Басты бет » Басты жаңалықтар » Халық қауіпсіздігі: жұмыс аудандарда жалғасып жатыр

Халық қауіпсіздігі: жұмыс аудандарда жалғасып жатыр

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аудандарда жалғасып жатыр. Төрт бағытқа бөлінген топ осы аптада Қобда, Ойыл аудандарын аралады. Жоба басталған он күннің ішінде Ақтөбе қаласы және Мұғалжар, Темір аудандары бойынша 42 мың адам қамтылып, 996 іс-шара өтті. 5 мыңнан аса тұрғынға кеңес беріліп, нақты көмек көрсетілсе, 36 адам жұмысқа орналасты, 89 еңбек шарты жасалды. Сондай-ақ 35 азаматқа материалдық көмек берілді.

Қобда ауданы

Облыстық газеттерге тегін жазылды

Дүйсенбіден бастап ақпараттық топ Қобда ауданын аралап жүр.

Діни экстремизмнен сақтандыру мақсатында жұмыс жасайтын бірінші топ жұмысты Ақырап ауылынан бастады. ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкіл-имамы, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан жұртшылықпен кездесіп, дәстүрлі діннің тарихы, отбасы құндылығы төңірегінде  әңгімелеп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Түстен кейін топ Жиренқопа ауылына барды. Бұл жерде облыстық дін істері басқармасының өкілдері  мектеп ұжымы, оқушылардың басын қосып, «Дін және қоғам» тақырыбында баяндама жасады.

— Өзге аудандармен салыстырғанда Қобдада жат ағымның жетегінде жүргендер аз.  Себебі халқының басым бөлігі орыстілді болғандықтан салт-дәстүр туралы да түсініктері терең емес. Содан болар, сауалдардың да көпшілігі жаназа туралы, бата қайыру, жерлеу рәсімі секілді ұлттық дәстүрлеріміздің төңірегінде болды. Соған қарамастан дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтану жолдары кеңінен айтылды, — дейді облыстық дін істері басқармасының бас маманы Нұрпейіс Сәрсенбаев.

Топ мүшелері Әлия, Білтабанов ауылдарын да аралады. Жалпы барлығы мыңға жуық тұрғынмен кездесу өтті.

Жобаның бірінші бағытының төртінші тобы да ауданның ауыл-аймағын аралады. Алғашқы күні Ақырап, Жиренқопа, Қызылжар ауылдарының тұрғындарымен кездесулер өтті. Барлығы бес жүзге жуық адам қамтылды.  Облыстық ішкі саясат басқармасы талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Бақыт Айдосовтың айтуынша, жұртшылық көкейлерінде жүрген барлық сұрақты іркілмей қойған.

— Ақырап, Жиренқопа, Қызылжар тұрғындарын алаңдатып отырған бір мәселе бар. Ол — көгілдір отын. Ауылдың ақсақалдары осы мәселе шешілсе, ешкім қалаға  көшпейтінін айтады. Бұған дейін бұл ауылдарда  жол мәселесі қиындық тудырса, қазір бұл проблема шешілген. Қобда мен Тұздыкөлдің арасындағы жол аяқталуға жақын. Бұған халық риза, алғыстарын айтып жатыр. Тиісті мамандар тұрғындардың сұрақтарын мұқият тыңдап, жауап берді. Газдандыруға қатысты ауданның жоспарларын айтып, алдағы жылдары бұл мәселе шешілетінін жеткізді. Қазір Ақырапта алты жүзге жуық тұрғын бар, — дейді Бақыт Айдосов.

Сондай-ақ тұрғындарға облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен аудандық «Қобда» газетіне келер жылға тегін жазылу сертификаттары табыс етілді.

21 күрделі операция жасалды

Алғашқы он күнде Мұғалжар мен Темір аудандары бойынша 4 мың ауыл тұрғыны облыстың үздік дәрігерлерінің бақылауымен медициналық тексеруден өтті, 21 күрделі хирургиялық операция жасалды. Сонымен қатар  медициналық егуден бас тартудың салдары қандай болатыны 218 отбасыға түсіндірілді. Жоба жүзеге асырылғаннан бері 236 адам оқыту семинарлары мен  тренингтерден және шеберлік-кластардан өтті. Кәсіпкерлерге айналым қаражатын толықтыруға және негізгі құралдарды сатып алуға пайыздық  субсидиялау бойынша көмек көрсетілді.  2500-ден астам тұрғын Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы, «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы», «Рухани жаңғыру» бағдарламалық құжаттарын түсіндіру бойынша кездесулерге қатысты. Кездесу барысында экспресс-сауалнамалар арқылы көпшілікті толғандыратын өзекті мәселелер анықталды.

Мұғалжар ауданы

Жат ағымға ергендер түзу жолға түсті

Бүгінгі таңда Мұғалжар ауданында  дәстүрлі емес діни ағымды ұстанатын 262 адам  бар. «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының бірінші бағытының бірінші тобы осындай бағыттың  жетегінде жүргендермен кездесті.

Ауданның Қандыағаш, Ембі қалалары мен Құмжарған, Мұғалжар, Жаңажол, Саға, Жұрын, Ақкемер ауылдарында ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Топ құрамында білім, спорт, мәдениет, жастар саясаты және дін істері басқармаларының, ҚМДБ өкілдігінің және «Аңсар» орталығының мамандарымен қатар республикалық түсіндіру тобының мүшелері болды. Олар Жем қаласында орналасқан 168/5 түзету мекемесінде арнайы есепте тұрған 25 жазасын өтеушімен жеке-жеке кездесу өткізді. ҚАЖ мекемесіндегі 157 адамға бес рет семинар ұйымдастырылды.  Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде төрт адам дәстүрлі дінге қайта оралатын болды.

Мұғалжар ауданы бойынша барлығы үш күнде 64 іс-шара өткізіліп, 2886 адам қамтылды. Оның ішінде ауыл мектептері мен колледж оқушыларына  «Зайырлылық және дін», «Кәмелет жасына толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу», «Жас санасын жаулаған теріс ағым» және тағы басқа  тақырыптарда семинарлар, психологиялық-тренингтер мен  шеберлік сағаттары  ұйымдастырылды. Аталған шаралар барысында 358 адам қамтылды.

«Дін және қоғам» тақырыбында Қандыағаш қаласының 200 тұрғынының және Ембі қаласындағы әскерилендірілген теміржол күзетінің 25 қызметкерінің қатысуымен  ҚР Президентінің қазандағы Жолдауы, 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы түсіндірілді.

Сондай-ақ кешкі бесін намазы уақытында ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері облыстық өкіл имам Төлеби Оспан мен республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Юнус Асга «Дін тазалығы» тақырыбында уағыз айтты.

Ал жобаның бірінші бағытының  екінші, яғни бизнес ортаны дамыту бағытындағы топ мүшелері Қандыағаш, Ембі қалалары мен Қаракөл ауылын аралады. Барлығы 569 адамның қатысуымен 21 шара өткізді. «Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті  дамытудың 2017-2021  жылдарға арналған бағдарламасы», «Еңбек», «Бизнестің жол картасы — 2020», «Игілік», «Кәсіпкер», «Іскер», «Агротехника», «Сыбаға» секілді мемлекеттік бағдарламалар кеңінен айтылды. Барлығы 232 адамға ақпарат беріліп, 230 парақша таратылды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі де жоқ емес. «Сарбасов» жеке кәсіпкерлігінің иесі 28 миллион, ал «Ешпаев» жеке шаруашылығының басшысы 40 миллион теңге көлемінде несие алды. Бұдан бөлек субсидия, яғни өзге де бағыт бойынша қаржылай көмекке ие болған кәсіпкерлер бар.

Ауданға барған үшінші топ мүшелері әлеуметтік проблемаларды шешуге күш салды. Барлығы 739 адам қатысқан 30 шара өткізді. Оның ішінде 75 адам нақты көмек алды. Әсіресе, ауыл жұртшылығы дәрігерлердің қабылдауына топ-топ болып келді. 335 адам дәрігерге қаралса,  оның ішінде 155 бала бар. Он балаға аудандық ауруханаға жолдама берілді. Тұрғындарға стоматологиялық көмек көрсетілді. Мамандар скандинавиялық жүрістің пайдасын түсіндірді. Қалай жүру керектігін үйретті. Мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалмады. Бір мүгедек жанға гигиеналық құралдар берілді.

Сондай-ақ әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың отбастарына көмек берілді. Мәселен, тұрғындар Азиза Бақытқали мен Жанат Асабаеваның отбасы мүшелерінің құжаттары реттеліп, әлеуметтік көмек алуға дайындық жасалды.

Қайырымдылық акциясы аясында 7 отбасыға 21 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Әр отбасына үш мың теңгеге азық-түлік пакеті берілді.

Жобаның төртінші бағыты бойынша 753 адамды қамтыған 9 іс-шара өтті. Негізінен Елбасы Жолдауы мен медициналық сақтандыру бойынша ақпараттық жұмыс жүргізілді.

Темір ауданы

Жұмысқа тұрды, кәсіптік оқуға жіберілді

Жобаның бірінші бағытының бірінші тобындағы мамандардың негізгі мақсаты —  жұртшылықты жат ағымдардан сақтандыру.

Темір ауданының Шұбарқұдық, Шұбарши, Саркөл, Кеңқияқ, Шұбарқұдық кәсіпшілігі, Кеңестуы, Алтықарасу ауылдары мен Темір қаласын аралаған ақпараттық топ жат ағымдардың зиянын түсіндірді. Үш күнде дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылармен кездесу өтті.  Оның ішінде 103 жеке қабылдау жүргізілді.  Нәтижесінде  7 адамды  дәстүрлі дінге әкелуге болатыны анықталып,  6 адам түзу жолға түсті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, Шұбарқұдық локомотив депосында 49 дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушы бар.  Үш күнде осы мекемеде «Дәлелді дұрыс түсіну»  тақырыбында сауат ашу семинары өткізілді.

Жобаның екінші жұмыс тобы Шұбарқұдық, Ақсай, Қопа, Кеңқияқ ауылдарын аралады. Мамандар жұртшылыққа бизнесті қалай ашуға болатыны жөнінде семинарлар ұйымдастырды. Мәселен, топ мүшесі Айгерім Алғарқызы өткізген «Сұлулық сән индустриясы» тақырыбындағы шеберлік сағатына қатысқан жастар, жеке кәсіпкерлер сән индустриясы  бағытында қызмет көрсету саласын қалай дамыту қажеттігі жөніндегі сауалдарына жауап алды. Егіс алқаптарын цифрландыру және Minagro.kz порталына электрондық карталарды енгізу туралы ақпараттар кеңінен айтылды. Сондай-ақ ауыл шаруалары мемлекеттік бағдарламалар және субсидиялар туралы толық мәлімет алды. Кейбір қожалықтарға сол жерде нақты көмек көрсетілді. Мәселен, «Елхан» шаруа қожалығына «Қазагроқаржы» АҚ арқылы ауылшаруашылық техникасына инвестициялық субсидия берілді. Құны —  1,7 миллион теңге. Үш шаруа қожалығына  тұқымдық түрлендіру және жайылымдарды суландыру бойынша субсидия алуға қажетті электрондық карта дайындауға методикалық көмек көрсетілді. Ақсай және Қопа ауылдық округтерінің 5 тұрғыны да көптен шешілмей жүрген проблемасының шешімін тапты.

Жобаның әлеуметтік сала бойынша үшінші тобын облыстың еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Жолмұрат Жұбаназаров бастап барды. Бірінші күні Ақсай ауылдық округін, екінші күні Қайыңды ауылдық округін аралады. Топ мүшелері округ бойынша аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, мүгедектер және жұмыссыз азаматтардың проблемасын тыңдап, оны шешудің жолын көрсетті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, зейнетақы реформасының өзгерістері мен толықтыруларын түсіндірді. Мүгедектік тағайындалған 34 адамға кеңес беріліп, оның ішінде оңалту бағдарламасы негізінде 4 мүгедек гигиеналық құралдармен қамтылды. Жағдайы төмен 49 отбасының 11-і  шартты ақшалай көмек алуы үшін отбасы мүшелерінің құжаттары рәсімделіп, тиісті орындарға жолданды.  Ал тұрақты жұмысы жоқ 27 адам кәсіптік оқуға жіберілді. Сондай-ақ 13 адам жұмысқа жолдама алып, 4 адам қысқа мерзімді курсқа баратын болды.

«Жақыныңа көмектес» акциясы аясында Ақсай, Қайыңды, Шұбарқұдық ауылдық округі бойынша барлығы 22 отбасына 405 200 теңге көлеміндегі қаржыға көмек көрсетілді.

— Бұл жоба әсіресе шалғайдағы ауыл халқы үшін тиімді болып отыр. Көпшілік көкейлерінде жүрген сұрақты маманға тікелей қойып, сол жерде жауабын алады. Бұның өзі ауыл азаматтары үшін үлкен мүмкіндік. Көмек алған тұрғындар ризашылығын білдіріп жатыр, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мәди Жақсылықұлы.

Ауданды аралаған төртінші топтың мүшелері ақпараттық бағытта жұмыс жүргізді. Мәселен, «Рухани жаңғыру» негізінде ұлттық құндылығымызды қалыптастырудағы «Қазақтану» жобасының орны» тақырыбында білім беру саласының қызметкелері мен оқушылардың арасында кездесу өтті. Облыстық, аудандық газеттерге тегін жазылу үшін 24 сертификат берілді.

Жобаның екінші бағыты, яғни құқық қорғау саласы бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауданды аралаған қызметкерлер қарапайым тұрғындардан бөлек, мұнай өндіретін ірі компаниялардың жұмысшыларымен кездесті. Қоғамдық қауіпсіздік, ел тыныштығы, терроризмнен сақтану шаралары төңірегінде кеңес берілді. Мәселен, Шығырлы, Қопа, Кеңқияқ ауылдарын аралау кезінде барлығы мыңнан аса тұрғын қамтылды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*