2019

Әріптесім Айгүл Нүркеева екеуміз өткен аптада Ойыл, Қобда, Алға аудандарын аралап, оқырмандармен жүздескен болатынбыз. Осы аптаның басында Қарғалы ауданында болдық.

Аудан дәрігерлері цифрлық жүйеге көшеді

Облыстық басылымдарға жазылушылардың дені — мұғалімдер мен дәрігерлер екені мәлім. Сондықтан да әуелі аудандық ауруханаға бас сұғып, ондағы дәрігерлермен кездесуді жөн санадық.

Аурухана аумағына кірген адамның бірден көзіне түсетіні — тазалық. Аула да, аурухананың іші де мұнтаздай.

Бас дәрігер Берік Жаржановтың  айтуынша, аурухана 1955 жылы пайдалануға берілген. 54 кереуеттік мекемеде емдеуге қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар. Аса бір ауыр оталар болмаса, қалған емнің бәрі осында жасалады. Әрбір палатада теледидар, тоңазытқыш, ас ішетін үстел бар. Науқастар тура палатада егіледі.

Елбасы биылғы Жолдауында цифрлық жүйеге көшу керектігін баса айтқан болатын. Қарғалы аудандық ауруханасы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап, көшіп кетуге дайын отыр. Аудандағы 17 мың тұрғынның дерегі толық цифрлық жүйеге енгізілген. Бұл дәрігерлер үшін де, емделушілер үшін де өте тиімді. Енді дәрігерлер алдына келген науқастың қай кезде қандай аурумен ауырғанын, қандай ем қабылдағанын компьютерден көріп отырады. Емделуші де УЗИ-ге, не рентгенге түскен қағазын жоғалтып алса, қайта түсіп, әуре болмайды. Тек қана ЖСН-ын дәрігерге ұсынса болды, ол дерек қорынан тауып ала қояды.

Ұялы телефонына ДомаМед қосымшасын енгізіп алғандар соған қарап отырып-ақ қай күні қай дәрігердің қабылдауына кіруге болатынын қарай алады. Яғни, 1 қаңтардан бастап, ешқандай қағазбастылық болмайды. Жұмыс жеделдеп, әрбір науқас туралы дерек қоры жыл өткен сайын молығып, нақтылана түседі.

Кадр мәселесі де ретімен шешіліп жатыр екен. «Дипломмен — ауылға»  жобасымен ауданға келгендер үймен қамтамасыз етіледі. Біз дәлізде тура осы бағдарламамен келген Жадыра Жұбанышевамен кездестік.  2011 жылы ауданға келген ол үй алып, нағыз қарғалылық болып алыпты. Өз жұмысына дән риза. Сөз арасында айта кетейік, биыл аталған бағдарламамен 22 бозбала мен бойжеткен келген. Мұғалімдер мен дәрігерлер.

Аурухана аумағында жаттығу залы бар. Дәрігерлер қолдары бос уақытта сонда барып, жаттығады.

Алдын ала скрининг жүргізудің арқасында көп аурудың алдын алуға мүмкіндік бар. Өлім-жітім азайған. Екі жылдан бері ауданда балалар өлімі тіркелмеген. Былтыр 13 адамнан құрт ауруы анықталса, биыл 3-еу. Осының бәрі скринингтің арқасы. Аудан елді мекендеріндегі алты амбулатория мен 10 медпункттің де жағдайлары жақсы.

Аурухана жанындағы емхана да тап-таза екен. Қала емханаларындағыдай қырғын кезек, айқай-шу жоқ.

Бізбен кездесуге жиналған дәрігерлер басылымдарда жарияланған мақалаларға  қатысты ой-пікірлерін айтты. Газет оқитындары көрініп тұр. Біздің жаңа ғимаратқа көшкеніміз туралы да оқыпты. Қоныс құтты болсын дей отырып,  «Актюбинский вестниктің» ғасырлық мерейтойымен құттықтаған ақ халаттыларға ризашылығымызды білдіріп, сыртқа беттедік.

Өнер мектебінде

«Сен қайдан келдің?» — деген екен бір патша сарайына енген данышпанға. «Балалықтың елінен келдім…» — депті ол. Расында да, аспаннан аяғы салбырап түскен ешкім жоқ қой. Бәрі де бала болған. Сондықтан да балалар әлемі кім үшін де қызық.

Батамшадағы Өнер мектебіне кірген адамның бірден көңілі көтеріліп сала береді. Өйткені мұнда кіл талапты балдырғандарды кездестіресің. Фойеде жас суретшілер салған картиналардағы Қарғалының табиғаты еріксіз еліктіреді.  Балғын суретшілердің қылқаламы туған жерге келгенде жүрдек. Ең бастысы, шынайылық бар. Отанды сүю деген осы болса керек. Суретшілер демекші, «Дети рисует мир» атты кітапқа 18 ақтөбелік жас талапкердің салған суреттері еніпті. Ақтөбелік дегеніміздің мәнісі мынау: Бірнеше ауданның жас суретшілері Батамшада бас қосып, іріктеуден өтеді. Үздік шыққандардың еңбектері республикаға жіберіледі. Сондықтан да Батамшадағы  Өнер мектебінің атына алматылықтар да қанық екен.

Мектеп директоры Анар Құмарованың айтуынша, қазір бұнда 525 бала алты бағытта дәріс алып жатыр. Мұғалімдердің де дені — жастар. Олардың бізге қойған сұрақтары да жинақы, нақты еді. Басылым тарихы, әсіресе,  екі газеттегі балаларға арналған айдарлар кәдімгідей қызықтырады екен. Болашақта мектеппен тізе қосып жұмыс істтеуге келістік. Демек, алдағы уақытта «Ақтөбенің» «Балдырған» айдарынан қарғалылық балапандардың да есімдерін жиі кездестіретін боласыздар.

Кітапханадағы жүздесу

Аудандық орталық кітапханадағы кездесуге ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, кітапханашылар жиналыпты. Басылымдарда жарық көрген материалдар туралы жылы пікірлермен қатар, сын-ескертпелер де, ұсыныс-пікірлер де айтылды. Елбасы Жолдауында айтылған бағыт-бағдарлар, олардың  орындалуы жолында жасалып жатқан жұмыстар туралы да әңгіме айтылды.

Кітапханашылар,  әсіресе,  екі басылымда шыққан «Рухани жаңғыру» айдарымен жарық көрген киелі жерлер туралы материалдарды көрнекі құрал ретінде жиі пайдаланады екен. Тіпті кейбір дүниелерді басылымдарға сілтеме жасай отырып, өз сайттарына да орналастырыпты. Бұл, әрине, қуанышты жайт.

Кездесулерде бірнеше белсенді оқырманға  «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінің, «Адырна», «Үш таған» журналдарының бір жылға жазылу сертификаты сыйға тартылды. Ал аталған басылымдарға жазылатындар саны да көп болады деп сенеміз.

Бауыржан ӨТЕУЛИЕВ,

Қарғалы ауданы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*